АБАЙ ҒЗИ-да өткен «Абайтану» семинары
2016 жылы 24-25 наурыз күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультеті университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының базасында орта мектептің «Абайтану», «қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Абайтану» атты оқу-әдістемелік семинар өткізді. Абай ҒЗИ-дің директоры, профессор Ж.Дәдебаев қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері жөнінде кіріспе сөз сөйледі. Факультет деканы, профессор Ө.Әбдиманұлы қазақ тілі мен әдебиетінің оқу және ғылыми пән ретіндегі маңызына тоқталды.
Семинар барысында факультеттің оқытушы-профессорлары осы бағыттағы ғылыми зерттеулері бойынша мектеп мұғалімдеріне дәріс оқып, ой бөлісті. Атап айтқанда, «Абай өлеңдерін лингвопоэтикалық тұрғыдан талдау» тақырыбында профессор Анар Салқынбай, «Әдебиет пәні және оқыту әдістемесі» жөнінде доцент Мүбәрак Үмбетаев, «Абай өлеңдерінің семантикалық құрылымы» тақырыбында доцент Сәуле Жусанбаева, «Абай өлеңдеріндегі метафораның поэтикалық қызметі» жөнінде профессор Дина Әлкебаевалар дәріс оқыды, кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізді.
Абай ҒЗИ директорының орынбасары Пазылбек Бисенбаев Абай ҒЗИ-дың ғылыми жобасы аясында жарық көрген 10 томдық таңдамалы еңбектерді таныстырды. Абай ҒЗИ-дың ғылыми қызметкері, доцент Л.Ж.Мұсалы Абай ҒЗИ-дің ресми сайтын (http://www.abai.kaznu.kz/ ) және оның бөлімдерін мектеп мұғалімдеріне көрсетіп, сайт материалдарын мектептегі «Абайтану» сабақтарында пайдаланудың тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ, семинарда жаңадан ашылған Poetika.kz әдеби-ғылыми танымдық порталы да ресми түрде таныстырылды. Сайттың бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Мәмбетов бұл сайттың — қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері үшін аса қажетті ақпараттық қор екендігін атай келіп, мұғалімдердің әдістемелік еңбестерінің қабылданатынын да айтты.
Тыңдаушыларға «Абайтану» оқу-әдістемелік семинарының бағдарламасын толық игергені туралы арнайы сертификат берілді. Семинар мұғалімдер үшін кәсіби-танымдық тұрғыдан өте пайдалы болды.