Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Асқар Егеубаев. АДАМШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫ — АР, АҚЫЛ

(Абайдың туғанына 150 жыл толуы алдында)

228779_1148843519_336_Egeubaev_Askar

Асқар Егеубаев

Абайдың ұлылығын ұққыңыз келсе, ел ішіне, ағайын арасына барыңыз: ақын атанын. ұлағатты ойы, сөзі, ісі исі қазақтың қанына сіңіп кеткен. Қарияның көкірегін-де, жаңаөспірім көкөрімінің аузында маржандай тәгіліп ақын ата ақылы жүр.

Абайдың даналығын танығьщыз келсе, арғы-бергі баспасөзді, әдебиеттерді, оқулықтарды ашыңыз: мақал-мәтелдері, қанатты сездері, қасиетті шығармалары шығады. Қазақтың қалам ұстаған азаматы Абай бабасынсыз ауыз ашпаған екен-ау! Абайсыз көз ашпаған екен-ау!

Абайдың қадыр-қасиетін, ақыл-қайратын білгіңіз келсе, өзініздін, балалық шағыңызға оралыңыз: Абай атасынсыз көз ашқан қазақ бар ма, ондай қазақ қазак болып қала алды ма!? Сонау Сауыр-Сайқанның бір қиырында қара танымайтын әжеміз ыңылдап «Сегіз аяқты» айтқанда өзі бұлғаңдаған, жылмаңдаған сұрқия біреу елестеп бірде жырқ-жырқ күліп, бірде тіксініп үрпиіп қалушы едік-ау. Сол бес-алты жас шамасында естігеніміз Абай екен-ау! Одан бұрынырақ та талай-талай сөзі құлақтан кіріп бойға тараған болар. Қазақ баласы Абай бабасын кітаптан да, әліппеден де бұрын тіл шығып, тісемей тұрып бесіктен, қара шаңырақ төрінен тыңдап өскеніне күмән жоқ. Күмәндансаңыз, Абай сөзін алғаш қалай, қайда естігеніңізді еске түсіріп байқаңызшы… Абайды сонда табасыз, сонда тани түсесіз. Абайға сонда табынасыз. Тіл киесі, даналық иесі. Ой иесі. Ой деген бір тұңғиық, сөз деген бір иірім, үйірген сайын түңғиыққа тарта береді, тартқан сайын жүрек шошынып тулап, ақыл аласұрып нұрлап, көзің ашыла түседі. Көзің ашылды екен — көңілің, есер, күмәнің кешер. Сезімің — көсем, сөзің шешен. Түйсігің жетіп, тілің жетпесті ақтара айтып өткен Даналық. Жүрек тіксініп, көз көрместі көрсетіп кеткен Даналық. Окисың да оянасың, оянасың да ойланасың, ойландың екен ақиқаттың ақырған аязы жаныңды кариды.

Аяз — тазалық. Жақсы жаманның арасын айырып, қара қылды қақ жарған Тазалық кірпияздығы дүниенің бәрін ондайды, түзейді, тазартады деу қисынға қиғаш, нанымға оғаш.

Тазалықтың тәңірі — Таным. Түркі жұртының ежелгі буырқанған толғамдары XXI ғасыр табалдырығында толқын атқан таным дариясына айналған. Ел болсақ, етек жисақ деген жұрттың бұл дарияға түспеске, бұл дариядан ішпеске, бұл дарияны кешпеске, өтпеске әдісі жоқ. Басқа жол бұлдыр, басқа epic тұлдыр. Ақыл — таным дариясы, тазару, ағару дариясы. Қазақ жұрты, ұлты үшін ол ой-таным дариясы Абайдан басталып, Абайға жетіп тұйықталып жатады. Абайға карап табады, Абайға балап алады… «Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» (Жетінші сөз).

Білместіктің бір мінезі. Ұлтын сүйген, ұлты үшін жаны күйген ұлы ақын адамды дүниенін, алдында күлкі, масқара ететін бір қылыкты ашына ащырақ аңғартқан. Сезбестің ештеңе сезбейтін найсаптығы, надандықтық парықсыз көкірек келетіні еске түседі. «Ұл» деген сөз «Ұлы» деген ұғымнан депті Жүсіп Баласағұн. Ұл болса да, Ұлы болса да туған ел, алтын бесігін Абай бабасындай сүйсейші! Қазақ қайтсе ел болады, дүниедегі басқа жүртпен тең болады деп мыңмен жалғыз алысып, кұсалықпен күн кешкен дана рухы бүгін де біреудің жетесінде, енді біреудің желкесінде тұр. Жетеліге жаның сүйініп, жетесізге қаның караяды. Ғақлия сөздерінің он бесінші қайырымында ақын: «Әрбір мастық бойдан оғатты кеп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататүғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісі ер-токымын тастап, беркі түсіп қалып, етегі атынын, к…н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім», — депті.

Мал көрмегендей атты қызылмай қылып қинамай, жау қуғандай жайдақ мінбей, ер-тұрманды оңдап, бөрікті түзеп киетін күн қайда! Ондай күн туар ма? Қазір ғой қайтсек қазақ боламыз дескен заман. Боламыз дегенмен бола қоя ма?! Ол үшін қазақ елі кандай болып еді дейтіндер аз. Қандай болғанын кім түгендеп жүр. Көн пендеге — көрген түстей бір елес. Естігені бар, тиіп-қашып көргені бар, ойдан шығарғаны бар — көжедей «сапырып» жатқан жай. Мәңгүрттіктің ауылынан шыққан қайсыбіреулер мәнсіздеу қылық, ожарлау істерін де «қазақылықтың» қанжығасына таңып жіберіп, «қазақ сондай болған шығар» дегізіп қалады. Осындай-осындайдың қапталында қазақтың Абай айтатын естілігі, есерлігі, еліктегіштігі, мақтангершілігі, мастығы, сергектігі, серілігі, желікшілдігі, жікшілдігі… — бәрі-бәрі де айқұлақтанып айқайлап аңқып тұрады екен.

Несі бар, жөні де солай шығар. «Ұлып жұртта калған ойды» қайта тауып, қайта сіңіргенше кай заман! Басқаша болуы мүмкін де емес қой. Әйтеуір, талаптының тауы шағылмас. Қазақтың қандай болмағы танымынан. Ал, қандай болмау керектігін Абай дана «Ғақлияларында» бетке басып айтып өткен, өсиет етіп қалдырған.

Өмір озар. Түптің түбінде аптықтың — парқы, асылдың — нарқы, арсыздың арты ашылар. Лепірген көңіл сабасына түсіп басылар, мал баққандар — малын, жан баққандар жанын бағар. Бәрі де арнасын, жөнін табар. Ғасырға жуық уақыт бойы не саяси тәуелсіздігі болмаған, не мемлекеттік саясат, не ұлттық стратегия ұстанбаған жұрттың ендігі жай-күйінен басқаша өрісті күтудің өзі біртүрлі оғаш сияқты. Қазекең жетпіс жеті жыл бойы «жарқын болашақты» аңсаумен ғана күн кешті, ресми саясат жүргізбеді. Саясат басқа, тұрмыс басқа еді. Сол тұстағы қазақтың саяси «қызметкерлерінің» өзі саясаттың қамшысы болмаса, тізгінін көрген емес. Бір кезде дінді аластаған секілді, саясаттан аулақ боламыз дегенмен, әдебиеттің өзін даралаймыз дегенмен, қоғамдық тіршілік заңы оған болар ма!? Халықтың онсыз да ғасырға жуық ұлттық саясаттан салғырт тұрмыс кешіп келгенін білмейтін бе едік (Бұл жерде Ресей мен қазақ даласының арасындағы жер мен көктей айырмашылықты аңғармау, ұмыту кәперсіздік). Мүмкін, қазіргі үлкен-кішінің, ғылым мен әдебиеттің азаматтық сөзге кұлшынысын, саясатқа (ұлттық) үйірсектігін осы бір сусаудан деп түсінген жөн шығар. Біле-білсек, «саясат», «әдебиет» дегендерді қазекең қалтасынан шығармаған, араб жұртының сөзі. Сөз болғанда, ертеден-ақ белгілі сөз. Біраз ағайын саясат дегеннің бәрін «үгіт-насихат» деп ұғатын сыңайда. Бүгінгі кәп сөздің бір түйіні байырғы ка­зак қандай еді, қазіргі қазақ кандай едіге, енді қандай болмаққа саяды, содан өрбиді. Осы казақ кандай болып еді деген адам әуелі Абайды оқысайшы, шіркін! Қазақ үшін «саясат» дегеннің, «әдебиет», «пәлсәпә» дегеннің неге тұратындығын білгісі келген адам әуелі Абайды оқысайшы, шіркін!

Қазақтың қандайлығы тегінен, жерінен, тарихынан танылмақ.

Ұлы Түркінің — Түркістанның (Марко Поло) көкірегінде кең көсілген Қалың қазақ елі, түркілердің ал­тын бесік, ата жұрты жайлы батыс-шығыс зерттеушілері мен тарихшы, саяхатшы, саясатшыларының әр кезеңдегі ойлары, пікірлері қатпар-катпар. Бірі келістіріп жазады, бірі кемсітіп, әкеге көрістіріп жазады. Әйтеуір, бір шеті Днепр, Донға шыққан, бір шеті Алтай асқан қыпшақ даласы, көшпенді елдің сыр-сипаты, жұмақтай жұмбак сахараның небір құпиялары Еуропаны да, Азияны да тегін алаңдатпағаны. Осыншама өлкені еркін жайлап, кең көсілген жайсаң жұрттың тарихы да, тұрмысы мен тіршілігі де, мінез-құлқы да көкірегінде көзі бар жанды ойландырмай қойсын ба?! Ақылға симайтын ен байлық, бақ-дәулет бақайынан келмей алшаң-алшаң басқан осы бір «қожанасырлау» әулие елдің кұлқы мен кылқы кімге де болсын кызық көрінері күмәнсіз ғой. Бұл ұға білген кісіге коғам тарихының өзгеше бір бітімді жұмбақ құбылысы. Әнеу бір көше берген, көше берген соң, мыңғырған мал «ізі калған» жер келемі өсе берген деген сәуегейлік парықсыздықтан туған, нәрсіз парықсыз тұжырым. Кім көшпеген?..

«Көше бергенге» ой жүгіртсек, «ірі өзендерді бойлай» (С. М. Соловьев) отырықшылық күн кешкен орыс мемлекеті тұғыр тепкен бүкіл Шығыс Еуропа жазығын, сол орыс халқының негізін қалаған «үй салып, қалқан көтеріп, жаяу-жалпы соғысқан» (Тацит) славяндардың шығыс тармағының өзі «туу, орнығу жолымен емес, бір жерден бір жерге құстай ұшып-қонып жүріп, орын теп­кен жерінен екінші бір жаңа жерге ауыса отырып, көше жүріп толтырған (В. О. Ключевский. Лекция 11. Коло­низация, как основной факт). Тағы да сол В. О. Клю­чевский… «бұл қозғалыстың» (Оралдан әрі Сібірге, Тынық мұхит жағалауларына дейінгі, Каспийден де әрі, Волгадан да әрі Кавказға, Новороссияға дейінгі) түптің түбінде жалпы жағдайға тигізетін салдары аз болмайтынына алаңдап, жан ұшырады.

Бұл ретте тарихшының өз жерінен тым киырға аяқ-колын бірдей созған ұлты қанатын кең жаям деп қанын сұйылтып қаңғырып, азып-тозып кетпесе екен деген қаупі айқын аңғарылады. Әрине, жан бесігі Дон, Днепр бойынан түу Қиыр Шығысқа қияндап жаңа жер иемденген елдің тағдыр-талайы мен табиғаты бір басқа да, ата мекенін алты ай қыс алты ай жаз жыл кұсындай еркін жайлап, айналып-соғып отырған жұрттың жаратылысы бір басқа. Ол көшу мен бүл көшудің арасы жер мен көктей. Жат жерді «басқан» жанның өз әрекетіне қарай өз психологиясы, алуан қырлы өзін-өзі ақтайтындай мінез қыры пайда болады, өз жерін басқан жанның жан сарайы мүлде басқа. Былайғы ұлттық мінез-құлық та соған сай бейімделе бермек. Геродоттың тарихында парсы патшасы Дарийдің скифтерге жорығы туралы мынадай аңыз да бар:

Скифтер парсыларды қарсы соғыспай, жолында не құдық, не бір жайлы қоныс қалдырмай, даланы жайлап жылжи отырып титықтатқан шағында, Дарий скифтердің патшасына жаушы жібереді. Сондағы айтқаны: «Несіне бетпе-бет келмей кезіп кеттіңдер? Тоқтап, қарсы келіп соғыс, болмаса жеңілгеніңді мойындап, тілге кел, сый-сияпатыңды жаса!» — деседі. Сонда скифтердің патшасы: «Ешқашан, ешкімнің алдында корқып, қашып кәргенім жоқ, сенен де кашпаймын! Несіне қашамын, бүйтіп жүргеніміз — өзіміздің үйреншікті тұрмыс күйіміз. Жайшылықта, бейбіт кезде де осылай көшіп жүрген елміз. Сенімен несіне соғысамын. Сендер жаулап ала кояды дерліктей шаһарларымыз да, егін жайларымыз да жоқ, нені қорғап соғысамыз. Бірақ бұл — ата-абаларымыздың сүйегі жатқан жер. Сол молаларды қиратып, талап көріңдер, сендермен соғысар-соғыспасымызды сонда білерсіңдер», — деп жауап қайтарады.

Аңыздың тарихи деректілік мәні өз алдына, тұрмыс сипаты мен мінез-құлық ерекшеліктерін аңғартпай ма? Көшпенділік пен отырықшылықты бәсекелестіре, жарыстыра, бірінен-бірін артық-кем қоя бағалау да бір жаттанды, жадағай сыңаржақтық. Екеуі де белгілі кезеңдегі тұрмыс-тіршілік түрі, екеуінің де өзіндік артықшылық-кемшілігі бар екені белгілі. Табиғи қабілет, тарихи үрдіс, тұрмыс-күйі қауымның кісілік, ұлттық мінез-құлық, тіршілік ерекшеліктерін, өзгеше сипаттарын түзетіні белгілі. Бірақ, қайсысын алабөтен артық санарсың. Көшпенді де көсе емес қой! Әрине, қанатты мен тұяқтының арасында асу бермес алшақтық жатыр. Әрқайсысына өз тірлігі жақын, әрқайсысының өз патша көңілі бар. Былайғының бәрі селқос, басқаның бәрі төмендеу, қолайсыздау тәрізді. Ертедегі көзқарас, жазбалардың денінде осы көзқарас басымдық алып келеді. Ендігі жерде, екеуіне де зерделей қарап, екеуін де теңестіре саралаудың тарихы мүмкіндігі бар. Көшпенді деген ұғымның  өзіне «көшіп жүрген бір дүние» емес, өзінше бір мәдениет, өркениетты үрдіс, құбылыс ретінде қараудың қажеттігінің даусыз ақиқаттығы түбегейлі дәлелденген тұс.

Еділ-Жайықтың бойын ендей тең жайлап, Дон, Днепрге дейін кең көсілген дала жұртының өз мінезі, даралығы ежелден мәлім. «Сама Азия, настоящая кочевая Азия, испокон веков наводняя своими кибитками и ста­дами нынешнюю южную Россию, по видимому, слабо чувствовала, что она попадала в Европу» (В. О. Клю­чевский) дегенге бүгін таңданудың реті жоқ. Әдеттегі жаттанды таным Еуропа Азиянын жік арасын Орал тауларының керуен тізбесі бойымен түсіреді. Оған күмәнданған пендені көрмедік. Ал, грек ғүламалары бұл ара жікті Дон бойынан тартатын көрінеді. Саяси әуендерге әукесін созған біздің заманғы тарихи, географиялық тұжырымдардың қандайынан да, ежелгі дүниенің таным-деректеріне ішіміз жылып тұратын жағдайға жеткенімізді несін жасырайық. Мұның өзі «Аргументы и факты» сияқты тілі ұзын, сөзі қысқа газеттердің ерін үшімен ғана «болымсыз ауытқулары демесек», негізінен Россия Қазақстан шекарасы өзгеріссіз келеді, Қазақстан Россияның ешқандай облыстарын қаратып алған жоқ деп бізге кеңқолтық көрсетуін сезгенде, ойға түсетін болжамдар «Болымсыз ауытқуларды» Орынбор, Омбысыз қалған біз түсінеміз, әрине, «осы Қазақстан Россияның облыстарын озбырлықпен қосып алып қойыпты ғой?! Ол қай облыстар өзі», — деп дегбірі қашып, танауы қышып сауал тастап отырған қостанайлық жерлесіміз қайдан білсін!? Сөз жоқ, әлімсақтан болары болып, бояуы сіңген бұл әңгімені жер жағдайын тілу, ілу емес, білу үшін, біле жүру үшін айтпағымыз түсінікті. Білген адамда иман, инабат, бәрін былай қойғанда, канағат болады. Тарихи санадан тарихи ар-ұят туады, тарихи намыс оянады. Жер туралы кандай сөз де халыққа келіп тіреледі, халықтық мағынаға ойысады. Жердің кеңдігі мен Ел ішінің кеңдігі өзектес ұғым. Жері байдың елі бай. Ер қадірі елімен, ел қадірі жерімен. Ел еңсесі, ел мінезі — жерінен. Сергек, сезімтал, сұлулыққа іңкәр, қаншыл қазекеңді ешкім канқұйлы, қанқұмар, қанағатсыз дей алмайды. Еркөңіл, жайсаң, баладай ақжарқын қазекең «бір атым насыбайдан көңілі қалғыш» баладай өкпеші де. Ағайынмен араздасқандағы өкпесінің түрі «Сенің осы зорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» (Абай. Жиырма бесінші сөз) деушілік… Іргесін бөліп үдере көшу. Айлап, жылдап қиыр қонып, шет жайлап келіп, аңырасып ағатайлап табысу. Өкпеге қиса да, өлімге қимау! «Жаманның өкпесі басы жерге кеткенше, Жаксының өкпесі жібек орамал кепкенше!» — деп, онысын тағы мақтан тұтады. Бұл да болса бір жаратылыстың жомарттығының, жердің кеңдігінің белгісі. Көшер жер, көлеңке етер тауы болмаса қайтер еді?.. Ал, осы ұлан-ғайыр жерге деген махаббат қандай! Жерге қойған атаулар қандай! Арғанаты, Сарыарка, Жиделі байсын — Құлынды, Баянтау, Баянжүрек, Ұлытау, Атырау, Орынбор, Нарын, Қазықұрт, Қараспан, Жер шоқтығы — Көкшетау, алтын алқалы Алтай, жер жәннәты Жетісу, Сауыр-Сайқан, Мойылды, Шиелі, Шідерті… Көз тұндырар, бас айналдырар поэзия. Сұлулық географиясы (Ұлттық географиялық карталарымызды мамандарымыз өз колымен жасар күн туса, географиялық атластың ең сырлы, ең сұлу мәндісі болар еді-ау). Географиялық карта емес, поэтикалық карта дерліктей.

Сөйткен қазақ, түркі жұртының қара шаңырағына ие болып калған Қазекең — дүниеге әлі де жұмбақ та, таңсық халық. Жалпақ әлем, жат жұрттар біз туралы естігені болмаса, әлі танып-біліп үлгірген жоқ десек, артық кетпеспіз. Соңғы бір жыл, жарым жылдағы көңілдің дариядай тасуы, шаттану мен насаттану бәрінен бұрын өзіміз үшін, өзімізді өзіміз жебеу үшін екені белгілі. Ес жиып, еңсе түзеу үшін бұл да бір өткел, бұл да бір сын… Алда тұрған ұлан асу — он сегіз мың ғаламмен табысу қазақтың өзін-өзі тануынан, өзді-өзімен табысуымен басталса керек. Осы үлкен үрдіс басында ұлы Абай ғақлиялары тұр. Тізгінін өз қолына алған жұрттың мақтанары не, мұқалып, жүзі төменшік тартары не? Неден арылып, неден жиренбек ләзім, нені ұстанып, нені мақсат тұтпақ жөн? Осының бәрінің дәл жауабы — Абай ғақлиялары. Бойын тіктеп, буынын бекіткен тұста халықтың даналық кайнарлары да тереңдеп, тұнығын тұндыра түспек. Тізелеп, жүрелеп жүргеннен түрегеп жүргеннің еңсесі түзу, жүзі жарқын, көзі алғыр, ойы ұшқыр. Ғасыр бойы әдеп, таным, тәрбие академиясындай болған Абай тәлімі

бүгінгі күні кісіліктің киелі кітабындай. «Надан ел қуанбас нәрсеге куанады. һәм қуанғанда не айтып, не койғанын, не қылғанын өзі білмейді, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. һәм үялғандары ұялмас нәрседен ұялады. Ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі — надандық, ақымақтық әсері» (Жиырма алтыншы сөз), — деп ескертеді ғұлама. Пенденің қуанышы бір басқа да, елдің куаныш, қайғысы бір басқа екенін ескерсек, бұл ойлы сөздің мәні тереңдей түсері кәміл. Барлық, байлық — мақтан,. батырлық — мақтан. Ой қумақ, өнер кумақ, серілік, сергектік — мақтан. Жомарттық, жолдастық та бір мақтан. Құлақ түрсек, басқа жұрт та мұндай-мұндай қасиеттерден кұралақан емес көрінеді… «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» (Он сегізінші сөз) керек екен. Ол жағынан да кенде қалдырмаған секілді. Бірақ ардың да арзаны, намыстың да жалғаны бар… Аршылдық, намысшылдық десеңіз, қазақтан іздеңіз. Жер ортасы жасқа келген, қажыған, жалыққан, істің бәрінің баянсыз, байлаусызын көрген, осыған дейінгі тірліктің құр коршылық екеніне көзі жеткен ұлы ақын ендігі өмірді кайтіп, калай өткізбектің жолын іздейді. Сол жолды таба алмай қайран.

Ел бағу?..

Мал бағу?..

Ғылым бағу?..

Дін бағу?..

Балаларды бағу?.. (Бірінші сөз).

Бәрі де мәнді, бәрі де халыққа кажетті іс. Ел ішін көктететін іс. Әттең… Заманы құлықсыз, талапсыз. Кім үшін? Не үшін? Не деп айналыспақ? Ұлы ойшыл соған күңіренеді, содан түңіледі. Ешкімнен ақы сұрамайтын ғылым екеш ғылымның өзінен «Мұңдасып, шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі бір тез қартайтатұғын күйік» (I) деп көңіл суыткандай күйде.

«Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» Ұлы ақын соған таңданады, соған жауап іздейді. Жауабын да өзі түсіндіреді: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» (3).

Осының бәрі мал көбейтуден басқаны, өнер, ғылым, білім секілді нәрселерді кәперге алып, ойламағандықтан. Малым болса, малшым болса, сұлу құшып, қымыз ішіп, жүйрік мінсек дегендіктен екен. Мұның да өз қасіреті бар көрінеді — «Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айрылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей бол­са екен деп әуелде ішімізбен кас сағындық. Әрберден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таластық (3). Партияшылдыққа ұрынды екен, әр сұрқия кай партия демдесе соған жығылып сұрқия тірлігін жалғай береді екен. Содан келіп бірлік, тірлік дейміз. «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік». Бірлік кандай елде болады? «Бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік кылса керек» (6). Ежелгі грек ойшылы Цицерон да осы ойға әлденеше оралыпты. «Но разве между хорошими людьми нет естественного чувства взаимной любви? …Но если мы используем ее для нашей выгоды, а не на пользу тому, кого мы любим, то это будет не дружба, а какая-то тор­говля своими услугами. Таким образом, любят луга, пашни, стада скота оттого, что от них получают доход, а любовь и дружба между людьми бескорыстна» («О природе богов»). Осы ойды жерге қатысты айтуға да болар…

Абай… Тірлігі қайсы, кеудеден жан шықпағандық, пысықайлық, қулық саумақтық па?! Жан тәттілік пе?!.. …Тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады».

«Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу — болыс, біреу — би». Олар билікке сайланғанда, билікке таласқанда өзгеге өздері үйретеміз, ақыл айтамыз деп сайланбады ма? Өздері түзеліп алып, енді елді түземек. «Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: Ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, яки елдегі бұзақыларымызды бүліндіріп аламыз ба, яки халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығындап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? — деген, ебіне қарай біреуді жетілтейін, біреуді құтылтайын деген бейнетінің

бәрі басында, қолы тимейді» (8). Байлар болса, өзінде жоқты (білім, өнер, оқу-токуды) малымен сатып алмақ. «Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық ақыл, ғылым, білім — еш нәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай-тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білім-ұяты, ары, жақыны, бәрі — мал.

Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өзі де тыңдамайды. Онша-мұнша қой жүнді қоңыршылар күнін де көре алмай жүр» (8). Сонда, ғылым мен өнер, ақыл-білім кімге керек!? Өнерсіз, ғылымсыз жұрттың күні не болмақ, қайда бармақ? Ұлы Абайдың: «Егер менің ішімді жарып көрсең, жылауымды ұмытып, шошыр едің», — деп кұдайдың зарын қылатыны осы. Жүсіп Баласағұн да: «Мұңымды айтсам, мұңаярсың өзің де», — дегенде, осыны меңзегені кәміл. Сөйтіп тапқан малдың, қорқытып, алдап-арбап, тіленіп жүріп жиған малдың қадірі кандай? «Ешбір қа­зақ көрмедім, — дейді дана ақын, — малды иттікпен тапса да адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпенен айырылады» (10). Бейнеті, күйігі, ызасы қалады. Барында «баймын» деп, жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады.

Ұлы Абайдың ұлағат айтып, ұрпақтан күткен қазағы да «ақыл, қайрат, жүректі» бірдей ұстаған мықты қазақ. Міржакыптың «Оян, казағы!» да сол Абай ұшқыны, Абай мектебі. Бұл көркем ойдың, көркем әдебиеттің әлеуметке тіл катуы, әлеуметтік ағымға соны өpic бастауы. Халықтың үлкен-кішісіне ой тастауы. Абайдың әлеуметтік армандары таза, казақы топырақтың тінін танып, тамырын басып отырып, дүние ойшылдарының адамшылық тұжырымдарына құлақ түре жүре түйген өсиет. Ұлы ойшыл акынның қазақ қауымы туралы бұл тегеурінді философиясын біз тек көркем әдеби туындылар қатарында, ақыннын, «кара сездері» катарында оқып-тоқып келдік. Шын мәнінде «ғақлиялар» — қырықтан асып ой басқан, болыстықты да, мырзалықты да көріп, өзі жазғандай жабығуды «жалығуды» (20) да кешіп, жаны ашынып: «Енді қайтпек жөн?» — деп, соқтықпалы соқпақсыз жерден жол іздеген тұстағы ақыл шарықтауы. Қоғамды, адамды, қазақты көгертудің ақылман қағидалары. Түсінген адамға тәуелсіз елдің ұлттық мәдениетінің мемлекеттік бағдары, рухани қазынасынын бесігі, түп-тамыры сонда жатыр. Кейде қайран қаласың, осы жұрт «Ресейді қайтсек көгертеміз?» сықпытты не пәлсәпаға, не әдебиетке, не қоғамдық ойға үш қайнасы «сорпасы қосылмайтын саяси сағызнамаға сонша дүрлігісіп, халықтық тағдырына жанындай жақын Абайдың «Қара сөздеріне» қазақтың әдебиетін, пәлсәпасын, қоғамдык-әлеуметтік танымын айырықша аспандатып кеткен, «калтамызда» жүрген қазнасына неге қабақ кақпайды? Иә, иә… «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлак та қоймай, тындауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» (40), «Жаттың бір тәуір кісісін керсе, «жарықтык» деп жалбырап калып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам бол­са да, танымайтұғыны қалай» (40).

Шынында да, «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қактырмай отырғанымыз. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жок, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастык қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жактан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын!» (24). Әй, не болсын!.. Нарыққа аузын енді ашқан, қазақша айтқанда, мал таппақка бет бұрған казіргі ағайындардың кырық қырлы қалтарысын, тоқсан толғам сырын көзбен көріп айтқандай көрегендік. Ақын ойы бүгін ерекше куаттанып, тереңге тартқандай. Бүгінгі сөздің төркіні, ел болмақтың есігі әріде тұрғанына, ұлттың Абай сынды даналарының көкірегінен қайнап шыққан қайнар бұлақ екендігіне көз жетіп, көңіл марқаяды. Абай айтты деген сөз — асыл айтты деген сөз. Асыл айтты деген сөз — ғасыр айтты деген сөз. Ғасыр ойы, ғасыр сөзі — қалың қауымның көкейіндегі көкейкестісі.

Бірақ ойшыл ақын тілек тілемек пен талап қумақтық тізгінін тең ұстайды. Тілек бар, сол тілекке жетпек бар. Жету жолы — ауыр жол. Сол ауырдың асу бермес бір азабы қазақтың өз қырсығы дейді ақын. «Қазақтар: «Ә, кұдай, жас баладай қайғысыз қыла көр!» деп тілек тілегенін өзім кердім. Онысы — жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал — адамнын бауыр еті», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Қарның ашса, қаралы үйге шап…»

Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап, мақтап алмақ екен, бермесе онымен жауласпақ екен, егер малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен (5). «Іздеген еліміз осы ма?» (5).

Тағы тұжырады: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі — жұмысының жоқтығы» (42-сөз).

Кімге барып жөн сұрап, кімнің айтқанына сенбек, ермек жөн.

«Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр…

Болыс пен биді құрметтейін десең кұдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ.

Мықтыны силайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жаксылыққа мықты кісі елде жоқ.

Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті.

Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес» (22). Сонда кім қалды? Кімге сеніп, кімге ермек? Енді біреулердің бар өнер, мақсаты киім түземек, жүріс-тұрысын түзетпек. Осыны дәулет көріп, өзін-өзі базарға салып әлек, көрсеқызар көзқұмарларға «бәрекелді» дегізсе, одан үлкен бақ бар ма? Біреуді қызықтырып, біреуді күндестіріп әлекке салмақ. Әлдебіреулер өзіне өзгешелік бермекке тыраштанып әуре. Енді бірі жатқа мақталсам, екінші бірі еліме мақталсам, үшінші бірі ағайын ішінде өзімді-өзім мақтап жетсем деп жанұшырып жүр. Түптің түбі бәрі бір бос мақтан, бостекі әурешілік. Енді қайтпек керек. «Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік касиет қазақта кем болады» (14). «Не жаманшылык болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорықканда, я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп өздігінен тоқтаған адамды көрмессің» (26).

Адамның құлқы — қауымның, заманның құлқы. Қо­ғам мен елдің түзулігі — адам мінезінен, пиғылынан. Пиғыл — парасат-пайымынан. Заман оңалсын десек, қылық-құлқыңды, адамды онда. Қырық бес тармақ толғамның әр жолынан, әр тынысынан осы ниет жолындағы күйзеліс, күңіреніс, күрсінісі естіледі. Жүректің мұңын аршып, жолын оңдар амал іздейді. Пенденің пендешілігін қалың елдің бетіне басқандай жирендіріп, намысына тиіп, қанын қыздыра отырып жақсылыққа, тарлыққа, адамдыққа бұрады. Ал, ақынның көңілі қалып, жүрегін мұздатқан жайлар көп-ақ, сүйретіліп әлі келеді. «Осы қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай? Жамағайынды туғандай көріп шұрқырап, елжіреп, елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны калай? Адалдық, берекеде, той, өлімде табылмай, барымта, ұрлық-қарлық десе табыла қоятыны қалай? Күнде тілін алатұғын достан, кейде бір тілін ала қойған дұшпанды артық көріп өле жаздайтұғыны қалай? Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе тыныштықтан жалығып шыға келетұғыны калай?»

Ой жеңген, арғы-бергімен ой арқылы тілдескен сара көңіл, дана жүрек лүпілі. Бір кездегі саф алтындай сомдалып туып, сол күйі сақталған қазына. Енді ел болсақ, өзгелермен тең болсақ деп оң-солға мойын бұрғанда, ауызға алдымен алынарлық асыл кағида, кісілік-елдік шарты. Небір сырттан таңылған саясат, қалтаға салып берген моральдық кодекс кағидалар қалай келсе, санада солай өше бастады. Қазақ елінің тағдыр талайын, тұрмыс-тіршілігін саралай отырып, өз бойынан танып таратқан Абайдың өсиет сөздері бүгін де жатырқаусыз жақын, намысқа бастаса да, шалысқа бастамайтын парасат ақиқаты. Әсіресе, қазіргі ұлттық рухани өзегімізді мемлекеттік тұрғыдан түзей бастағанда маңдайға басқан бірегей көркем де келісті пәлсәпә тұнығы.

Абайды оқыған сайын есті ел етегін жиып, тәубасына түсіп, дүниеге ақиқат көзімен қарай бастайды. Талай-талай шашырап, тозған тұста елдің іргесін шайқалтпай сақтап калған Абай тәлімі, Абай сынды дана санасы. Батырлықтың, қаһармандықтың ардақтысы да, аруақтысы — жүректің батылдығы, ақылдың асыл мұңы. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған данышпан сөзі оқыған сайын соныға бастайды, оқыған сайын ойға ой қосады. «Ақыл — азбайтын қазына, білім — тозбайтын тон», — деген осы шығар.

Қазіргі дүние дүрбелеңінде алабұртып қияннан киянға көз тігіп, қиядан кияға табан тіреген қазақ жұртының мінез-бітімінде дана ақын түстеген мінез-қылықтың бәрі де бәз күйі кездеседі. Жақсы мен жаманымыз күн мен түндей шарпысып, жалғасып жатыр.

Тәуелсіздіктің ауыр жолына түскен жұрттың бой түзеу үшін, Ақыл, Қайрат, Жүректі бірдей ұстауы үшін, іш пен сыртты бірдей саралап, саңлақ шығарлық парасаттылық керектігі белгілі. Қазақ қауымы дана ақыны өсиет еткен ұлы көштің бетін енді ғана қайта түзеді. Ел болмаққа, ерікті мемлекет болмаққа бет бұрды. Абай ойы, Абай жолы — осы жол. Бұл ұлы жолдың ұлы сөзі — Абайдың ғақлия сөздері.

Қазір ғой елді имандылыққа үйіріп, адамшылыққа жүгіндіретін, жаны жылып, намысы оянған халықтың ынта, ықтиқатын тоғыстыратын күш,   мемлекеттік деңгейдегі куатты, ұлттық идеология жоқтығы күн санап біліне бастады. Саяси партиялар әлжуаз, көбі шала қарпылған, елді егжей-тегжейлі танып болмаған, тек тілек-ниетті қанағат көріп жүр. Ел де «партия» де­ген сөзден үркіп, мезі болғалы қашан. Дін жолы да біз үшін тайғақтау. Біз үшін дейтініміз қазекең әу бастан дінге көз жұмып құлаған жұрт емес-ті. Оның үстіне, сол дінді қазіргі ғылым, таным өресінде өрбітер сауатты, білімдар мамандары жоқ. Қол жайып, көңіл алақтап, сырт көрініс жасаған құлшылықта не шапағат болсын. Кез келген жерде екі алақанды жамбасқа жанып жіберіп, жапыр-жұпыр қол жайысып, бет сипай бергеннен құлшылық жолы өтеле қояр ма? Абай дана осы партияшылдық, діншілдік туралы да «Ғақлияларында» білімдар ой тастайды. «Қазақ құлшылығым кұдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны» (16), «Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек  болмайды» (16) деп, дінді ұстау үшін де ең әуелі имандылық, тереңдік, ақыл-ой қатысы қажеттігін шарт қылады. «Кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы жоқ». «Бірақ сондай адамдар бар, құдайға иман келтіреді, жақсы істер істейді. Сөйтіп міндетін атқарады, өйткені құдай залымдарды сүймейді». Залымдық, алдау-арбауды жаратканның өзі де жаратпағандығы ғой. Ендеше, имандылыққа ұйып, шариғат шартын ілімдей сіңіріп, құлшылық жолына құран аударып кірмеген соң, шала-шарпы, жүрдім-бардым бет сипау алдау емей, немене. Алдағанды Алла да сезетін шығар… Абай сөздеріндегі имандылықтың бірер шарты: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған   махаббат қылмағың карыз емес пе?», «Кім  сені сүйсе,  оны сүймектік қарыз емес пе?», «Қиянатшылыққа бір қара тұрған адам я мұсылман емес, ең  болмаса шала мұсылман», «Ынсап, ұят — бұл ғадаләттан  шығады»,  «Шүкірліктен ғибадаттың бәрі туады», т. б…. (38).

Президенттің жуықтағы ел әкімдерінің алдында сөйлеген сөзіндегі жұрттың бәрі түгел қол жайғыш болып алды деген ескертпесінде үлкен шындық жатыр. Мұны, надандықка, құр әурешілікке бой ұрмайык, қай нәрсенің, қай ілімнің, кәсіптің алдында да казіргі заман деңгейіне сай білімдарлық, тазалык, адалдық болсын деп түсінген жөн-ау.

Ұлттық ыждаһат, ұлттық идеология, содан барып туындайтын мемлекеттік саясат бағдарындағы күретамыр — бұрынғы-соңғы түркі, қазақ ойшылдарынын, аңсары болған елдік, халықтық ой-тұжырымдары емес пе? Солардың ішінде Абай ойы шоқтықтанып, өзгеше озық көрінеді. Өйткені, ойшыл дана ғақлиялары қазақ топырағының ғасырлар түзген қатпарларын «ақтара» жеткізген Даналық кітабы. Соның бәрін, исі қазақтың көкейге түйгенін аршып алмай, қәзіргі ыстық суығы басылмаған бірер күндік ой соқтасы халықтық идеология бола қоя ма? Абай сынды халық даналары — сол тұрғыдан да елдің арқа сүйер ақылмандары. Ондай рухани бағдарлама халықтың арман болған мақсаттарынан, тағдырынан, тарихымен қорытылған касиеттерінен жаралса керек-ті.

Сірә, өткенге ой жүгіртіп, арғы-бергі ойшыл, ғұламаларды ақтарып қараудағы біз іздейтін ұлттық мүдденің бір жоғы осы шығар. Абай ойы, акын мұрасы халыққа сол үшін де қымбат. Бір жарым ғасыр өтсе де қайта-қайта Абай ұлылығына ұмтылатыны да осы орайда түсінікті талпыныс.

Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толу белесі — осынау үлкен жолдың үлкен сөзі. Елі құлақ аспаған сөз — жетім. Сөз атасының ұлы ойлары жетім қалмауы керек. Ақынның ұлағаты ұлан-ғайыр мұраларының қатарында «Ғақлияларының» халықтық, мемлекеттік, елдік мәні, эстетикалық құдіреті ерекше шоқтықты. Ондай елдікке, қасиеттілікке шақырған ақыл толғамы әр қазақтың қолында, қойнында жүрмегі ләзім. Ақылдың асыл корытпасындай әрі қысқа, әрі нұсқа кырық бес ауыз ой толғауды қаны таза, қадамы ширақ, ата дәстүр, ана тілін өрістетуді мақсат тұтқан әртүрлі «Ата мұра» сияқты баспалардан бастап алтынмен аптап шығарып, ауыл аралап таратса да артықтық етпес еді. Бейнет ақталар еді. «Құтадғу білігтің» бісмілләсінде: «Бұл кітапты оқыған, таратқан, ауызға алып насихаттаған адам осы кітаптан да ізгірек, жақсырақ», — деген жазу бар. Яғни адам баласына ізгілік жеткізгеннен ізгі қандай іс бар дегені ғой. Сондай өнегелі кітаптардың бірегейі — Абай атаның «Ғақлиялары». Жанға — нұр, санаға сәуле құятын сөз сарасы.

Әл-ауқат, байлық, тоқшылық жақсы-ақ. Жан бағу емес, «жанды» сақтау, рухани жағынан жұтамау одан да жақсы. Қазір ежелгі ойшылдарға жүгініп, ертедегі тарихқа ұмтылыс басым. Дамудың біз зерделеп үлгірмеген заңдылықтары, ерекшеліктері қаншама. Әйтсе де, әл-ауқаты, мал-жаны жағынан бұрынғылар бүгінгіден артық шықпаса, кем түспеген. Бәлкім, олар бізден гөрі тоқшылықта, баршылықта үріп ұрттап, шайқап ішкен де шығар. Ол қазақ қандай еді, казіргі қазақ қандай?! Ол заман мен бұл заманның сыңайы, ыңғайы қандай? Қандай болмақ жөн?

Яғни, тәуелсіздікпен бірге рухани білім-болмысымызды даралайтын шақ туды. Ұлттық рухты өзек етіп бүкіл мәдени, ғылыми тініміздің таза үрдісін бастаудың бір көзі төл ғұламаларымыздан басталады. Қазақ елінің, жерінің сан салалы, алуан қырлы ресми қарталарынан (географиялық, экономикалық, тектоникалық, демографиялық, т. б.) бастап «Қазақ елі» атты энциклопедиялық басылымдарға дейін мәдениет пен ғылымның бар саласы бойынша ұлттық бағдарламасы айкын, дәйекті еңбектерді кешенді түрде жүргізіп, мәуесін насихаттау елдің еңсесін түзеп, елдігін арттырар еді. Мәселен, ака­демик Манаш Қозыбайдың «Ата тегіміздің тарихы» ту­ралы ғылыми тұжырымы, барынша байсалды еңбегі сол саладағы болашақтағы үлкен істердің бастамасындай. Сол бағытта терең жұмыстар жазу ғана қалып тұрғандай. Әдебиет тарихы, өнер тарихы, ғылыми теориялық мәселелер, шығармашылық жөнінде де, білім саласында да байсалды бағыттар белгіленсе үлкенді-кішілі мамандардың жолы айқындалып, ісі нактылық сипат алар ма еді. Әрине, Абай арланған жат мінездер мәдениет пен ғылым ісіне де жат. Ғылыми жағынан байыпты әдеп, парасат жағынан ұстамды болу шарты белгілі. Жеңілтектік те, фальсификацияның қылаудай лебі ұлттық таным дәстүріне қаракүйе болып түсері анық. Бұл ойды әу дегендегі алғашқы арын, ет кызумен жүріп кей-кейде даңғойлықтың, күнәсіз болса да асып-төгіліп кетудін ұшығын шығарып алатын сәттердің кездесетініне орай айтып отырмыз.

Ұлылар ғақлияларын ұрпақ игілігіне жарату да таланттылықты қажетсінетін іс. Абай ғақлиясы, дүниетанымы — заман сарабынан өткен, тілі ойлы, тіні берік адамгершілік ілімі.

«Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» (Отыз жетінші сөз). Адамшылықтың, ел болмақтың, арлылықтың дана жолын, ұлттық іргетасын замана мінезіне қарай берік бекіткен ойшыл Абай. Ендігі тізгін қалың елдің өз қолында.

1994 жыл.

Асқар Егубаев. Кісілік кітабы (ғылыми эссе). –

Алматы:Ана тілі, 1998. – 202-218 беттер.

 

Дайындағандар: 1 курс магистранттары

Дайрабекова Г., Кребаева А.,

 Нурашева Г., Хабибуллина А.  

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники