Cәуле Жусанбаева. ҚазҰУ-ДЕЙ УНИВЕРСИТЕТ ҚАЙДА
Орта мектепті бітіруші жастардың алдында таңдау көп болады. Орта мектеп түлектері ең алдымен, әрине, болашақта кім болатынын, қандай мамандық бойынша жоғары білім алатынын ойлайды. Соған орай әр жас үшін қайда, қандай жоғары оқу орнында және қандай мамандық бойынша оқитынын дұрыс таңдаудың өмірлік маңызы бар.
Жоғары білімді қайда алу керек? Шетелде ме, Қазақстанда ма? Оны әр талапкер өзі шешеді. Әйтсе де мынаны ескеру керек: дүниеде әдемі, әсем қалалар көп. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері, архитектуралық айрықша құндылықтары бар. Мысалы, Қазақстанда сәулеті, салтанаты жағынан Астанаға жететін қала бар ма? Солай десек те әр түлек үшін оның көңіліндегідей қаладан артық қала болмайды.
Орта мектепті бітіргенде, менің ойымда да өзім жақсы көрген қаланың бейнесі болды. Ол – Алматы. Аспанмен тілдескен Алатау. Басында қысы-жазы ақ қар жатады. Баурайында — Алматы. Суы балдай. Алмасы қандай. Көше біткеннің бәрі тап-таза, түзу, кең. Қарағай мен қайың, қара тал мен ақ терек көше бойлап сыңсып тұр. Айналасының бәрі алма бағы. Жайнаған гүл. Аспаны ашық. Ауа-райы жайлы.
Алматының әлемнің басқа қалаларынан тағы бір артықшылығы бар: Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұр. Онда білім іздеген жастарға білім, тәлім-тәрбие беріп жүрген ғұлама ғалым ұстаздар әулеті бар. Қазақтың академик-жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовті бүкіл дүние жүзінің зиялылары біледі және аса ардақ тұтады. Бұл университетте сол кісі, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өзі, өмірінің ақырына дейін жастарға дәріс оқып, ұстаздық еткен екен. Әлемге әйгілі шығармаларының көпшілігін осы университетте ұстаздық қызметі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар атқара жүріп жазған. Басқаша айтсақ, университеттің қабырғаларында, алаңдарында, аудиторияларында Мұхтар Омарханұлы Әуезов даналығының жарығы мен жылуы бар.
Біз осындай университетте оқыдық. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өзінен дәріс тыңдай алмадық, Мұхтар Омарханұлы Әуезовті тыңдаған, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің тәлім-тәрбиесін көрген ғұлама ғалымдардан, ұлағатты ұстаздардан білім алдық. Бүгінде сол ұстаздарымыздың көпшілігі дүниеден өтіп кетті. Арамыздан ескінің көзіндей, көшкен алтынның орнында қалған асыл тамшыдай болып Әуезовтің дәрісін тыңдаған бірлі-жарым ұастаздарымызды көріп сүйсінеміз.
Бүгінде университет өз дамуының биігінде. Білім беру ісінде, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, тәлім-тәрбие беру саласында үлкен жетістіктерге жетті. Білім алушы жастардың өзге елге, шетелге шығып, олардың әйгілі жоғары білім беретін университеттері мен ғылыми орталықтарында білімдерін шыңдап, біліктілік арттырып келуі, оқытушы-профессорлардың алыс шетелдердің университеттерінде дәріс оқып келуі үйреншікті істей болып қалды. Сыртқа шығып, ел көріп, жер көріп келген студенттерімізден кейде: «Шетел университеттері беретін білім деңгейі қандай екен?» — деп сұраймыз. Бәрінің жауабы бір сарында: «Өзіміздің университет беретін білімге жетпейді». Шетелдің іргелі жоғары оқу орындарынан келіп, студенттеріміз бен магистранттарымызға, докторанттарымызға дәріс беріп жүрген шетелдік ғалымдардың бергені мен берері өз алдына бір төбе. Олардың дәрістерінің, дәріс беру әдістерінің деңгейі туралы да сұрап қоямыз. Студенттеріміздің айтатыны тағы бірқалыпты: «Университет профессорлары берген білімнен артық ешкімнен ештеңе алмадық». Студенттердің пікірін тыңдап отырып: «Сонда да оларды тыңдап, өз оқытушыларыңмен салыстырып, олардың деңгейін білудің өзінде көп пайда жатқан жоқ па?» – дейміз. Студенттеріміз бұған келіседі.
Бәрі жақсы. Бәрінен де білім алушылардың алыс-жақынды, жақсы-жаманды, пайдалы-пайдасызды айыра білетін білікті маман болып шыққаны жақсы. Солардың ортасында біздің көз алдымызда жақсылардан қалған көздей болып университеттің байырғы ұстаз ғалымдарының жүргені жақсы. Айналамызға қарасақ, сол байырғылардан қалған ардагерлеріміздің өзі саусақпен санарлықтай: Тұрсынбек Кәкішұлы, Рақыш Сәтұлы… Саусақпен санарлықтай емес, біреу-екеу ғана.
Біздің университетіміздің рухани өміріндегі үлкен жетістіктердің бірі – «Өнегелі өмір» сериялық шығарылымы. Сериялық шығарылымның бас редакторы — университет ректоры Ғ.М.Мұтанов. Осы сериялық шығарылымдарда бізге дәріс берген байырғы ұстаздарымыздың бірқатарының өмір жолы жеке кітап көлемінде баяндалыпты: Бейсембай Кенжебайұлы, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рақыш Әмір…
Факультет деканы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы осы басылымдардың баспаға дайындалып, жарыққа шығуына үлес қосқанын үлкен қанағаттанғандық сезіммен айтады. Орынды. Мұндай үлгілі, өнегелі істің басында университеттің ректоры, факультеттің деканы қатар жүруі университетке, университеттің байырғы ұстаз-ғалымдарына деген құрметтің лайықты бір көрінісі сияқты. Бәрін мұқият оқып шықтым. Көп жайлар өзіме белгілі, өзім білетін шындық оқиғалар негізінде айтылыпты. Кей жайларды жаңадан білдім. Өмірі өнегелі ұстаздарымыз жайында айтылған ойлар мен шындық жайлардың өзіме белгілілерін де, белгісіздерін де толқып отырып оқыдым. Сериялық шығарылымдардың бір ғана мен емес, мен сияқты талайлардың көңілін толқытатын, тағылымы мол, ғибраты үлкен, игілікті рухани байлыққа айналғанына көз жеткіздім. Университетке, университеттің ардақты ғұлама ұстаздарына деген ішкі құрметім мына сериялық шығарылымдар арқылы сыртқа шыққандай, жұртқа жеткендей әсерде болдым.
«Өнегелі өмір» сериясының екі шығарылымы байырғылардан қалған көздей болып ортамызда жүрген екі ардагеріміз жайында екен: 14-шығарылымы профессор Тұрсынбек Кәкішұлына, 49-шығарылымы профессор Рақыш Әмірге арналыпты.
Университеттен асқан үлкен жоқ. Сондықтан университетті құрмет тұту — Университет көрген адамдардың бәрінің парызы. Университет – мәңгі жас. Сондықтан Университетке еңбегі сіңген даналардың өмірі мен өнегесін үлгі тұту — университеттің парызы. Университетке еңбегі сіңген ғұлама ұстаздардың өмірі мен өнегесін үлгі тұту – университеттің ғалым ұстаздарының парызы. Өткенге құрмет көрсете алмаған ұрпақ келгеннен ізет көрмек емес.
«Өнегелі өмір» сериясы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің рухани өмірдегі үлкен жетістігі.
Алатаудай тау қайда. Алатаудың баурайындағы Алматыдай қала қайда. Алматыдағы бір өзі бір қала болып тұрған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндей университет қайда.
Сәуле Жусанбаева,
қазақ тіл білімі кафедрасының доценті