Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев. АБАЙ — ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ

І.

Қазақ халқының ұлы ақыны, ақыл-ойшы ұлы кемеңгері Құнанбайұлы Абайдың туғанына осы жыл август айында жүз жыл толады.
Абай тар заманда «соқтықпалы соқпақсыз жерде», халықтың игілікті ісіне қарсы топпен жалғыз алысып, халқының көшін жаңа жолға-мәдениет, өнер-білім жолына бастады. Халқының тарихын өзгертіп, жаңғырту жолында қажымай еңбек етті.
Абай қазақ елінің дәл бүгінгідей, ерікті, берекелі, бірлікті, күшті, мәдениетті, бай, бақытты ел болуын көкседі.


Берекелі болса ел,
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды, соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден,
Өзгеше боп өсер төл,-

деп тіледі.

Абай қазақтың әрбір ұлы, қызының еркі, бостандығы үшін, ой-санасын жетілдіру, ержеткізу үшін күресті. Оларды халқын сүюге, халқы үшін, адам баласы үшін қызмет етуге шақырды, адамгершілікке баулыды.

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Осыны біл. Талап қыл, өнер, кәсіп ізде.
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызығып, оған да ерме,
Жүрегіне сүңгі де, түбін кез де,
Бұдан тапқан шын асыл тастай көрме, —
деп ақыл айтып, қайрап, жігерлендірді.

Абай қазақтың жаңа әдебиетін — мағынасы терең, тілі орамды, өрнегі шебер, кестесі көркем әдебиетін — жасады. Шын мағынасында өлең өнерін жасады. «Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген сертіне жетті.
Абай халқына «іші алтын, сырты күміс» өлең қазынасын, мәңгі өлместей асыл сөз қазынасын қалдырды. Ол — қазақ халқының Абай тұсындағы тұрмыс суреті, дүние тануы, мінез-құлқы, зар-мұңы, тілек-арманы. Ол — жапа көрген, көп шыдамдылықпен жақсы болашаққа сенген ер халықтың бейнесі.
Абай өз халқын мейлінше сүйді. Сол өз халқын сүю арқылы, онымен тілек-арманы, тарихи тағдыры бір халықтарды сүйді. Халқына үлгі боларлық, жәрдем қолын созарлық ұлы орыс халқының мәдениетін, өнерін сүйді.
Абай — халқының шын ұлы. Ол өмір бойы халқының қайғы-шерін жазып, мерейін көтеру жолында қызмет етті. Абай халқына тек өз тұсында ғана қызмет етіп қойған жоқ, ол өзінің жарқын бейнесімен, асыл сөздерімен бүгін де қызмет етіп отыр.
Абай — қазақ халқының ұлы классик ақыны, үлкен ойшылы, зор әлеумет қайраткері. Сол үшін оны халқымыз сүйеді де, құрмет етеді, оның атын мақтан етеді. Сондықтан оның туғанына жүз жыл толған күнді еліміз зор мереке етіп өткізеді.

ІІ

Абай он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында жасады. Ол осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1845-жылы туған.
Абайдың заманында қазақ даласында екі түрлі қоғамдық қарым-қатынас бар еді: ол — капиталистік, бектік-феодалдық қалып болатын. Қазақ бұқарасының басында осы екеуінен туған екі түрлі ауыр азап, екі түрлі қанау, қысым бар еді. Оның бірі отаршылдық қанау еді де, екіншісі бектік-феодалдық қанау еді.
Ресей патшалығының қазақ даласын түрлі жақтан отарлауы он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында мейлінше күшейді. Қазақ халқының өз ұлт бостандығы жолындағы 40-50 жылға созылған ерлік-қаһармандық күресін патша үкіметі осы қарсаңда басып, жеңіп аяқтатқан-ды.
Енді қазақ жайында түрлі жоба, ереже шығарып, әуелі сұлтан, аға сұлтан тәртібін орнатты, кейін сұлтан, аға сұлтан тәртібін жойып, болыс, старшин, сайлау-штат тәртібін орнатты, би сайлау тәртібін шығарды.
Міне, осының бәрі қазақ арасында ру партиягершілігімен талас-егесті, дау-жанжалды, парақорлық, талан-таражды, зорлық-зомбылықты күшейтті. Қазақ бұқарасының малы жауға, басы дауға түсті. Осы халды үкімет қуаттап, әдейі өршітіп отырды.
Мұның үстіне осы кезде қазақ арасында алым-салық көбейді. Түтін салығы, мал салығы, жер салығы, жан салығы, шөп салығы, су салығы шықты. Кімде-кім салығын төлей алмаса, кезінде төлемесе, одан айып, өсім алынады. Бұл алым-салықтарды, айып-өсімдерді болыс, старшин, ауылнайлар өз пайдасын көксей отырып, еселеп өндірді.
Осымен қатар, патша үкіметі қазақтың жерін тартып алуды күшейтті. Қазақ халқын тау-тасқа, шөл далаға айдап салды. Ол жерлерді де, 1824-жылы шыққан уақытша ереже бойынша, қазақ көшпелілеріне қоғам болып пайдалануға берілді деп жариялады. Ең жақсы, ең шұрайлы жерлерді тартып алып, помещиктерге, чиновниктерге үлестірді.
Ал қазақ көшпелілеріне қоғам болып пайдалануға берілген жерлердің көбі шынжыр балақ, шұбар төс байлардың, би, болыстардың, ру басылардың қолында болды. Қазақтың кедейлері, жарлы-жақбайлары тілім жерге зар болды. Олар жатақ болып қалалы жерлерде малайлық істеді.
Абай заманында қазақ арасында бұрынғы ру-ақсақалдық, бектік-феодалдық қалыптың қалдықтары да әлі күшті еді. Ол елдің еңсесін түсіріп тұрған, оны ілгері бастырмай тұрған жағдайдың бірі еді.
Өйткені осы ру басылар, ақсақалдар, би-төрелер, қожа-молдалар халықтың қалың бұқарасын түрлі жолмен қанайтын еді.
Мініп-түсетін көлік беріп, сауын беріп, ас-су, киім-кешек беріп жұмсап, арзан бағаға қызмет істетіп езді. Тағы бір тобы әдет-ғұрып заңын, дін салтын пайдаланып, қызмет істетіп езді. Бай-феодалдар, алып-сатар, сәудегерлер кедейлерді, жарлы-жақбайларды несиеге, өсімге мал, ақша беріп, ортақ-серікке жер, тұқым, көлік, сайман беріп, қанаушы еді.
Осымен қатар, ел ішінде ынта-жігерсіздік, жалқаулық, құр сандалып, күн кешушілік көп еді. Ел ішінде қараңғылық, дін салты, қожа-молданың ықпалы да күшті болды. Ислам діні, оның түрлі парыз-шарттары, қожа- молдалары: иман, тағдыр деп, жақсылық та, жамандық та, бай болмақ та, кедей болмақ та — бәрі де құдайдан деп, халықтың ой-санасын тұмшалап, тұмылдырықтап, қайрат-жігерін, ынта-талабын байлап-матап ұстайтын. Адамның ілгері талабына, ізденуіне жол бермейтін.
Қазақ арасындағы бұл ру-ақсақалдық, бектік-феодалдық қалыптың қалдықтары патша үкіметіне іздегенге сұраған болып табылды. Патша үкіметі оны қуаттап, нығайта түсті, өзінің отаршылдық мүддесі үшін пайдаланды.
Сонымен, Абайдың заманында қазақ даласында екі түрлі шаруашылық-әлеуметтік қалып, қарым-қатынас ұштасып жатты: бірі күннен-күнге әлсіреп, құрып бара жатқан бектік-феодалдық қалыптың қалдығы, екіншісі күннен-күнге өсіп, күш алып келе жатқан жаңа, капиталистік қарым-қатынас еді. Осы екеуінің тоғысуы қазақ даласында шаруашылық, әлеуметтік қайшылықтардың айқын көрінуіне себеп болды.
Міне, Абай — өзінің осы заманын, оның осы өзгешелігін, шым-шытырық қайшылықты екенін жақсы ұққан ақын.

ІІІ

Абай он жасына дейін ауылда өсіп, елдегі молдадан оқыды. Он жасына келгенде, оны әкесі Семей қаласына әкеліп, медресеге оқуға береді. Онда оқу, әрине, ескіше, ылғый дін сабақтары. Соның көбін араб, парсы тілінде оқыйды.
Абай медреседе үш жыл оқыйды. Өзімен бірге оқыған үлкен, кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәріс ретінде оқытылатын сабақтарды ұғып, білу Абайға анағұрлым оңай, көп уақытын да алмаған.
Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен, өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп тімтінуге салынады. Өз бетімен оқыйтын кітаптары — арап, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдегі жазылған ертегі, қыса сыяқты әдебиет мұралары.
Абай оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастайды. Арап, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден сүйіп, таңдап оқыған ірі ақындары болады. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай бәйіттерін (жырларын) жаттап жүреді.
Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз арап, парсы тілі деп біліп, Абай да алғашқы өлеңдерін арап, парсы тілдермен Фзули, Сағдише айтады.
Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта, Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» түсіп, орысша да оқый бастады. Бірақ мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Басы-аяғы үш-ақ аймен бітеді. Мұсылманша оқуы да доғарылады.
13 жасқа толғанда әкесі Абайды оқудан шығарып әкетеді. Ел билеу жұмысында өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баулый бастайды.
Өзінің дене қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық сыяқты өнерінің барлығын еріксіз осы жолға салады. Ел кісісімен араласқанда, сөз керек, тапқырлық керек. Кезеңді жерге келгенде айла да керек, ашу да керек. Әрбір көлденең келген істің тұсында өзгелер не деп сөйлейді, не істейді? Бұрынғы жақсы адамдар не айтып не істегең? Өз әкесі қайтеді? Оған қарсы адамдар не тілейді? Осының бәрін Абай ел сөзіне кірісе бастаған соң-ақ тесіле қарап, толық ұғынып, жете білуге тырысады.
Абай жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі сөзі, ескі жол- жобасы, мәтел, тақпақ, ескі биліктеріне елдің маңдай кісілерімен қатар түсінетіндей білім алды. Халықтың қоғамдық тіршілігіндегі қайшылықтарды, ауыр шындықтарды да содан ұғатын болды.
Қаладағы оқудан Шығыс ақындарын сүюді ала келген Абайға енді бір тәрбиеші, ұстаз қазақтың халық қазынасы болды. Бұл жөніндегі азық, білімді ол тағы да халықтан шыққан көпшілікктен алады. Ол әңгімелердің, жырлардың көбіндегі ел зары, ел сыны, жуан әкімдер зорлығы, қыздың мұңы сияқтыны көп естіп өседі.
Осындай мұраларды сүю Абайдың негізгі іргесін қатал билер арасында қалдырмай, халық мүддесіне жақын етіп жүреді. Билер, әміршілер ортасын ел көзімен көріп, қыянаттарын танып, қатты сынап, жиреніп өсуге себеп болды.
Енді сол ортаның залалды мінездерімен алысып, еліне тым құрыса сонысымен пайдалы азамат болғысы келді.
Сонымен, 28 жасқа келгенде Абайдың үстінен берілген партия жалақорлардың өтірік арызы, көп шағымы Семейдің кеңселеріне түсе бастады.
Абай осындай 12 үлкен іспен тергеліп, Семей қаласынан 3-4 айға шыға алмай жатады. Осы кезде оның орысша жағынан ізденуі басталады. Бірақ алғашқы жылдардағы оқуы үнемі салынып ізденген іс емес. Қалада болған уақытта оқта-текте қарастырады.
Жасы отыздан асқан соң, орыс тілін мықтап оқыйды. Қалада жатып, едәуір тіл білген соң, енді көп нәрлі кітаптар оқуға кіріседі. Содан бері аз жыл өткенде, Абайдың күндегі өмірінде үлкен орынды тек кітаптар алатын болды. Пәлен жақсы, түген жазушы дегендердің сөздеріне құмарланып, қадала оқый береді.
Абай 1880-жылдарда Петербурдан айдалып келген революцияшыл-халықшыл Михаэлис деген кісімен таныс болады. Сол арқылы 80-жылдарда айдалған басқа халықшылармен де танысады. Соның ішінде халықшыл адывокат Гросс, жас доктор Долгополов сыяқтылар болды.
Олар патша үкіметі Сібірге, Қазақстанға жер аударған революцияшылдар болатын. Қазақстанның батыс жағына Шевченко айдалып келгенде, Омбы сыяқты қалаға, орыс халқының атақты жазушысы Ф.М. Достоевский бастаған талай игі-жақсылар келген. Бұлардың ішінде Буташевич-Петрашевскийдің өзі, Дуров сыяқты ірі адамдар болған. Революцияшыл-демократтардан Чернышевскийдің талай серіктері болып еді. Абаймен жақындасып, достасқан Михаэлис, Долгополовтар осы соңғы топтан шыққан адамдар болатын.
Ұлы орыс халқының осылар сыяқты адал, халықшыл ұлдарының бәрінің жүрегінде патшалық дегенде өштік пен жиреніш аса күшті еді.
Сонымен қатар олар, Сібірде, Қазақстанда патшалық езіп жүрген барлық бұратана елдерге де үлкен достықпен, зор бауырмалдылықпен қараушы еді. Патшалықпен алысқанда Ресейдегі езілген, бұратана халықтар мен орыс халқын бір-біріне дос етіп, күштерін біріктіру шарт дейтін. Қазақ даласын қараңғылықта ұстап, орыс халқымен жаулықта ұстауға тырысқан, орыс мәдениетінен жырақтатып ұстаған саясатқа да қарсы алысқан.
Сондықтан орыс халқының шын адал және ұлы өкілі болған, патшалықтан жиренумен өткен ой-алыптары Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Достоевский, Чернышевскийлермен Сібір, Қазақстан халықтарын таныс етеді. Ол халықтардан шыққан ел қамқоры, саналы азаматтардың бәрін жаңағы жазушылардың еңбектерңмен таныс ету айдаудағы революцияшыл демократтардың саяси үлкен жолының бірі болады.
Бұлардың арасында Абайға алдымен әсер еткен кісі — Михаэлис. Оның істеген еңбегі көп болғандықтан, Абай кейінгі уақыттарда: «Дүниеге көзімді ашқан кісі — Михаэлис», — деп, алғашқы басшылық істеп, бет нұсқағандығы үшін өмір бойы алғыс айтып кеткен.
Михаэлистің өзінің тексерген саласы табиғат ғылымы болса да (жердің жаратылысын оқыған), әр тарау жолдардан мағлұматы болған мәдениетті адам, Абайға қандай кітапты оқу туралы шынымен үлкен бағыт берген.
Бұрын қолына түскеннің бәрін талғаусыз оқып жүрген Абай, ендігі оқуын Михаэлистің ұсынуы бойынша, үлкен тәртіпті ретке қойып, көркем әдебиет, сын, философия, табиғат ғылымдары , әлеумет жайында кітаптарға шейін тарау-тараумен, жоспармен оқыйтын болған.
Сонымен, 1884-1885 жылдары Абай дүниеден көп мағлұматы бар кісі болады. Әрнәрсе туралы ғылым-философияға сүйенген арнаулы көзқарасы, сыны бар, әншейін ел кісілерінен сонағұрлым қырағы, озғын кісі болып, жекеленіп шыға бастайды.
Абай, өз айтуынша, отыздың ішінен бастап, Европа оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта: «Бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгеріп, Күн шығысым — Күн батыс, Күн батысым Күн шығыс болып кетті», — дейді. Ол енді бұрынғы күнге үйлескісі келмей, заманынан, ортасынан озып шығып, ұстаз, ақын, данышпан болуға айналған Абай болады.

IV

Абай қазақтың ірі феодал табынан шыққан. Оның өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскенбай, үшінші атасы Ырғызбай¬ — бұлардың барлығы да ірі феодал болған, ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Әсіресе, Абайдың туған әкесі Құнанбай — өз дәуірінің феодалдық табының айқын өкілі.
Бірақ Абай өзінің ісінде болсын, өлең-жырларында болсын өзі шыққан таптың сөзін сөйлемейді, халық сөзін сөйлейді, тап намысын жоқтамайды, халық намысын жоқтайды: атаның ұлы болмайды, адамның ұлы болады.
Күн шығыс пен Күн батысты жете біліп, заман ағымын әбден аңғарып, жол азығын мол етіп алған Абай халықтың хал-жайын, мұң-зарын жете ұқты. Ол ақын жөнінде айтқан сөзінде:

Қыранша қарап Қырымға
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,
Шыйыршық атар, толғанар.
Әделет пен ақылға,
Сынатып, көрген, білгенін,
Білдірер алыс,жақынға,
Солардың сөйле дегенін, —

деп құлашын кең сермейді.
Шаруашылық жағынан, мәдениеттен, өнер-білімнен кенжелеп, артта қалған ел жұрты бар. Қыс жұтымен, жаз індетімен аралас ел шаруасының құтын, елдің елдік берекесін қашырып тұрған қырсық жағдайлар бар.
Бұл жағдайлардың бір жағы өз әкесі тобында — жуандар, атқамінерлер, қулар тобында — жатыр. Бұлар барымта, шабуыл, жесір дауы, жер дауы, бақталас сыяқты әлек-лаңдарды қоздырып әкеліп, қалың ел ортасына пәле қылып тастайды. Сол арқылы момын, еңбекші, есесіз көпті жейді, тонайды, қанайды. Өздері надан, өздері ел тағдыры, халық қамы дегенді ойламайтын дүлей қараңғы. Олар бастаған ел көшінің барар беті — қараңғы, екіталай тығырық.
Абай ел ісіне араласқанда өз әкесі мен әке досы, әке тобының халық басына, ақынның өз басына қалдырған ауыртпалығы оған зәрдей болды. Абай сол зәрді іше жүре, әделетсіздікті, қиянатты таныды. Жуандар, Құнанбайлар ортасы ел қамы емес, ел сорына біткен озбырлар, қыянатшылар
ортасы екенін таныды.
Осыдай кейін Абай әкесіндей бар жуан тобынан торығып, жеріп, іргесін бөлек салып, басқа жол іздеу хажет деп табады. Барлық ақыл-ойын, күш-қуатын осы топты, осы ортаны мінеп, шенеп, оның құнсыздығын ашуға
жұмсайды.

Өз сөзінен басқа сөз ұқпайтын
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Бір күн жыртың стеді, бір күн бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қыйқым
Мінекей бузған жоқ па елдің сыйқын, —

деп кейіді.
Абай жуандар тобына қарсы шығумен, олардың мінін сынаумен қатар
ел арасындағы барлық ескілік сарқынына қарсы болды. Әйел жөніндегі, тәлім-тәрбие жөніндегі ескі көзқарасқа, ескі салтқа, дау-шарды шешудің ескіден келе жатқан жөн-жосығына, өтірік-өсек, жалқаулық, еріншектік сияқты мінездерге, надандыққа, надан молдаларға — бәріне қарсы шықты, бәрін шенеп, мінеді.
Абай жаңағыдай өз талабын алға қойып шықан кезде, ел сорына біткен
жуандар, қулар тобымен қатар, бүкіл қазақ даласында штат-партия таластарынан туған алыс-жұлыс та өте көп еді.
Патшалықтың парақор ұлық, жандарал, ояз, начальниктеріне, адвокат,
чиновник, тілмаштарына табынған атқамінерлер қоғамдық тірлікті ылайлаған, неше алуан мін мен дертке толы еді. Ол патшаның отаршылдық
саясатынан туған күй болатын. Патшалықтың ел ішіндегі өкілі, әкімі, сүйеніші бай, жаннан шыққан болыс, би, елу басылар еді.
Неше алуан ауыртпалық орнағанда қалың бұқараның, момын еңбек елінің басына орнайтын. Болыс сайлауының ылаңымен, патшалықтың алым-
салығы парақор жеміт, болыс, бидің қара шығыны — барлығы байға мол түспей, «түңлік басы» деп, жоқ, жітікке, жарлы-жақпайға түсетін.

Жалаңқая, жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп…
… Жүз қараға екі жүз аларман бар,
Бас қатар бас-аяғын тексерем деп…-

дейтін сөздер осыдан туатын.
Жуандар тобы сияқты би, болыстар тобы да, шірік топ, шірік орта еді.
Елдің қамын ойламай, өз құлқынын ойлайтын, елдің сорына біткен топ еді.
Мұны Абай айқын аңғарды. Сөйтіп, ол, әке тобынан түңілгені, жерігені сияқты, бұл топтан да түңіліп, жеріді, әке тобын шенеп, мінегені сыяқты, бұл топты да шенеп, мінейді. Абайдың «Күлембайға», «Болыс болдым мінекей», «Мәз болады болысың» деген және тағы басқа өлеңдері осы би, болысты сынап, мазақтап, солардың құнсыздығын әшкерелеуге арналған.
Ақынның бұл өлеңдерінің тағы бір саяси зор мәні болды. Абай би, болысты жексұрын, жаман етіп көрсету арқылы, патша үкметін, патша үкметінің отаршылдық саясатын сынады. Жұртқа патша үкметін де жексұрын етіп көрсетті.
Бұл ретте Абай орыс халқының ұлы жазушылары Салтыков-Щедриннің, Гогольдің әдісін қолданды деуге болады. Олар да өз тұстарындағы түрлі чиновниктердің, үкмет адамдарының жаман қылығын, оңбағандығын, құнсыздығын көрсетіп, сынап, сол арқылы жұртқа патша үкметінің өзін құбыжық етіп көрсететін. Патша үкметінің саясатын сынайтын еді.
Сөйтіп, Абай жуандар тобынан жеріп, бөлініп шығып, момын шаруаны, еңбекші елді, есесіз көпті тапты, соның тілеуін тіледі. Абай бір сөзінде:
«Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді кәдірлеймін деп ойладым… Болыс пен биді құрметтейін десең, құдай берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ… Жә, кімді сүйдің, кімнің тілеуін тіледің? Енді, әлбетте, момындығынан, «ырыс баққан дау бақпас» деген мақалменен болам деп, бергенімен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын шаруаны алмасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды, содан басқаны таба алмадым», — дейді.
Ал, момын шаруа, халық әлгі айтқан екі бірдей қанауда: ұлт-отарлық қанау мен бектік-феодалдық қанауда жаншылып, жапа көріп жатыр. Осыны көріп ақын:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың…
… Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды түнде ұйкың, –

деп зарлады.
Осымен қатар, Абай қалық бұқараның басындағы бұл күйдің ақыр бір күн арылатынын, бұл екі бірдей қанаудың ақыр бір күн жойылатынын аңғарды:

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек, –

дейді. Ол Болашақтан зор үміт күтті, жарқын, шат, бақытты өмір күтті, сол болады деп сенді.
Сондай-ақ, Абай орыс халқының ішіндегі қаналған қалың бұқара мен қазақ ішіндегі еңбек елінің тарихи тағдыры, ой-тілегі бір екенін аңғарды. Және осы аңғарғанын халыққа аңғартуды өзіне борыш-міндет санады.
Қараңғыда қармалған елге жөн сілтейтін, ел мұңын өз мұңы етіп, ел тарихын жаңғырытып, өзгертетін ер, азамат керек. Абай мұны да жақсы білді.
Абайдың даналығы осы көрсетілген жағдайлардың бәрін дұрыс байқап, айқын аңғаруында. Соған қарай халыққа төте жол сілтеуінде. Ол жол – көш бетін Шығыстан Батысқа қарай бұру, Батыстың мәдениетіне, өнер-біліміне жетілу, сөйтіп, шаруашылық, мәдениет жөнінен жаңа жолмен даму еді.
Осы ретпен Абай шығармаларында, өз тұстастары Шоқан, Ыбрай сияқты боп еңбекті, өнер-білімді, адамгершілікті дәріптеді. Халықты еңбек етуге, өнер-білім үйренуге, адамгершілік жолға түсуге шақырады.
«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашпақ керек. Ол: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші залымдық деп білесің. Надандық – білім, ғылымның жоқтығы; дүниеден ешрәрсені оларсыз біліп болмайды, білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – дүниедегі күллі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны: адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады…
Ғылым үйрен. Орыстың ғылымын үйрен. «Орыстың өнер, ғылымы — дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі», — деп насихаттады.
Абай заманында орысты, Батысты жат көретін, дұшпан деп білетін ұғым, салт бар еді. Абай осы салтты мансұқ етті. Ол орыстың, батыстың мәдениетін, өнер-білімін сөзде емес, істе насихаттады. Орыс халқының ұлы классик ақындары Пушкиннің, Лермонтовтың асыл мұраларын қазақ тіліне аударып, халыққа үлгі қылып ұсынды. Қазақ жастарын Толстой шығармаларынан, Салтыков-Щедриннен үлгі ал деп үгіттеді. Анау орыс, мынау жат деп тұрмай, әр халықтың, бүкіл адам баласының жақсысынан үлгі алу, өнегелі ісін, өнер-ғылымын үйрену керек. Үлгілі, өнегелі кісі — адам баласы. Адам баласының бір-біріне жаттығы жоқ. Әкенің баласы — дұшпаның, адамның баласы — бауырың. «Адам заттың бәрін сүй бауырым деп», — деді. Осылай ол интернационалшыл болды.
Халқының бетін Шығыстан Батысқа бұру, оны Батыс жолымен дамуға бастау, Батыстың, орыс халқының мәдениетін, өнер-білімін үйренуге, адам баласын бауыр көруге үгіттеу жағынан Абай өзінің тек қазақ замандастарынан ғана үздік, алда болған жоқ, сондай-ақ қазақ сияқты елдердің көбіндегі замандастарынан да үздік болды. Жақын Шығыста Абай тусындағы ақын-жазушылардың, оқымысты ғалымдардың бірде бірі өз хлқын Европа мәдениетіне Абайдай үндеген жоқ.

V

Абай өлеңмен, ақындық өнерімен қырық жасқа келген кезінде, 1886 жылдан бергі жерде, шындап айналысады. Бұған дейін ол өлеңді тиіп-қашып, анда-санда жазатын болады және жазған өлеңдерін «Көкбай айтқан өлең» деп жүргізеді.
Бұл кезде Абай сыртқы өмір жеміссіз, ажарсыз, мағынасыз деп ұғады. Бірақ оған ақынның ішінде толып жатқан қарсылық бар. Халық туралы ойына жиналған улы зар, үлкен мұң, қалың арман бар. Осының бәрін Халыққа, талапты жастарға жеткізіп берерлік нәрсе ақындық, өлең болады.
Абайға ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек болып табылады. Ол ескілік, надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты жағдайлармен, атқа мінерлер, би, болыстар мінезмен мықтап тұрып алысуға кіріскен. Өзінің ой-пікірін, жолын түсіндіруге кіріскен еңбегі — Абайды кейінгі буынға және сол кездегі қалың елге, көпшілікке, саналы жастарға нағыз қадірлі Абай етіп көрсететін еңбегі — ол ақындықты сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Сондықтан Абайдың бұл қарсаңдағы өлеңдері, көбінесе, зұлымдық, надандықпен кектене алысу, мін атаулыны көзге шұқып, басқа сабап айту, өзінің елге айтқан зары, өсиеті болып келеді.
Сонымен, Абай 1886-жылдан 1889-жылға дейін, өзі жазғаны бар, орысшадан аударғаны бар, көп өлең жазады. Дәл 1889 жыл Абайдың барлық ақындық қызметінің ішіндегі ең өнімді, ең жемісті жылы болады. Және оның бұл кездегі өлеңдері тек өсиет болып келмей, сонымен қатар махаббат жайында, табиғат суреттері, ән-күй туралы, өзінің бас-қайғысы, ішкі сыры туралы болады.
Абайдың қай өлеңі, қай кезде жазған өлеңі болсын шешен тілді, көркем суретті, терең мағыналы келеді. Ол өлеңді ермек деп, думан-сауық құралы деп білмейді, өнер деп, халықты тәрбиелейтін құрал деп біледі. Сондықтан ол өлеңнің пікірі, мағынасы қандай терең болса, түрі, көркі сондай сұлу болсын, өлеңнің «ішін алтын, сырты күміс болсын; ол қыйыннан қиыстырылсын, сөз арасы бөтен сөзбен былғанбасын, жүрекке жылы, тілге жеңіл боласын деді.
Бұл Абайдың өзінше өлең заңы, өлең қыйсыны еді. Абай өзінің өлеңдерін осы заңға сай келтіріп, өзі айтқандай етіп жазды. Өзінен бұрынғы ауызша, жазба әдебиеттің жалпы қорын пайдалана отырып, өз өлеңдерін жаңа мазмұнды, жаңа түрлі етіп жазды. Сөйтіп, ол қазақтың әдебиет тілін, әдебиетін жаңа бағытқа салды. Ақынның: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», — дейтіні осыдан.
Осы кезден бастап, Абайдың білім мен өсиетіне құмар болған, ел ішінің пікірі ашық жастарына Абай ауылы үлкен білгіштің медресесі сияқты болды. Абай ұстаз да, мұның алдына келген, сөз ұғатын талапты жастардың бәрі – шәкірт. Абай іні, бала, ағайындарына, дос-жастарына мағыналы тәрбиеші бола бастайды.
Елдің сөз ұғатын жастарын жаңа жолмен өзі қиял қылған өнер-білімге, жаңа сапалы адамгершілікке қарай жетектеп, баулығысы келеді. Бұларға өз өмірінің өкініштерін, ауыртпалықтарын да көп айтады. Ескі үлгіде қалма. Өзгерген заманның жаңа түрлі басшысы болуға әзірлен дейді. Сондықтан өлең сөздерінде бір айтса, ауызша өсиет, мәжілістерімен тағы да баулып, ылғый ғана сол атаған жаңа жолына қарай бастайды. Абай жалғыз сөз өсиетіне қанағат қылмай, жанағы жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, көбіне музыка үйретпекші болады.
Әрине, бұл уақыттарда Абай терең, даналықпен толғайтын ақынның өзі болатын. Сыртқы өмірдің у қосып тартып жатқан сыбағасы бар. Өз ішінде қалыптанып, толған сыншы – ақылдың, мұны табынан ұзатып әкететін жалғыздығы бар. Оның үстіне, жанына сүйеніш санап, тіршілігіне жубаныш қылған сүйікті жандарының өлімі бар. Осының бәрі жыйналған соң, бар сотқармен алысып жүрсе де, Абай өлеңді өз жүрегінің тынысы сияқты қылып алған. Сондықтан Лермонтовтай ақындардың өлеңдерін қазақша аударса, сол сөздерді құр ғана сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығын да өз жүрегіне түсінікті, өз халқына жанасатын, өз қиялына дәл келетін, ерекше жақындығы болғандықтан аударады. Өзі шығаратын өлеңдермен қатар аудармалар ақынның өз жүрегінен толқып шыққан қайғылы щердің де айнасы, толас тынысы сияқты болады.
Бұл уақытта Абай жалғыз өз өсиетін айтпай, Шығыс пен Батыстағы өзі таныс болған бұрын-соңды данышпан, ғалым, ақын, жазушы атаулының бәрінен мысал келтіріп отырады. Ұдайы ойшылдыққа салына бермей, көркемдік тәрбиені де көп ойлайды.
Осы ретпен өзі оқыған қызықты, шебер романдардың көбін де өз тілі, өз аудармасымен әсем әңгіме қылып айтып береді. Абай мектебінен тараған осындайлық соны әңгімелердің ішінде өз уақытына жаңа болған «Мың бір түн», «Шаһнама», «Бақтажар», «Ләйлi-Мәжнүн», «Көрұғлы Сұлтан» сияқтылардан басқа Европаның да талай романдары болған. Абайдың айтқанынан тараған А. Дюманың «Үш мушкетері», «Он жылдан соң», «Король қатын Марго», Пушкин әңгімелері және Батыс Европада орта ғасырда инквизиция сотының заманын суреттейтін «Қызыл сақал» деген роман, одан соң америка, Африкада жабайылар ортасында күн кешкен «Жаһанкездер» жайындағы романдар да көп айтылатын болған.
Абай тәрбиесінің тағы бір ерекшелігі — ол өзін «шығыс адам едім», мұсылман едім» деп, дін тұсауына бағындырмаған. Жастарға үлгі, тәлім етіп айтқанда, өлеңінде орыс халқының ұлы жазушылары — Толстой, Салтыков-Щедринді ұсынған сияқты, ауызша өсиетте де Сократ хаким, Аристотель сыяқтыларды қоса айтады. Ұлттық тар көлемде қалмайды.
Өзінің тәрбиесінде болған жас ақындарға әңгімелі поэмалар жазуға тақырыптар бергенде, құлашты тіпті кең жаяды. Көкбай сыяқтыларға қазақ тарихының ескілігін баяндайтын тақырыптар берсе, Мағауияға патшалықпен алысқан Шамилдің жайын поэма еткізеді. Және сол Мағауияға «Медғат- Қасым» деген поэмада Африкадағы плантатор бай мен намысқор ер құлдың алысқанын дастан еткізеді. Ақылбайға Кавказдағы «Дағыстан» жөнінен, Африкадағы «Зұлыстар» жайынан поэма жазғызады.
Абай айналасында өлең айтып, ән саламын деген әнші, ақын болса, қыз-келіншек, жас-кәрі болса — барлығының да топта, ойын-тойда айтатын жырларының көбі Абайдың сөздері еді.
Абайдың нәрлі еңбегін айтқанда, ылғый ақындығын сөз қылып қоймай, осымен қатар, одан қалған мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар, әншілік (композиторлық) еңбегін де атау керек. Абай өзі жақсы жомбырашы болған. Қазақтың ескі ән-күйін жете білген, барынша сүйген. Елдің ән-күйін елти сүйіп айтқан:

Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең , менше сүй, —

деген өлеңдері бұған дәлел.
Абай ән-күйге талай-талай сұлу мағыналы жырларын арнайды. Ол — музыкаға ақын боп қосқан үні. Сонымен қатар Абай музыканың өзіне әнші болып та ат салысады. Абайдан қалған 16-17 ән бар. Бұлардың көбі — өзі жазған жаңа уәзін, жаңа ұйқас, жаңа түрлі өлеңдеріне арналған әндер.
Абайдың осы әншілік еңбектерінде де, ақындық еңбегі сыяқты өзіне тиісті үлкен, жаңа өзгешеліктер бар. Ол әнде де бұрынғы әннен өзгерек түрлер шығарды. Бұл да өзінше жаңа жол табам деп, нық ізденудің нәтижесі еді.
Кейін жылдан-жыл өткен сайын қазақ сахарасына өлең өсиеті, үгіті тарап, қалың елге, әсіресе, еңбек еліне қәдірі артып бара жатқан Абай, патшалықтың болыс, ұлықтарын шенеп, жерлеуші Абай жайлы кісі, жақсы кісі болып саналмайды. Сондықтан оны қудалай береді.
Абайдың өзі бұдан бұрын да, өмірден қажып, талып, ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді. Соның үстіне, ең жақсы көрген баласы Мағауия өлген соң, Абай бір алуан ауруға айналды. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады: ешкіммен сөйлеспейді; ешнәрсемен өзін жұбатпайды; ауруын емшіге көрсетпейді. Мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен 1904 жылғы 23 июньде өзі туған сахарасында қайтыс болады. Ақынның сүйегі өз қорасы тұрған Жидебайға қойылады.

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма ,ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, —

деген ақыннның өз өлеңін өзіне айтуға болады. Абай халқының асыл азаматы болғандықтан мәңгі өлмейді. Біздің барлық жұртшылығымыз, советтік социалистік отанымыз қадір тұтқанда, сондай өлмес, өшпес қасиеті бар Абайды қадірлейді.

Әуезов М., Кенжебаев Б. Абай –қазақтың ұлы ақыны // Социалистік Қазақстан. – 1945 жылғы 15 май №94 (2859)

Дайындаған Аманбек Інкәр,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
студенті

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники