Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры
„Ұстаздық еткен жалықпас үйретуге балаға”, — деп ұлы Абай бұдан екі ғасырдай бұрын айтқан екен. Ұстаздық туралы бүгін де аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ ұстаздық туралы Абай негіздеген ұғымның тереңіне бойлаған, ұстаздық еңбегін Абай ұстанымына лайықты деңгейде атқарып жүрген жандардың шоғыры көп емес. Балаға үйрететін білімнің мазмұнын анықтай алмай, балаға оқытатын оқулықты түзей алмай жүрген жағдайда ұстаздық етіп жүрген жандарға Абайдың ұстанымына сай талап қою артық болуы мүмкін. Соған қарамастан, мына жағдайды есте ұстау шарт: мұндай талапты ұстаздық етіп жүрген жан өзіне өзі қоюы шарт. Ұстаздық еткен жанның балаға үйретуге жалықпауы Абайдың, қоғамның талабы болып қалмай, ұстаздық етуші әр адамның өзінің өзіне қоятын талабына, өзінің өмірлік ұстанымына, тұлғалық тұрғысына, кісілік болмысына айналуы қажет. Олай болмаған жағдайда ұстаздықтан қасиет кетеді, ұстаздық істен қасиет кететін болса, адам баласы надан болып өседі, жұрттың бәрі аларман болады, ар ойламай, пайда ойлайды, құлқынның құлы болады. Бұдан сақтану керек. Сақтанғанда, алдымен, бүгінде көз алдымызда балаға үйретуден жалықпай ұстаздық етіп жүрген ұстаздардың жақсылығын айтуымыз парыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде небір тамаша ұстаздар қызмет етті. Солардың алдынан дәріс алдық. Бәрі болмаса да, сол ұстаздарымыздың көбі тағылымды, ғибратты, білімді, өнегелі, ұлағатты жандар еді. Студенттерге арналған оқулықтарды да өздері жазып, өздері оқытатын. Сондай ұстаздардың бірі — филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы.
Берікбай Сағындықұлы оқитын дәрістер қазақ тілінің, түркі тілдерінің тарихына қатысты болғандықтан да қиын, күрделі. Студенттердің араларынан ең мықты, алғырлары ғана Берікбай Сағындықұлы оқитын пәндері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына тақырыптар алып, диплом, диссертациялық жұмыстар жазады. Ұстаз кейде оларға ренжіп: „Жеңіл тақырып алып, жаза салсам деп ойлайды. Ғылым жолы қиын, инемен құдық қазғандай екенін біле тұрып, диссертация қорғап, ғылыми дәреже алсам болды, ғалым болып шығамын дейді. Ғылыми дәреженің әлі оның ғалым екендігін дәлелдеп бермейтіндігін қайдан білсін”, — дейді.
Түркологияда әлемге танымал ғалым Эмир Наджиптің жетекшілігімен 1977 жылы „XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы” тақырыбында кандидаттық диссертацисын, одан кейін докторлық жұмысын қорғады. Елу жылға жуық тек бір ғана түркология саласында ғылыми зерттеулер жүргізумен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарып келеді. Көне түркі ескерткіштерін зерттеу оңай емес. Оларды зерттеуді айтпағанда, оқып, түсінудің өзі қиын. Оған екінің бірі тәуекел ете аомайды. Сол себепті бұл салада іргелі зерттеу жүргізе алатын ғалымдар саусақпен санарлық. Біздің көз алдымызда көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқада оқи алатын жалғыз ғалым — Берікбай Сағындықұлы. Берікбай ағайдың түркология саласында кез келген тақырыпта өзінің ғылыми көзқарасын айта білетін және оны дәйекті тұжырымдармен негіздей алатын дара ғалым екендігіне оның көптеген ғылыми зерттеулері, монографиялары дәлел болады.
Ұстаз барынша кішіпейіл, үлкенге де, кішіге де құрмет көрсетеді. Кафедрадағы әріптестеріне де сыйлы. Жаңа кітабы шыға қалса, оны жарнамаламай-ақ, мақтанбай-ақ, кафедраның кітап сөресіне әкеліп қояды.
Ғалымның зерттеу саласы есепсіз терең білімді, шығармашылқ кемел ойлауды, ерен еңбекті талап етеді. Ғалам осындай қиындығы мол саланың өзінде ірі нәтижелерге қол жеткізді. Сондай нәтижелердің бірі түркі тіліндегі дыбыстардың түптегін анықтаумен байланысты. Мысалы, сөз басындағы й~дж~тü~дü~ч~дз~з~с сәйкестігінің тегі (архитипі) туралы түркологтар жүз жыл бойы әр түрлі болжамдар айтқанымен, олардың бірде-біреуі сәйкестіктің түптегін таба алмады. Берікбай Сағындықұлы осы мәселені зерттеумен ұзақ жылдар бойы арнайы шұғылданды. Ақыры ешкім сырын аша алмай келген қиын мәселенің мәнін ашты. „Жиырма екі жыл үздіксіз ізденгенде барып осы сәйкестіктің түптегі (архитипі) табылып, соңғы нүкте қойылды. Қазір түркі тіліндегі барлық дауыстылардың да, дауыссыздардың да түптегі айқындалып отыр. Тіпті тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде жіңішке дауыстылар мен ұяң дауыссыздардың мүлдем болмағандығы мәлім болды”, — дейді ғалым. Ғылыми жаңалыққа көлденең көз сияқты қарап отырғанмен, соның бәрін анықтаған да, ашқан да Берікбай Сағындықұлының өзі. Ағайдың түркологияда ашқан жаңалықтары тек осылармен шектелмейді, оларға қоса әлем тілдерінің түбі бір екендігін, түркі тілдері мен үндіеуропа тілдері арасындағы сабақтастықты математикалық жолмен дәл, нақты, қолға ұстатқандай анықтап берді.
Профессор Берікбай Сағындықұлы тек түрколог-ғалым емес, сонымен қатар терең білімді теолог-ғалым. Ағайдың өзін танып-білмей тұрып, ол кісінің „Ғаламның ғажайып сырлары” атты еңбегін оқыдым. Ол кез — 90-жылдар. Дін туралы, мұсылманшылық жайында көпшілік қауымға түсінікті тілмен жазылған, өзім қызығып оқыған алғашқы кітап еді. Түркологиядан, қазақ филологиясынан хабары жоқ миллиондаған қазақ жұртшылығы Берікбай ағайды осы еңбегі арқылы танып, діни сауатын ашып, ізгілікті жолға түсуіне ықпал етті десем, артық айтпаған шығармын. Ағайдың студенттермен факультетте, олардың жатақханаларында діни экстремизм мен мұсылман дінінің әр түрлі ағымдары жайлы өткізген дәрістерінің мазмұны да терең. Ол дәрістерді шәкірттер ықыласпен тыңдап, өздерін толғандырып жүрген мәселелері бойынша тиянақты мәліметтер алады.
„Шәкіртсіз ұстаз тұл”, — дейді халық даналығы. Берікбай Сағындықұлының ғылыми жолын жалғастыратын шәкірттері аз емес. Ұстаздың алдына қойған мақсаттарының бірі — көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқада оқитын шәкірттер дайындау. Алдына мұндай үлкен мақсат қойған және сол мақсатына жету жолында ерінбей-жалықпай еңбек етіп келе жатқан, еңбегінің игілігін елі көріп келе жатқан Берікбай Сағындықұлы сияқты ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалымды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен басқа жоғары оқу орындарынан кездестіру қиын. Осыны білетін шәкірттері де, әріптестері де ғұлама ұстазды зор құрмет тұтады, ғылыми және ұстаздық қызметінде үлкен жетістікте жетуіне тілектестігін білдіреді.
Сәуле Жусанбаева,
қазақ филологиясы кафедрасының доценті