Он үшінші сөз
Иман деген — алла табарака уатағаланың[1] шәриксіз[2], ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына уа һәр неге бізге пайғамбарымыз саллалау ғалайһи уәсәлләм[3] арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып ақылы дәлел испат[4] кыларға жараса, мұны якини иман[5] десек керек. Екінші — кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық беріктік керек. Біреу өлтіремін деп корқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып көңілі қозғалмастай берік боларға керек. Бұл иманды иман таклиди[6] дейміз.
Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, я өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Уа әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде құдай тағала кеңшілігімен кешедідағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына[7], яки пайғамбарымыздың шафағатына[8] сыймайды уа мүмкін де емес. «Қылыш арасында серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.
[1] Ұлы тәңрі, күшті құдай
[2] Тең келмейтін, бірдей келмейтін
[3] Құдайдың жарылқауы мен рақметіндегі
[4] Дәлелдеу, дәлелмен бекіту
[5] Шын иман
[6] Біреуге еріп нану
[7] Кешу, кешіру
[8] Қорғау, жәрдем ету