Ғылым жолы – сара жол
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қаратаев Төреғали Қаратайұлы 1934 жылы 8 мамырда Ақтөбе облысы, бұрынғы Қарабұтақ қазіргі Әйтеке би ауданының Аққұм ауылында (ағайдың өз сөзімен айтсақ) ақ боранда дауылдата жарық дүниенің есігін ашқан. Жастай ата-анасынан айырылса да, тағдырдың талай теперішін көрсе де, өмір атты асау толқынның ырқына көнбеген, қиындығына мойымаған, білім мен ғылымға деген құштарлық пен еліме адал еңбек етсем деген ізгі ниет, ақ тілекпен, азаматтық парызым өтесем деген жастықтың жалынымен қайраттанған жас Төреғали ауылдағы орта мектепті бітірген соң, 1949 жылы Ақтөбе педагогика училищесіне келіп оқуға түседі. Училищені озат тәмамдаған соң, ҚазМУ-ға оқуға түседі. 1953-1958 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білім алып, табысты бітіргеннен кейін, ұстаздық еңбек жолын Алматы облысы, Шамалған ауылында бірер жыл мұғалім болудан бастайды. 1959-1962 жылдары Алматы қаласындағы республикалық оқу-педагогикалық «Мектеп» баспасының редакторлық қызмет атқарады. 1962 жылдан бастап осы университеттің КПСС тарихы, саяси тарих, Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында еңбек етіп, студенттерге дәріс берді. Мәскеу мен Ташкенттегі білім көтеру институттарында оқып, кәсіби біліктілігін арттырып, ұстаздық шеберлігін шыңдады.
1974 жылы Қазақстандағы жұмысшы жастардың мәселесіне қатысты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Өзінің ғылыми және ұстаздық жолын университетте ассисент болудан бастап, білікті ұстаз оқытушы, аға оқытушы, доцент дәрежелеріне ие болды. Отандық тарих ғылымына және ғылым қоғамдық өмірдің сан алуан саласына сіңірген еңбегі ел тарапынан елеусіз қалған жоқ, 1995 жылы ЖАК профессоры атағын берді. 20-дан астам үлкенді-кішілі кітап-кітапшалардың, 200-ге жуық мақалалардың авторы. Саяси тарих тақырыбына жазылған «Жүз жылдың ақ-қарасы» атты еңбегі өткен ғасырдағы саяси сахнадағы болған маңызды оқиғаларды талқылайды және қоғам қайраткерлерінің тұлғалық келбетін сараптап, зерделейді. «Тарихтағы аттас тұлғалар» атты туындысында тарихтағы аттас тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын салыстыра отырып, олардың тұлға ретіндегі орнына анықтама беріп, саралайды. Сонымен қатар Төреғали Қаратайұлы – әдебиет әлеміне де жақын жүретін ақынжандылығы бар тұлға. Өлең жанрына қалам тартумен қоса, ғалым ұстаз халқымыздың асыл қазынасы – көне сөздерді және халық арасында сирек қолданылатын сөздерді – сөз маржанын қойын кітапшасына теріп жазып жүреді. Төреғали ағайдың да бұл қойын кітапшасы қызыл түсті. Қорғауға алынған табиғат тамашаларын, сирек кездесетін әртүрлі тірі, өлі табиғат түрлері енетін «Қызыл кітаппен» түстес болуында да өзіндік бір ерекше сыр бар секілді. Қариясы бардың қазынасы бар деп, ұлы халқымыз текке айтпаған ғой, Төреғали ағай да – өзінің тағылымды жолымен шәкірттер мен әріптестерінің, жақындарының жүрегіне жол тауып, айналасына ізгіліктің дәнін сеуіп жүрген парасатты жанның бірі.
2004 жылы «Кешеден келдім бүгінге» деген тарихи танымдық, өмірбаяндық кітабы жарық көрді. Тарих факультетінде үш арнайы курс, бір жалпы курс, шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінде бір жалпы курс оқып келеді. Ол ҚазУҰ-дың тарих, журналистика, биология, жағрафия, химия факультеттерінде Қазақстан тарихынан, КПСС тарихынан дәрістер оқыған. Университеттің парткомына мүше болған. Кафедраның партия ұйымын басқарған. Диссертациялық кеңеске мүше болған. Оның жетекшілігімен бірнеше кандидаттық және магистрлік диссертациялар қорғалған. Көп жылдар Қазақ радиосы мен телевизиясында халықаралық хабарлар жүргізген. «Лениншіл жас (қазіргі «Жас алаш») газетінде саяси шолушы ретінде көптеген мақалалар жариялаған. Мақалалары «Ақтөбе» энциклопедиялық жинағына, «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» (11том) деген анықтамалық жинақтарға енген.
Профессор Т.Қ. Қаратаев «Еңбек ардагері», «Жеңістің 60 жылдығы», «Жеңістің 65 жылдығы», «Батыр шапағаты Бауыржан Момышұлы», «Әлия Молдағұлова», «10 жыл Астана», «Ғылым мен білімге қосқан үлесі үшін» (Евразия университеті), «Жоғары мектептегі үздік еңбегі үшін» (1984ж.), «Қазақстан білімінің құрметті қызметкері» деген медаль, төсбелгінің иегері. Өзі туған ауданының (Ақтөбе обл., Әйтеке би ауданы) құрметті азаматы.
Келер ұрпаққа берер тәлімі мол өнегелі ұстаз жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында бүгінгі күнге дейін шәкірттерге талмай білім беріп, дәріс оқып келеді. Төреғали ағай! Өмір мен ғылымда мол табыстарға қол жеткізіп, сексеннің сеңгіріне үлкен сәттілікпен қадам бастыңыз. Тоқсаныңыз тұғырлы болып, жүз жасыңызда жүзіңіз жарқын, әрқашанда өміріңіз шуақты, деніңіз қуатты болсын, отбасыңызда шаттық пен береке орнасын!
А.К.Бегалиева, Р.Т.Наралиева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушылары