Отыз бірінші сөз
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану[1] керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек: төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.
[1] Үлгі