Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Ғаббас Тоғжанов. АБАЙДЫҢ РЕАЛИЗМІ

 

428572_145468367_1018_Togjanov_Fabbas

Ғ. Тоғжанов

Абайдың өзінің 20 жылдай жазған ақындық өмірінде өлеңінің көбін қазақтың әлеумет құрылысы жайында жазады. Абайдың өлеңдерінде, мақалаларында әлеуметке тимейтін сөзді аз табасың:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,

Көкірегі сезімді, көңлі ойлыға

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Абайдың осынысы — бір рас сөзі. Шынында да, Абайдың сөзі, өлеңі ылғыйына өсиет, ақыл, сын болып келеді. Ең аяғы Абай өзінше палсапаға түсіп, жалпы мәселелерді көтергенде де сөзінің аяғын қазақпен бітіреді. Бұл әлде қалай нәрсе емес. Осынын өзінде Абайдың таптық беті, артық, кемдігі бірдей көрінеді. Жұрт ақыны болып, халық қамын қайғырғаны, өзі көрген әлеуметінің кем-кетігін жамауға тырысқаны, жаманды түземек болғаны, кейінгі жасқа үлгі берем дегені, бар ақындығы осыған жұмсағаны бұл, әрине, Абайдың жақсылығы. Абайдың өзінен бұрынғы қазақтың феодал ақындарынан анағұрлым артықтығы. Абайдан бұрынғы қазақ ақындарының көпшілігі:

 

Ақындары ақылсыз надан болып,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңмен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безіп, жанын жалдап,

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.

Жат елде қайыршылық қылып жүріп,

Өз елін «бай» деп мақтап құдай қарғап.

Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,

Жиса да бай болмапты қанша жалдап.

 

Абайды мұндай ақындармен ешбір салыстыруға болмайды. Абай бұлардан білімімен де, ақындығымен де озды.

 

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.

Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер

Думан, сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ.

 

Абайдың бұл сөзі жаңа сөз. Өз тұсында қазақ жұртшылығын ілгері бастаған сөз.

Қазақ тұрмысын суреттегенде, Абай надан ақынды ғана көрген жоқ. Абай көзіне надан «баспақ» бай да түсті. Ел жегіш, жемқұмар би, болыс, надан берекесіз ел, арам молда, пысық, қу жігіт, жалқау кедей, мектептегі оқалы киімге сусаған шәкірт Абай бұларды да көрді. Жексұрын мінездерін тапты. Абай өз тұсындағы қазақ байының образын бергенде, байдың надандығын, «баспақтығын», бейілінің кедейлігін көрсетеді. Абайдың:

 

Байы баспақ,

Биі саспақ,

Әулекі аспақ сыпыра қу,

Партия жиып, пара алған,

Бейілі кедей байсындар, —

 

дегені, жә болмаса қара сөзіндегі қазақ байын: «Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, еш нәрсе малдан қымбат емес. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның ( қазақ байынын. – Ғ.) діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ары, ұяты жақыны — бәрі мал», деп сипаттағаны Абайдың реалис ақын екендігін дәлелдейді. Абайдың осы аз сөздерінде қазақ байынын бірсыпыра таптық сипаттары, мінездері айтылады. Капиталдаса бастаған қазақ феолдалдарының, малы көп болса да, биі кедейленіп, маңайын жалмап отыратыны өтірік пе? Қазақ байының ар, ұятын, құдайын, ағайын-жұртын бәрін де малға сататыны өтірік пе? Байға малдан қымбат ештене жоқ қой. Қазақ байының қазақ халқын малға сатпаған күні бар ма? Алғаш орыс патшасы қазақ даласын отарлап, қазақ халқының басына қамшы ойнатып, қара тұман орнатқанда, халқын сатып, орыс патшасына шен, шекпенге, ақшаға жүгірген қазақтың байы-ханы, сұлтаны, биі емес пе? Орыс патшасының қорлық-зомбылығына шыдамай, елдігігімізді көрсетейік, топ жинап, наразылығымызды білдірейік деп патшаға қарсы көтерілген қазақ көтерілістерінде де қазақты жығып, ұстап беріп, елін талан-таражға, ерін айдауға түсірген де тағы қазақтың осы байы емес пе? Тіпті, арғы заманды қояйық, бергі өзіміз көзімізбен көрген заманда да қазақ байының мал үшін арын да, халқын да, ағайын-жұртын да түгел сататыны анықталмады ма? 1916 жылғы қазақ халқының сыпыра  көтерілген көтерілістерінде, орыс патшасына қазақты жығып берген тағы қазатың байы емес пе? Бергі төңкеріс тұсында да қазақ байы малынан артық ештенесі жоқ екенін көрсетпеді ме? Қалшақ, Анненкоп, Дутоп сықылды патшашылдармен ұятын, ұлтын сатып бірікпеді ме? Абайдың қазақ байы «малға құдайын, дінін, халқын, білімін, ағайын-жұртын, ар-ұрятын – бәрін де сатады», дегені қазақ байының таптық сипаты еді. Осыны Абайдың көре білгені, айта білгені – Абайдың реалистігін, үлкен ақын екендігін дәлелдейді.

Абай тұсында қазақтың ел бастаған «жақсылары» биі, болыс, старшындар болды. Осылардың да таптық сипаттары, мінездерін байшыл ақындардың ішінде Абайдай айтқаны жоқ. Абайдың ел берекесі кетті, ел қамын ойлар жан жоқ, ел партия – сұрқияалыққа молықты дегендері де осы ел «жақсыларына» айтылған сөздер болатын. Абай жазады:

Мәз болады болысың

Арқаға ұлық қаққанға.

Шелтірейтіп орысың

Шенді шекпен жапқанға.

Оқалы тон бола ма

Ар, ұятын сатқанға?

Қолына алып,

Бәле салып,

Андығаны өз елі.

Шашты малын,

Берді барын

Боларында жұртына.

Елде сияз,

Ойда ояз

Оңбай-ақ тұр әр түрі.

Орыс сияз қылдырса,

Болыс елін қармайды.

Қу старшын, аш билер,

Өз жүрегін жалғайды.

Бас қосылса арысқа,

Кім шабады намысқа,

Жатқа қарар беті жоқ,

Жалынбай тұрар көті жоқ.

Абайдың осы аз сөздерінде көп мағына бар емес пе? Абай осы сөздерімен қазақтың биі, болыс, старшындарының таптық образдарын түгел көрсетпей ме? Ар, ұятын сатып, малын шашып, шен, щекпенге сатылмаған қазақта болыс бар ма еді? Ел жұмысында жүргендерде, елге пәле салып, елді жалмап жеген жебір болыс , қу старшын, «аш» билер емес пе еді?

Орыс патшасының қол астында қазақ халқы 150 жылдай бодан болды. Мал, жанында ерік болмады. Елдіктен шықты, жерден айырылды. Қазақ даласын қараңғылық қаптаған осы тар заманда елдің шырқын бұзып, берекесін алған, елді сыртқы жаумен бірге қан қақсатқан, талан-таражға түсіріп, қуғын-сүргінге салған тағы осы «жебір болыс, қу старшын, аш билер» емес пе еді? Абай сынды реалис ақын бұларды да көре білді. Жауыздық сипаттарын ашып айта білді. Абайдан бұрынғы қазақ ақындары патшаға барып, қазақты сатып, шен, шекпен алған қазақтың ханын, сұлтанын, би, болысын мақтаушы еді. Өзгеге үлгі, арман қылушы еді. Өзін сатып, өнерін сатып, орыстан шен, шекпен алғандар мен надан ақындар мақтанушы еді. Абай мұндай ақынның да ар, ұятын халқын сатып шен, шекпен алған би, болыстың да жексұрын екендігін өзгеден бұрын көрді. Солардың жексұрын, жеркеніш, жаман мінездерін жұртқа әшкереледі. Абайдың ишан, молдаларға берген образдары да ұмытылмайтын, тауып айтқан образдар. Абай жазады:

«Бұ заманның молдалары хәкім атына дұшпан болады. Бұлары — білімсіздік. Тіпті, бұзық пиғыл. Молдаларының шекірттерінің көбі жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлары көп болады. «Ай, үй» мен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі — әншейін бұзық түгіл, бұзықтардың бұзығы. Молдалар тұра тұрсын, «Әсіресе, бұл заманның ишандарынан сақ болыңдар… Бұлардан залалдан басқа еш нәрсе шықпайды. Өздері ғалымбыз десе де,  шариғатты таза білмейді. Көбі надан болады…» «Бұлар адам аздырушылар, адам түгіл дінге де залалды. Бұлардың сүйгені — надандар, сөйлегені — жалған, дәлелдері таспиғы мен сәлделері, онан басқа жоқ» (Абай жинағы, 305-306-беттерде).

Абай осы пікірін өлеңдерінде де айтады:

Кей бірі пірге қол берген

Іші залым, сырты абыз.

Кейбірі қажыға барып жүр,

 Болмаса да қаж парыз.

Мұсылмандық ол ойлап,

Өтеген қашан ол парыз?

Кітапті мола теріс оқыр,

Қарағайдай болып сәлдесі.

Мал құмар, көңіл бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі?

 

Тағы бір өлеңінде:

Шалма ораған сопының,

Іші арам, —

дейді.

Осы Абай айтқан молда, ишандардың надандығы ғылымға дұшпан екендігі, надан елді азғырушы, сөзі де, сопылығы да бәрі жалған, өтірік екендігі, қолдарындағы таспиғы, бастарындағы шалмаларынан басқа ештеңелері жоқ, бұлар «іші залым, сырты абыз, іші арамдар» ғана екендігі — бәрі де тауып айтылған, дұрыс айтылған сипаттар емес пе? Осы сөздердің еш бір өтірігі жоқ қой. Қазақ халқын ғасырлар бойы қараңғылықта тұтқан, ғылымнан, өнерден аулақ ұстаған қазақтың надан ханымен, байымен қосылып ап, елді сүліктей сорған, еңбекшілердің көзін бояп, жанын азғырып, малын талаған жексұрын сұмырайлар осы мола-ишандар емес пе еді? Бертін қазақ даласын орыс патшасы билегенде, қазақ халқын: «Ақ патшаға намаз қылыңдар, не айтса да, не қылса да көне беріңдер», — деп қазақты жасытқан әзәзіл сұмдардың тағы бірі осы молда-ишандар емес пе еді? «Басында сәлде, қолында таспиғы бар, іші арам, залым, сырты абыз» молда-ишандар төңкеріс заманында да не істемеді? Сөзі жалған, өзі арам, бұзық екендігін тағы көрсетпеді ме? Қазақ еңбекшілерінің надандығын, аңқаулығын пайдаланып, алдап-жегені былай тұрсын, тіпті бірінші рет қазақ халқының қолын теңдікке жеткізіп отырған пролетариат төңкерісіне де қазақ еңбекшілерін қарсы көтеруге әрекет етпеді ме? Осы құзғындардың азды-көпті жұрнағы әлі де бар ғой. Молда-ишандардың зұлымдығын, өтірік сопылығын Абайдан бұрын ашып, айтқан ешкім жоқ. Бірен-сараны болса да Абайдай айтқан жоқ.

Абайдың өлеңдерінде арын, жанын сатқан атқа мінер, ыржан-қылжанмен жалқау жігіт, тілмаш, адвокт, переводчикті (оязға) мұрат қылған интернаттағы оқушылар жайында да бірсыпыра сын сөздер айтылған. Абайдың:

 

Интернатта оқып жүр

Талай қазақ баласы.

Орыс тілі, жазуы,

Білсем деген таласы.

Прошение жазуға

Тырысар келсе шамасы.

Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой,

Иә тілмаш, иә адвокот,

«Болсам» деген бәрінде ой, —

дегендері өтірік пе?

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сөнуге!

Қалай сабыр қыларсың,

Жазықсыз, күнде сөгуге.

 

Қазақ оқушыларының көбінде осы мінез, осы сипат бар емес пе? Орыстың тілін, жазуын білдім деп, аңқау елді қан жылатқандардың бірі осы ояз переводчиктері, болыс тілмаштары, закончик адвокаттары, жалтырауық, оқалы әписерлері емес пе еді? Абай осыларды да көрді. Өзі білімге шақырып, қазақ еліне оқы, өнер тап деп отырып, қазақ оқығандарының жексұрын сипаттарында көре білгені – бұл да Абайдың реалистігін, қырағылығын көрсетеді.

Жоғарыда біз Абай заманын сөз қылғанда, қазақ даласында феодализм мен капитализімнің ыңғайласып, келіскеннің айттық. Феодализм мен капитализм біріне бірі дем берді, бірін бірі толықтырды дедік. Осы тұрмысты Абай да өз өлеңдерінде суреттей білді. Абайдың «Егін сал, сауда жүргіз, түзден мал ізде, қол өнерін үйрен, оқу-өнер тап» дегендері қазақ даласындағы капиталшылық тұрмыстың айнасы, суреті болса, Абайдың «Өсімге қол жайды, тай алып серкешке» дегені жа болмаса қазақ байының кедейге «бір жілік пен бір аяқ саумалын беріп, дереу оны жұмсайды бір жұмысқа» дегендері қазақ даласындағы феодалдық тұрмыстың белгілері еді. Шынынан да Абай тұсында серке беріп, тай алатын, қозы беріп қой алатын, тайынша беріп өгіз алатын, тиын беріп теңге алатын өсімқор, «сотқар» қазақ байлары аз ба еді?

Сұрап берген бір аяқ қымызын бұлдап, маңайындағы қоңсы-қолаңдарды, кедей ағайындарын тегін жұмысына салып қоятын байлар да аз ба еді? Кедейлерге сауын, ат майын беріп те өзіне құл қылып, кедейлерді жалақысыз жұмысына салып, салпақтатып қоятын байлар көп еді ғой! Абай осыларды да көрді.

Сөз жоқ, Абайдың қазақ даласындағы осы сықылды ескіліктерді де, жаңалықты да, елді қан қақсатқан аш би, парақор болыс, қу старшын, законшік оқығандарды да көргені, әрине, Абайдың қырағылығына, реалис ақын екендігіне байланысты. Абай сықылды күшті, талантты ақын қазақ елін түзетем деп отырып, бұларды көрмесіне, айтпасына лажы жоқ еді. Көңілі ояу, көзі ашық, әлеумет адамы болып отырып қазақтың «баспақ», «сотқар» байын, арам молдасын, «аш» биін, жебір болысын, қу старшының, законшік оқығаның, берекесі кеткен алты ауыз елін көрмеске мүмкін емес еді. Өйткені бұлардың сөздері де, істері де жұртқа түгел аян еді. Әсіресе, Абай сықылды өз қолымен ұстаған, көзімен көріп қанған қазақ ақынына анық еді.

Біз бүгін Абайдың атын көтеріп, қадірлесек, Абайдың осы өз тұсындағы көргенін, білгенін өткір тілмен жасырмай, жасқанбай айта білгендігіне сүйеніп қадірлейміз. Абайдың осы реалистігін, өз тұсының айнасы, көзі ашық үлгілі баласы болғанын көріп қадірлейміз.

Алайда, сындықтың сыны бар, реалистің реалисі бар. Абайдың реализімі, сындығы қай реализім, қай сындық? Мұны да ашып алу керек. Әйтпесе, Абайды түгел білмеген боламыз.

Қазақ ұлтшылдары (Әлихан, Ахмет, Міржақыптар) Абайға «құл» болды. Абай сынды айтты – Абайшыл боламыз десті. Төңкерістен кейін Семей оқығандары (ұлтшылдары) Абай туын көтеріп, жорнал да шығарды.  Абайды үлгі қылды. Осы «абайшылдықтың» тап сыры қайдан шықты? Мұнын таптық сыры – Абайдың бай ақыны екендігінде, Абайдың шындығы, реализімі, бай шындығы, бай реализімі екендігінде еді. Абай қанша реалис болып, шындықты айтам десе де, онын шындығы қанаты қысқа, өзі тар бай шындығы еді. Абайдың би, болыс, старшын, молдаларды боқтағандағы ерлігі, түптеп келгенде, қотан басындағы ғана ерлік еді. Абайдың бұларға айтқанынын бәрі де, шындап келгенде, тек наз еді, «Абайдың өкпесі» еді. Абайдың «баспақ», «сотқар», надан байды сөккенін алыңыз. Абай байдың бәрін сөкпеді, байшылдыққа да қарсы емес. Қайта екі сөзінің бірінде баю керек, әулие-сақабалар да бай болған дейді. Абайдың тілейтін арманы — жақсы бай, өнерлі, епті бай. Көптеп егін салатын, үлкен сауда жүргізетін, орысша оқыған, дінге жақсы түсінген – міне, осындай бай. Бай осындай болса, Абай ойынша, заман түзелер еді, қазақ елі жетілер еді. Абай қазақ байын сынағанда, осы оймен ғана сынайды. Жаман байды «жақсы» бай қылам деп қана сынайды. Абайда басқа ой жоқ. Басқа арман да жоқ. Сондықтан, Абайдың шындығы байды сынауы да көзі ашық, епті байдың шындығынан, сынынан аспайды. Абай байшылдықты сынамайды, надан баспақ байды ғана сынайды. Тап көзімен қарағанда, бұлардың бір-бірінен түк айырмасы жоқ – екеуі де бір таптың баласы, екеуі де қалың қара халықты жейді, езеді, алдайды. Өйтпеске лажы жоқ. Еңбекшілерді жемесе, алдамаса, арбамаса, бұлар байымас еді – бұлардың Абай айтқан жаман мінездері қара басының жамандығынан емес, байшылдығында еді. Бай болып отырып, елді алдамасқа, жемеске болмайды. Бұл – бай тұрмысының заңы. Абай мұны ұқпады, ұққысы келмеді. Абай байшылдықты арман қылды, тек надан, «сотқар» байды ғана сынайды. Сондықтан, Абайдың шындығы (реализімі) бай шындығы ғана болды, толық шындық-терең шындық болмады.

Абайдың аш биі, жебір болыс, қу старшындарды сынағаны да осындай ұшқары, үстірт сын еді. Абай би, болыстыққа қарсы емес. Абай би, болыс, старшындар пара алмасын, елді әрекетке салмасын, халыққа адал қызмет қылсын дейді. Сондығы, Абайдың айтар адал қызметі не? Орыс төресін ренжітпе, орыс законын дұрыс орында, пара алма! Міне, Абай шындығының бай шындығы екеніне бұл да толық дәлел. Абай:

 

Орыс теріс айтпайды,

Жаман бол деп оларды.

Қисық болса закон бар,

Сөдйеге беруге, —

 

дейді. Абайдың айтуынша, орыстың законы (патша законын айтып отыр) тура, төресі (патша шенеуліктері) әділ! Осынын өзі-ақ Абайдың орыс патшасымен келіскен қазақ байының тілегінен аса алмағандығын, Абай шындығынын осы бай шындығы екенің анықтамай ма? Орыстың (патша, байлары билегенде) законы тұрғанда, қазақ байы үстемдік құрғанда, болыстық, биліктің парасыз болмайтындығын Абай ұқпады. Абай бай табының ақыны болып отырғанда, қанша қырағы, қанша реалис болса да, ұға да алмас еді.

Абайдың молда-ишандарды сынағаны да осы тәрізді. Абай мұнда да молдалыққа қарсы емес. Абайдың тілейтіні – өтірік айтпайтын шыншыл молда. Молда болып отырып өтірік айтпауға болмайтынын, молдалықпен өтірік бір атаның баласы екенін Абай білмейді. Білгісі де келмейді. Абайдың молданы сынағаны «Малқұмар, көңілі бек соқыр, бүркіттен кем емес жем жесі» дегені – осы молдалықтан шығатын сипат еді. Молдалық құрып отырып, басқаша болуға мүмкін де емес еді. Молдалықтың өзі осы малқұмарлықтан, елді жеушіліктен туған. Ақын Абай бай ақыны болғандықтан, мұндай мәселелерге тереңдемейді. Жамандықтың түбіне, негізді себептеріне көз жібермейді. Дүниеге, тұрмысқа бай көзімен қарап отарғанда, көруге де мүмкін емес еді. Қысқасы, Абайдың қай мәселе жөніндегі сынын алсаңыз да осы байшылдығын, үстірт сын екенін көресіз. Абай тұсындағы көзі көрген байынын, би болысынын, молда ишандарынын сөлекет, қиянат істеуін көрді, сол сыртқа шығып тұрған жексұрын мінездерін білді, бірақ осылардың түпкі себебін, қайдан қандай тұрмыста болатынын ұқпады, білмеді. Бұған кінәлі, әрине, Абайдың байшылдығы, өз табынан асып кете алмағандығы.

Тоғжанов Ғ. Абай. – Казан, 1935. — 55-66-беттер

 

 

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники