Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Қанипаш Мәдібай. ҚИЫР ШЫҒЫСТА ДА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕДІК

       Өткен 2014 жылдың 11-25 желтоқсан күндері Корея Республикасындағы 56 шет тілінде сабақ жүргізілетін Ханкук университетінің Орталық Азияны зерттеу институтында ғылыми байланыстар бағытында арнаулы тақырыптарда танымдық басқосулар өткізу және кәсіби тәжірибе алмасу мақсатында шақырту алып, қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Дина Ақбергенқызы Әлкебаевамен бірге ғылыми тағылымдамадан өтіп қайттық.
Ханкук университеті Орталық Азияны зерттеу институтының директоры, профессор Сон Енг Хун мырза Алаш қозғалысы тақырыбында қазақ тілінде кандидаттық диссертация қорғаған. Қазақ тілінде жатық, таза, әдеби тілде сөйлейді. Қазақстанда қызмет жасаған, біздің елді, халқын қадірлейтін, жан-жақты, жаттығы жоқ, өрелі азамат екен.
Іссапарымыз туралы сөз қозғала бастағаннан-ақ тілекшіл, ниеттес азаматтық ықыласын, нақтылы көмегін көріп отырдық.
Ик Шон халықаралық әуежайында бізді Баян (корей қызының қазақша есімі – Қ.М.) атты университет оқытушысы қарсы алды. Қысқы сессияның қарбалас уақытына қарамастан келген күннен бастап корейлік әріптестердің ілтипатында болдық.
Қазірде әлемнің бірталай жоғары оқу орындарында Орталық Азияны зерттеу институттары істейді. 2013 жылы АҚШ-тың Висконсии штатындағы Мэдисон университеті «Орталық Азияны зерттеу» орталығымен әріптестік орнатып қайтқан едік. Сол жолы АҚШ-тағы қазақ тілі мен әдебиетіне деген ынта, ықылас, қазақ тарихына зер салудың тарихи, ғылыми негіздеріне біршама қанығып, пісіп-жетіліп тұрған келелі мәселелер туралы көкейге түрлі ой түйгенбіз.
Содан кейін осы университеттің профессоры Фунда Дерин ханым біздің қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасына 2 қайтара келіп қайтты. Шығыс елдері, соның ішінде мұсылмандық Шығыс елдерінің әдебиет тарихы, қазіргі кезеңдегі даму бағыттарынан дәріс оқыды.
«Ләйлі-Мәжнүн» дастанының нәзира дәстүрінде жазылған нұсқалары тақырыбында бірлесіп ғылыми еңбек жаздық. Таяуда баспадан шығады.
АҚШ-тағы қазақ әдебиеті тарихының оқытылу бағытынан нақтылы дерек-мәліметтер жинауымызға орталық директоры, профессор Юлай Шамилоглы қолдау көрсетуге ынталы болып отыр. Келешек жұмыс бағыттарымыздың бағдарламасын пысықтап, айқындадық.
Кореяға осындай шет елдегі қазақ тілін оқыту, қазақ әдебиетінің тарихына деген ынта бағытында көкейге түйген оңы бар, олқысы бар азды-көпті ойларымызбен келгенбіз.
Ханкук университетінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті айрықша ынтамен, өзгеше бір ілтипатпен оқытылып жатқанын көрдік, сезіндік, қуанып марқайдық.
12.12.2014 күні Ханкук университетінде Кореядағы Қазақстан елшілігінің өкілімен кездесу өтті. Орталық Азия Департаментінің профессоры Әлия Құрышжанова «Қазақ тілі мамандары үшін оқыту ресурстары» тақырыбында мағлұматы мол ақпараттық-танымдық дәріс өткізді. Осы кездесуде Сеулдегі қазақ тілін оқытатын жеке меншік мектептің басшылығымен, оқушыларымен таныстық. Мектеп бірнеше жылдан бері Қазақстанмен оқушылар алмасу тәжірибесін де қолданып келе жатқан көрінеді. Тіл үйретудің өзіндік озық әдістерін қалыптастырып отырған ынталы ұжым екен. Жиынға Кореяның білім грантымен оқып жатқан қазақстандық магистранттар да келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратура бөлімінде филология мамандығы бойынша қазақша оқып, магистрлік диссертациясын қазақ, корей әдебиетіндегі ұлт-азаттық күрес тарихы тақырыбы бойынша ф.ғ.д., проф. Ө.Әбдиманұлының жетекшілігімен қорғап кеткен Ко Кенг Ми (қазақша есімі Ләззат) де осында қазақ әдебиеті тарихынан, Абайдың әдеби мұрасынан, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығынан қазақ тілінде дәріс береді екен.
PhD докторлық диссертациясының тақырыбы да қазақ әдебиеті мәселелеріне арналған. Пысықтау үшін таяуда Қазақстанға барып қайтатынын айтты. Біздер қуана құптадық.
Осы елдің адамдарының бойындағы табандылық, еңбекқорлық, кісілік мығым қасиеттерді ұдайы сезініп отырдық. Ел халқының еңсесі биік. Астамшылық, дандайсу, дабырайту дегендерді адамшылық қалыпқа жолатпайтындары қайда барғанда да көзге ұрып тұрды. Өзгеше бір шынайы кішіпейілділік бізді ұдайы жақсы әсерге бөлеумен болды. Дамыған елдің ата-бабаның ізгілік, игілік ұстанымдарын ең басты құндылық мәнінде көздің қарашығындай сақтап отырғанын көрдік.
Сапар барысында қазақ еліне деген ықылас, біздің ана тілімізді үйренуге деген құмарту, құштарлық та көзге ұрып тұрды. Кореяда бізбен таза қазақ тілінде сөйлесетін орта болды. Қазақша оқып жүрген студенттердің өздеріне қазақша ат қойып алуы дәстүрге айналған. Баян, Назым, Ләззәт, Білім, т.б.
Орталық Азия институтының директоры Сон мырзаның қазақша есімі – Құдайберген. Ол кісіні Қазақстанда өз адамындай «Құдайберген мырза» дейді.
Кореядан Жаңа жыл қарсаңында елге оралдық. Қиыр Шығыстағы қымбат жандар көп ұзамай білім мен ғылымдағы екі жақты барыс-келіс, қарым-қатынасты нығайта түсу, пысықтай түсу мақсатында келісімшарт, құжаттарға қол қою үшін әл-Фараби университетіне келіп қайтты.
Ләззәт (Ко Кенг Ми) Сон мырзаның ұйғарымымен Өмірхан ағайымен кеңесіп, басқаларымызбен ақылдасып докторлық диссертациясын қазақ тарихи романдарындағы ұлт-азаттық күрес мұраты тақырыбында жазатын болды.
Біздің тарапымыздан қазақ әдебиетінің қысқаша тарихының оқу құралын дайындап беруге уәде берілді. Тағы да басқа тараптар мүддесіне тиімді нақтылы шаралар ойластырылып пысықталды. Университетімізде дайындық бөлімінде оқып жүрген корей балаларына да көз қырымызды салып жүрмекпіз.
Қиыр Шығыстағы сол бір күндерді есіме алған сайын ел мен елдің арасын жалғайтын іссапарлардың жағымды, қайырлы нәтижелері жалғасын таба беретініне қуанамын.

Қанипаш Қайсақызы Мәдібай,
Филология, әдебиеттану және
әлем тілдері факультеті
қазақ әдебиетінің тарихы
және теориясы кафедрасының
профессоры, филология
ғылымдарының докторы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники