Жиырма бесінші сөз
Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқытса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап[1], мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішімге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына уа әртүрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін, не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет[2] те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына[3] кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к…і ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазірде орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр. Сөйтсе де осы оқыған балалар — ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта кедейдің баласын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын? Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы зорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасыменен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын? Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол — мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең — оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?