Аудармашы тәжірибесімен бөлісті
Жақында ҚазҰУ-дың аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының ұйымдастыруымен университет түлегі, белгілі аударматанушы ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері НАҒИМА Сағындықовамен шығармашылық кездесу өтті.
Нағима Жәлелқызы отандық аударманы зерттеу ғылымына ерекше үлес қосқан ғалым. Ол сонымен бірге ежелгі әдеби мұраларды орыс тіліне аударумен де танымал. Аудармашы мамандығының ерекше мәртебе екенін атап өткен кәсіби аудармашы жиналған студент, магистранттарға Қожа Ахмет Яссауи туындыларын тәржімалау тәжірибесінен, болашақ аудармашыларға пайдалы ақыл-кеңесін айтты. Орыс тіліне аударған МәшҺүр-Жүсіп Көпеев еңбектерінің жинағын студенттерге тарту етті.
«Аударма ісі» бөлімі студенттерінен құрылған «TARZHIMANclub» жас аудармашылар клубы аударматанушы ғалым шығармашылығы бойынша дайындаған қойылым көрсетіп, студенттер сұрақтарын қойды.
Кафедра меңгерушісі Ә.С.Тарақов кешті қорытындылап, Нағима Жәлелқызына зор денсаулық, отбасылық қуаныш тіледі. Болашақ аудармашылар үшін бұл шығармашылық кездесудің әсері үлкен, пайдасы зор болды.
Мұсалы Л.Ж.,
ҚазҰУ-дың аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының доценті