ЕРМҰХАН БЕКМАХАНОВ — АЙРЫҚША АДАМ, АҚЫЛДЫ ТҰЛҒА, ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемге танымал жоғары оқу орны. Табыстарға толы 80-жылдық тарихы бар ҚазҰУ-да, атақты ғалым-педагогтар, тәлімгерлер еңбек етті. Соның ішінде, белгілі тарихшы, қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, профессор, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде алғаш Қазақстан тарихы кафедрасын ашқан Ермұхан Бекмаханов та бар. 1947-1951 жж. Қазақ мемлекеттік университетінде (казіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1951-1954 жж. тоталитарлық жүйе талантты тарихшыны қуғын-сүргінге ұшыратты. 1951 жылы университеттен қуылған Е. Бекмаханов партия мүшелігінен де шығарылып, ғылыми дәрежелері мен атақтарынан айрылды. 1952 жылдың 2 қыркүйегінде тұтқынға алынған Е. Бекмаханов, осы жылдың 2 желтоқсанында 25 жылға сотталып, ГУЛАГ концлагеріне жөнелтілді. 1954 жылы белгілі тарихшы А.М. Панкратова бастаған бір топ мәскеулік ғалымдардың көмегімен бостандыққа шықты. 1955 жылы қыркүйек айынан бастап С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (өзіміздің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) жұмысқа орналасып, ол 1957 жылы екінші рет докторлық дәреже алу үшін диссертация қорғады. 1962 жылы ғалым Ермұхан Бекмаханов Республика Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті етіп сайланды.
Ермұхан Бекмаханов артына әйгілі монографиялар мен кітаптар қалдырып, шамамен 20 ғылым кандидатын дайындаған ғалым. Оның өмірі мен қызметі келешек ұрпаққа мәңгі өшпес үлгі-өнеге.
Сондықтан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Өңегелі өмір» сериясында жарық көретін еңбектірдің 41-ін ірі тұлға Ермұхан Бекмахановқа арнап, жария етті. Кітап ұлы ғалымның өмірі мен қызметіне, 100-жылдық мерейтойына орай, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Бас редакторы: ҚазҰУ-дың ректоры, академик Г.М. Мұтанов, редакцияның жұмыс тобы: тарих, археология және этнология факультетінің деканы – А.К. Жұмаділ, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі – Т.О. Омарбеков, Ермұхан Бекмахановтың жары – Х.А. Бекмухамедова, Қазақстан тарихы кафедрасының доценті – А.Т. Ахметжанова, ҚазҰУ-дың 2 курс студенті – А.Д. Алина. Басылым 391 беттен және құнды фотоматериалдардан тұрады.
Жинақ бас редактор, ректор Ғ.М. Мұтановтың кіріспе сөзімен басталады. Кітапта т.ғ.д., профессор, ҚазССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Е. Бекмахановтың өмірбаяны мен әр жылдары атқарған кызметі, ғылыми еңбектері, естеліктер, мақалалар, хаттар ұсынылған. Сонымен қатар, белгілі ғалым ашқан Қазақстан тарихы кафедрасының кысқаша тарихы, кафедра меңгерушілерінің тізімі, қазіргі басшысы т.ғ.д., профессор, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның Құрметті академигі Т.О. Омарбековтың «Ермұхан Бекмахановтың ғылымдағы ерлігі және қатал тағдыры» атты көлемді мақаласы, кұнды архив деректері, ғалымның жеке басына байланысты құжаттары, оның ішінде: анықтамалар, куәлік, мүшелік билет, қолымен жазған өмірбаяны, ғылым докторы берілген дипломдар, ғылым атағы бекітілген аттестаттар, репрессия жылдарына байланысты құжаттар мен қатар басқа да материалдар берілген.
«Ермұхан Бекмаханов. Өнегелі өмір» атты кітапта ғалымның жетекшілігімен қорғалған кандидаттық диссертациялар мен жарық көрген еңбектерінің тізімі және де танымал ғалымдар, ақын, педагогтардың естеліктері мен мақалалары бар. Атап айтсақ, барша халыққа танымал С. Бейсембаев, Н. Дружинин, Н. Бекмаханова, А. Такенов, Г. Жұматов, Т.Тұрлыгұл, М. Қозыбаев, Қ. Нұрпейісов, Т. Қаратаев, Ж.Таймағамбетов, Л. Ахметова және т.б. Еңбек көпшілік оқырман қауымға, ғылыми қызметкерлер мен студенттерге ұсынылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары:
А. Ахметжанова, Н.Тасилова, М.Байдаулетова,
М. Өскенбай, Ғ. Искакова