Біліктілік бастауы – білім ордасы(ҚазҰУ-дың 80 жылдығына)
Технология кеңістігінде өмір сүретін жеке тұлғаның жоғары оқу орнынан алатын мамандығының деңгейі білімділігімен емес, біліктілігімен өлшенетін уақыт жетті. Біліктілік – парасаттылық пайымы. Осы парасаттылықты бойына қалыптастыра білген жас маманды оқытудың тиімді әдістерін оқу ордасы өзіндік амалдарымен қолдана білуі тиіс. Біздің университетіміз бұл салада қаншама тиімді ұстанымдарды қалыптастырып келе жатқаны көпшілікке мәлім. Соның бірі – университет студенттері оқуға міндетті «100 кітап» жобасы. Мәселенің бәрі бірауыз сөз – оқуда тұр. Оқу мен оқытудың ара салмағын ажырату да осыдан басталады. Өйткені әдебиетті шәкіртке оқыту үдерісімен білдіруді мектеп қабырғасынан бастап айнымас қағидаға айналдырған ұстаздар қауымына ой салған да ұлттық университет болып табылады. Мектеп М.Әуезовтің «Абай жолының» бір кітабын да оқымаған балаға сол эпопеяның аясындағы образдарды жік-жікке бөліп оқытады. Жағымдысын бір бөлек, жағымсызын бір бөлек екшеп алады да, бар білгенін оқушыға айтып тауысады. Содан соң басқа автордың басқа шығармасына ауысады. Оның шығармасын да оқымаған шәкірт мұғалімнің оқытуымен шектеледі. Мұғалімде кінә жоқ. Өзі оқыған көркем шығарманы ештеңеге түсінбей отырған оқушысына жан-тәнімен «түсіндіргенінен» ләззат алады. Оқушыда да кінә жоқ. Қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқитын 10-шы мен 11-ші сыныптарында бірыңғай тестілеудің «ыңғайында» жүреді. Қазақ ұлттық университеті осындай түйткілді мәселенің шешімін бір ғана пән — қазақ тілі мен әдебиеті пәнін барлық мамандықтың барлық бөліміне енгізу арқылы шешіп берді. Әсіресе, жаратылыстану факультеттерінің студенттері ерекше қызығушылық танытты. Қызығушылықты сақтап тұру үшін әр оқытушының алдында көркем шығарма мен көркем тілдің құдіреттілігін мойындату міндеті туындады. Студент – оқушы емес, саналы азаматтық жолындағы тұлға. Таңдап әрі талғап оқи алады. Сондықтан жазушының елең еткізер оқшау ойлары мен оңаша тіл оралымдарын ерекшелеп ұсыну арқылы оқуға деген қызығушылықтарын оятуға тура келеді. Сол шығарманы толық оқып шығуға ұмтылады. Пенде үзілгеннің өзінде қан қалады тәнде. Үзілетін – дем. Дем – жан… Бедеу қатын толғаққа қызығып қарар, бірақ қорқа қояр ма екен?.. Осы себепті де ел үстінде әңгір таяқ ойнатып, елдің өңменіне бесатар кезену еміп отырған үрпіні шайнағанмен бірдей… (Асқар Сүлейменов). Ханның алдында қалтырап тұратын дәстүрдің бетіне түкіріп, қасқайып шыққан ер Сырым… Бөкейдің баласы Жәңгір орыс ішінде жүріп шоқынып келген көрінеді. Теріс қарап жазылған кітап оқиды дейді… (Зейнолла Шүкіров). Темір пештің ішінде сөніп бара жатқан қызыл шоқтар көзін қысып, күлге оранып,ақырын ғана ұйқыға кетіп барады… Біз көгендеген қозыға ұқсап, мұрынды тарта түсіп, Әйтілес үйінде надан молдадан надандық оқып отырмыз…(Ғ.Мүсірепов) секілді үлгідегі тосын ойларды студенттің өзі көркем шығарма мазмұнынан сұрыптап, ортаға салуға машықтанады. Сонымен қатар, студенттің кітап оқуға құмарлығы көркем шығарманың тіліне қатысты талдаулар арқылы арта түседі… Әсіресе, шығарма тіліндегі кемшін тұстарды ерекшелеу тұсында белсенділік танытады. Мұның әкесі болса сұрапыл соғыста жүр. Хат-хабар да жоқ…Өлі-тірісі мәлімсіз… Тым-тым шығандағы ұшқан тырнаның үні тұрмақ, кәнтөжін қылған «керман» соғысының арқасында адам атаулының ащы даусы мен тұщы тілін естімес мылқау кепке түскен… (Асқар Алтай) тәрізді мысалдардағы асты сызылған сөздердің орынсыз қолданылғанын үлгі есебінде ұсынсақ, мазмұннан гөрі көркемдікке назар аударылады. Университет ұсынып, міндеттеген 100 кітап аясында студенттің рухани тұрғыдан біліктілік танытатынына оқытушы тарапынан жауапкершіліті арттыру да білім ордасының басты назарында.
Қайсар Қадырқұлов, ф.ғ.к.,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті мемлекеттік тіл кафедрасының доценті,
Бисенбаев А.Қ., ҚазҰУ-дың аға оқытушысы