ФИЛОЛОГИЯ ІЛІМІНЕ ІЛКІ КӨЗҚАРАС
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойы аясында қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен «ХХI ғасырдағы филология ғылымы: мәселелері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми форум өтті. Жаһандану дәуіріндегі әлемдік филология ілімінің өзекті мәселелері, ұлттық әдебиеттану және тіл білімі саласындағы жаңашыл ізденістер, ғылыми аспектілер, әдеби-мәдени мұраға жаңаша көзқарас мәселелері бүгінгі күн тұрғысынан сараланып, жиынға қатысушы ғалымдар тарапынан қызу талқыға түсті. Әсіресе, ұлттық әдебиеттану ғылымының бағыт-бағдары, әдебиет тарихындағы ақтаңдақтар, Абай ілімін зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері, мәтінтану теориясы жан-жақты сөз болып, бүгінгі таңда атқарылып жатқан кешенді зерттеулердің концепциялары талданды. Ауқымы кең форумның аясында тіл білімінің үшінші мыңжылдықтар тоғысындағы санқатпарлы зерттеулер бағыты да баяндамашылар назарынан тыс қалған жоқ. Ғылыми жиынды филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Қансейіт Әбдезұлы кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.
– Мұндай алқалы жиынның дер шағында өтіп отырғанын қолдаймын. Әдебиет тарихын зерделеуде еуроцентристік көзқарастарға көбірек сүйенгеніміз жасырын емес. Тағы бір назарда ұстайтын жайт, әдебиеттегі көкейкесті мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыратын, саралайтын мезгіл жетті. Кезінде көптеген кітаптар кеңестік идеология үстемдік еткен кезде жазылды. Қазір ұлттық мүдде тұрғысынан ойлайтын, рухани деңгейді бағамдай алатын азаматтарға сөз өнерінің болашақ ұрпақты тәрбиелеуде орасан зор маңыз атқаратынын, адамның жан-жақты қалыптасуы үшін өлшеусіз орны бар екенін дәлелдеу артық. Ендеше, бүгінгі күн тұрғысынан, яғни жаһандану жағдайындағы сөз өнерін, қаламгерлердің шығармашылық-көркемдік әлемін саралауда, жан-жақты жүйелеп қарастыруда ұлт әдебиеттанушыларының, зерттеушілерінің, әдебиетшілерінің алда атқарар міндеттері көп екені белгілі, – деп түйіндеді тұжырымын академик Тұрсынбек Кәкішұлы.
Абай институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев өз сөзінде Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын оқыту мен зерттеуді әдебиеттану, тіл білімі, мәдениеттану, тарих, педагогика, юриспруденция, философия, әлеуметтану, саясаттану және т.б. ғылым салаларымен бірлікте, тұтастықта, кешенді түрде қарастырып, оның теориялық және әдістемелік негіздерін жасауды қолға алып жатқанын, сондай-ақ, қазақ әдебиеті тарихының көкейтесті мәселелерін ақынның эстетикалық-философиялық, рухани-адамгершілік көзқарастары тұрғысынан саралау мен салмақтаудың қажеттігін, алдағы уақытта да Абай ілімін жаңаша тану мен танытудың тың концепциялары түзіліп, толықтырылып, зерттеудің жалғаса беретінін жеткізді.
Ал журналистика факультетінің деканы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы баяндамасында ХХ ғасыр бас кезіндегі тарихи-әлеуметтік жағдай және әдебиетте тәуелсіздік идеясының негізгі ұстанымға айналынуының алғышарттары мен тәуелсіздік идеясын бейнелеудегі көркемдік ізденістерге тоқтала келіп, өткен ғасыр басындағы қазақ романдарындағы тәуелсіздік идеясының көрініс табуын қарастыру әдебиетімізде бар дәстүрлердің дамуы мен жаңашылдықтың негіздерін тануға, кейінгі әдебиеттің өркендеуінің түрлі реңктерін айқындауға, бұрынғы-кейінгі әдебиеттің жетістіктерін зерделеуге мүмкіндік туғызатынын тұжырымдаса, келесі кезекте сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Есембеков мәтін теориясы және әдеби компаративистика, әдеби шығарманы филологиялық талдау үдерісіне баса назар аударып, осы салада атқарылар істердің бағыт-бағдарын айқындауға мән берді.
Университеттің мерейлі мерейтойы қарсаңында өткен ғалымдар бас қосуында талай тұщымды пікір айтылып, бірігіп атқарылар істердің бағыт-бағдары айқындалды. Тағылымды тұжырымдар мен жаңашыл көзқарастар тоғысқан ғылыми жиынның түйінді мәселелері таяуда жеке жинақ болып жарық көрмек.
Форум жұмысына Т.Кәкішұлы, Қ.Әбдезұлы, Ж.Дәдебаев, Ж. Тілепов, Т.Есембеков, Ө.Әбдиманұлы, Н.Ақыш, С.Сәкен, А.Темірболат, Қ.Қарабаева, Қ.Айсұлтанова, т.б. отандық ғалымдармен бірге Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры С.А.Кибальник және т.б. қатысты.
А.Асқарова, Ш. Шортанбаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің оқытушылары