Ақселеу Сейдімбеков. АБАЙ ЖӘНЕ РЕНЕССАНС
Абай өз айналасындағы адамдарға, өзі өмір сүрген қоғамға, өзі ғұмыр кешкен заманға сын көзімен қарап, кемшіліктерін тап басып көрсете білді деп келетін бір пара ой сілемі бар. Мұндай ойдың жосығына Абай туралы сөз қозғағандардың соқпай өткені кемде-кем. Рас бұл сияқты ой-тұжырым басы ашық ақиқат болғандықтан, ешқандай күдік-күмән тудырмайды. Өйткені, Абайдың сыншылlық зердесін танытатын бұлтартпас айғақты оның өлеңдері мен қара сөздерінің кез келген орамынан кезіктіруге болады. Гәп басқада. Абай көрген, Абай сынаған еріншектік, бекер мал шашқыш дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірік-өсекке әуестік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік, т.б. сияқты сорақылықтар қазақ сүйегіне біткен биогенетикалық қасиет пе, жоқ әлде қоғам мен заман болмысынан жұғысты болған нәубет пе?! Міне, тарихи шындық үшін де, ғылыми ақаиқат үшін де, әсіресе, Абайдың сыни зердесін шыншыл қалпында тану үшін де айрықша мәні бар мәселе осы болса керек. Себебі, Абайдың сыни зердесін сөз еткенде, әрісі «қу заманға» топырақ шашып, берісі «жабайы қазақты» күстаналап, сонан соң Абайды заманынан да, қоғамынан да, ұлтынан да асып туған дана еді деп қайыра салу — оңайдың оңайы. Алайда, мәселенің түйіні Абай сынап отырған жағымсыз құбылыстардың тарихи-әлеуметтік сыр-себебін тап басып саралай білуде жатыр. Әрі-беріден соң, Абайдың «кемшілікті» көруі, жеткізе сынауы бүгінгі оқырманды таң қалдырмауға тиіс. Мәселенің мәні сол «кемшіліктердің» тарихи-әлеуметтік сыр-себебін Абай танып білді ме?! Білсе, қай деңгейде танып білді? Және ол білгенін қаншалықты ашық айта алды деген ойдың өрісін абайтанудың жаңа кезеңіне көтеретін мезгіл жеткен сияқты.
Сөз жоқ, мұндай методологиялық зерде басшылыққа алынбаса, онда өзінен-өзі Абай болмысындағы ақиқат қасиеттер жаңсақ жорылатын болады. Егер, әлгі кемшіліктер қазақ бойындағы сүйекке сіңген биогенетикалық қасиеті болса, онда қазақ халқының тарих сахнасына ұлт болып шығуы былай тұрсын, оның түпкі тегі алғашқы қауымдық қоғамның «құрсағында» жатып ақ тарихтың түсігіне айналар еді.
Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — экожүйеге бейімделген біртектес өмір салтының ғана нәтижесі емес, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тезіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты сорақылықтар қазақ халқының бойында туа біткен биогенетикалық қасиет емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси-әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда қазақ бойынан Абай көрген кемшіліктерді себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашылады. Түптеп келгенде, мұндай методологиялық зерде осы уақытқа дейінгі империялық идеологияның мәжбүрлеуімен айтылып келген ой-тұжырымдардың құрсауын бұзып, Абай зары мен қасіретінің де ақиқат шындығын тануға дес береді. Ол ғана емес, одан да гөрі мәндісі — Абайдың сыншылдық зердесін парықтау барысында оны өз ұлтына қарсы қойып, ревизияшыл нигилист деңгейіне дейін көтеріп жүрген әсіре мадақтың тамырына балта шабылады да, Абай өз ұлтының мәдени-рухани өресіне айғақ ұлы түлғалардың бірі ретінде танылады. Яғни, Абайдың ұлылығы неғұрлым өзі өсіп-өнген ортаның, өзі қалыптасқан қоғамның нәтижесі ретінде танылса, солғұрлым Абайды дүниеге әкелген қазақ ұлтының тарихи аядағы мәдени-рухани өресі асқақтай түседі. Бұл әйтеуір ұлттың рухы асқақтаса болды деген бопса сөз емес, бұл — Абайдың рухани тегін тектеудің объективті сұранысы. Абай ерекше жаралған қасиеттің иесі ретінде Тәңірінің қалауымен көктен түсе қалған жоқ, ол — ең алдымен өзі ғұмыр кешкен тарихи-әлеуметтік және мәдени-рухани ортаның перзенті. Абай — өзіне дейінгі сан ғасырлар аясында қаттала шыңдалған көркемдік-эстетикалық және моралдық-этикалық ұлы дәстүрдің тұнығын сіміріп өскен бұла дарын. Абай шөлге біткен шынар емес, рухани қыртысы шүйгін құнарлы топырақтан нәр алған бәйтерек. Сондықтан да, Абай даналығы, ақыңдығы, ойшылдығы сөз болғанда, оны этностың рухани ахуалынан әсте бөліп алып қарастыруға болмайды.
Ал Абай ғұмыр кешкен кезеңдегі этностың тарихи-рухани ахуалы қандай еді?
Егер біз этностың белгілі бір тарихи кезеңдегі медени-рухани бетін анықтау үшін, бұрынғы методологиялық сүрлеуге түсіп, қоғам дамуының формациялық «заңдылықтарына» жүгінетін болсақ немесе өндіріс тәсілдерін мәдениеттің анықтауышы етіп қарастыратын болсақ, ондай жол әсіресе көшпелілер қоғамын тануда алдын-ала қателікке бастайды. Мұны тарихтың тағылымы талай мәрте дәлелдеген. Этнос тағдырындағы саяси-әлеуметтік өмір мен мәдени-рухани өмірдің арасында ұдайы сәйкестік бола бермеген. Байырғы гректердің құлдық қоғамы ширығып тұрған кезеңде классикалық өнері дүрілдеді, Еуропада орта ғасырлық діни мистиканың қанды шеңгелінде Ренессанс шешек атты, Алмания жерін Наполеон солдаттарының табаны таптаған кезде классикалық философиясы мен өнері шарықтады, крепостниктік (құлдық) Ресей XIX ғасырдағы әдебиеті мен өнеріне «алтын ғасыр» деп айдар тақты. Қоғам өміріндегі бұл сияқты саяси- әлеуметтік ахуал мен мәдени-рухани ахуалдың кереғарлығын кезінде ұлы Гегель «тарихтың тәлкегі» деп атады. Осынау «тарихтың тәлкегіне» қарамастан, дүниежүзілік таным үрдісінде мәдени-рухани жаңғырулардың бәрін Ренессанс деп атайтың дәстүр орныққан. Әдетте, жалпы Еуропалық Ренессанс, ХІҮ-ХҮІІ ғасырлар арасында өтті деп мойындалғанымен, сол ұлы жаңғыру шарпыған елдердің әр қайсысы өз ішінде өзіндік ерекшеліктерімен, өзіндік кезең-мерзімімен көрініп отырған. Дәлірек айтқанда, әрбір ұлт өзінің этникалық төлтума болмасымен шабыт тұғырына көтерілген. Еуропалық Ренессанстың тұсауын кескен Италия гуманистік дүниетанымды ту еткенімен, мейір қандыра нәр алған қайнары антикалық мәдениет болды. Адам болмысындағы ұлылықты сұлулық пен үндестіктің тоғысынан іздеген француздар Тәңірінің өзіне тұрақ болғандай ғимараттар түрғызды (Ааско, Делорм, т. б.). Ал, Алманиядағы Ренессанс ең алдымен адамдардың діни санасына реформация жасаудан басталды.
Сиректеу зерттеліп, сараңдау сөз болғанымен, Шығыс Ренессансының да өз заңдылықтарымен көрініс тапқаны — тарихи ақиқат. Бұл тұрғыда алғашқы жаңғыру қадамы Қытайда басталып (VIII- XV), конфуцилік дүниетанымды гуманистік филология ығыстыра бастаған (Н. И. Конрад). Дәл осы кезеңде (ҮІІІ-ХІІ) араб Ренессансына мұрындық болған классикалық әдебиеті де бұлтартпас айғақ ретінде көлденең тартылады (И. М. Фильштинский). Ал, ІХ-ХІІ ғасырлардағы Иран мен Орта Азиядағы поэзия, философия мен ғылымның жетістіктері Ренессанстың әлемдік аядағы кезеңдік өрлеуі ретінде мойындалады (И. С. Брагинский).
Әлемдік дамуға ықпал еткен кесек жаңғыруларды былай қойғанда, орта ғасырдан бергі кезеңдерде Еуразияда ірге бекітіп үлгерген ұсақ мемлекеттердің де өз ішінде, өз рухани тағдырында жүзеге асқан ренессанстық жаңғырулар сол елдер тарихының мерей-мәртебесі ретінде ғұмырнамасына айналған. Мәселен XII-XIII-ғасырлардағы грузин әдебиеті мен педагогикалық ойлары сол елдің төл тарихында грузин Ренессансы ретінде оқытылады (И.Джавахишвили). Ал, Армян Ренессансы грек-римнін классикалық мұрасымен кіндіктес құбылыс ретінде, жалпы еуропалық Ренессанстың аясында қарастырылады (В.К. Чалоян).
Қысқасы, белгілі бір этностың мәдени-рухани ғүмырнамасына ден қойғанда, міндетті түрде сол этносты жер бетінде дара феномен етіп орнықтырған тарихи себептерді ғана емес, тарихи кезеңдерді де тап басып, дәл тану қажет. Себебі, өнері де, өмір салты да өзге ұлтқа ұқсамайтын, төлтума қасиеті қалыптасұан ұлттың жер бетінде болуының өзі-ақ Ренессанстық құбылыс мойындалуға тиіс.
Міне, осынау ойлардың орамын жинақтап келгенде, қазақ халқы үшін Ренессанстық кезең XIX ғасырдың орта тұсы болды деген түжырымға тоқтаймыз. Қалай және қандай тарихи себептердің нәтижесінде қазақ халқының мәдени-рухани Ренессансы ХІХ ғасырдың жуан ортасында жүзеге асты деген занды сұрақ туады.
Тарихтан белгілі, соңғы үш мың жыл аясында байтақ Еуразияны айтқанына көндіріп, айдауына жүргізген көшпелілер өркениеті орта ғасырдың соңын ала қожырай бастады. Алтын Ордадан кейінгі ұсақ хандықтар этностенудің инкубациялық жөргегінен шығып үлгергенше Ресей мен Қытай (арғы жақтағыларын айтпағанда) отты қаруды игеріп алды. Жауды санап соғысуды өзіне ар санайтын көшпелілердің ержүрек батырларын шибұт самогоншы тапаншамен тырс еткізіп атып тастайтын заман туды. Жеңілген көшпелілер емес еді, жеңілген система болатын. Көшпелілер тарих сахнасына ат үстінде шығып, сол аттан түспеген қалыптарында тарихпен қоштасты.
Еуразия көшпелілерінің жақсылы-жаманды барша қасиетін тал бойына сіңіріп, кіндік жұртты қоныс еткен ең соңғы тұяқ — қазақ халқы. ХҮІІІ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап қазақ халқы Ресей империясының бұғауында үш ғасырлық бодаңдық ғұмыр кешті. Бұл бодандықты өз ішіндегі саяси әлеуметтік процестердің жүзеге асуына байланысты үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең — 1731-1822 жылдар аралығы. Яғни, 1731 жылы Әбілқайыр хан Ресейге бодан болу жөнінде ант берсе, 1822 жылы М. Сперанскийдің «Сібір қазақтары туралы Устав» деп аталатын жарлығы шығып, осы жарлықтан кейін қазақ даласында хандық билік жойылды. Халық басиесіз, орталық өкіметсіз, панасыз, қасіретке толы ғұмырын бастады. Бұл, бірінші кезеңді протекторат кезеңі дейді. Яғни, империялық Ресей қазақ даласын сырттай орап, иемденгенімен, ішкі саяси институттарға, ішкі басқару құрылымдарына, әсіресе көшпелі өмір салтына айтарлыктай өзгерістер енгізіп үлгере қойған жоқ. Протекторат саясатын бейнелеп айтар болсақ, бесігін улы жылан орап алған нәресте-қазақтың қаннен қаперсіз жатқан қалпын елестетуге болады.
Екінші кезең – 1822-1868 жылдар аралығы. Бұл кезеңде аға сұлтандық билік орнап, елдің саяси-әлеуметтік құрылымына патшалық Ресей толық бақылау жасау мүмкіндігіне ие болды. Ал ат үстінде қопиып жүрген аға сұлтандардың тізгіні Ресей әкімдерінің қолында болды.
Үшінші кезең — 1868 жылдан 1891 жылға дейін созылды. Көшпелі қазақ халқының ғасырлар бойы этникалық тұтастығына кепіл болып келген, өмір салтын төлтума даралықта қалыптастырған және шаруашылық-мәдени типіне ұйтқы болған руаралық горизонтальды құрылымын 1868 жылғы «Жаңа заң» біржола күйретіп, оның орынына иерархиялық сатылы бағыныштылықты орнатты. Нәтижесінде ел іші бір-бірімен бәсеке-бақас ұсақ-ұсақ әкімшілік жікке бөлініп, бұрынғы қарға тамырлы этникалық пәтуа-бірліктің шырқы бұзылды. Сөйтіп үш мың жыл аясында көшпелілер үшін өмір сүрудің үлгісі болып келген қандастық демократия тарихтың еншісіне айналып, оның орнын түпкі тегі Еуропа топырағында басталған индивидуалистік өмір салты басты. Бұдан былай жеке әкімшілік-шаруашылық ұжымдар ғана емес, әрбір жеке адам бірін-бірі жатсынып, бірімен-бірі бәсекелесіп, жоғарыдағы ұлықтарға жағыну арқылы пендешіл мақсатқа жетуді өмір сүрудің тәсіліне айналдыратын болды. Қазақ қоғамының бұл сияқты саяси-әлеуметтік құрылымы социалистік система кезінде де еш өзгеріссіз сақталып қалды.
Қазақ халқы бастан кешкен үщ ғасырлық отаршылдық кезеңде, системлардың алмасуына қарамастан, мемлекеттік төңкерістердің жүзеге асқанына қарамастан, саяси-идеологиялық көзқарастардың өзгеруіне қарамастан, Ресейде бір ғана жағдай өзгеріссіз қалып отырды. Ол — бодан болып отырған бұратана халықтарға деген Ресейдің репрессиялық пиғылы мен әрекеті болатын.
Міне, отаршылдықтың осы сияқты нәубетін бастан кешкеніне қарамастан, XIX ғасырда қазақ халқының мәдени-рухани әлемінде Ренессанстық сілкіністің болғаны — тарихи факт. Сөз жоқ, бұл кезеңде де Гегель айтатын «тарихтың тәлкегі» қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік өмір мен мәдени-рухани өмірдің арасындағы кереғарлықта көрініс тапты.
Ресей отаршылдығының алғашқы протекторат кезеңі қазақ даласында аттай бір ғасырға (1731-1822) созылғаны белгілі. Осынау бір ғасыр аясында қазақ халқы бұрынғыдай Ұрымы мен Қырымы бар, Қызылбасы мен Қытайы бар, Монғолы мен Манжұры бар, әйтеуір қаптаған сыртқы дұшпанға алаңдауын қойған болатын. Мұның бәріне Ресей империясы сырттай айбар болды да, қазақ қоғамы өзінің ғасырлар бойы шегіне жете шыңдалған көшпелі өмір салтымен алаңсыз қауышты. Бұл кезеңде руаралық пәтуа-бірліктер, оларды реттеп отыратын салт-дәстүр институттары, дәстүрлі моральдық-этикалық қалыптарға сүйенген билік жүйелері, әсіресе, аз күш жұмсау арқылы мейлінше мол өнім алатын ырғақты көшпелі өмір салты шыңдалған үстіне шыңдалып, қазақ халқының этникалық арман-аңсары (идеал) бұрын-соңды болып көрмеген тұтастыққа жетіп еді. Ең ғажабы протектораттық құрсау сырттан келетін қауіп-қатерге «қорған» болып, қазақтардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасап қана қойған жоқ, қазақ қоғамының өз ішінде де агрессиялық иммунитеттің сөнуіне себепші болды. «Ердің құны екі ауыз сөзбен шешілетін» кісілікті мәмле қоғамдық қалыпқа айнала бастады. Ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық толысу мен дәстүрлі қарым-қатынастың үйлесім табуы өзінен-өзі мәдени-рухани үрдісті қоғамдық мүдде деңгейіне көтерді. Былайша айтқанда, қоғамдық қатынастар қісілікті салт-дәстүрлер арқылы реттеліп, адамдардың өмір салты өнер денгейіне көтерілді.
Осынау қазақ қоғамындағы бір ғасырға созылған мәдени-рухани инкубациялық кезеңнің әбден толысқан «толғағы» XIX ғасырдың алғашқы ширегіне дөп келді. Күйшілік өнерден Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Ықылас сияқты құдіреттердің қалың шоғыры дүр ете қалды. Ән өнерінде Біржан сал, Ақан сері, Мұхит сияқты біртуарлар лебізі қазақ даласының бесік жырына айналды. Ғылым саласында Шоқан, Ыбырай, Салық сияқты сұңғылалар әлемдік озық ойлардың биігінен көрінді. Ал, поэзияда Махамбет, Абай, Дулат, Мұрат, Албан Асан, Шортанбай, Жамбыл сияқты жезтаңдайлардың аузынан шыққан сөзді иісі қазақтың баласы Құран мен Таураттың сөзіндей жатқа айтатын болды. Дәл осынау ұлы сілкініс кезеңінде қазақтың қол өнері мен сәулет өнері де ғасырлар тұңғиығынан бастау алған ұлы дәстүрін түлете жаңғыртты. Көшпелілер қолөнерінің шырқау шыңы болып табылатын алтын үзікті киіз үйлер Еуропа музейлерінің төрінен орын алып, жат жұрттық патшаларға сыйға тартыла бастады. Сарыарқаның сары белдері мен Үстірттің құба жондарында баяғы скиф, сақ заманындағы зират ғимараттары жаңғыра бой көтеріп, скифтердің даналық өрнегі салынған сынтастар, бал-бал тастар қазақ даласын музейге айналдырып жіберді. Қорқыттан кейін аттай мың жыл бойы тілін тістегендей үнсіз қалған қасиетті қара қобызға да дәл осы кезеңде тіл бітіп, бар дауысымен өмір күйін төге бастады. Биік өнердің байырғы типтері қайта жаңғырып, сал-серілік халықтық салт-дәстүрдің құрамдас бөлігіне айналды. Осының бөрі қазақ халқының азатшыл рухын көтеріп, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай сияқты елім деп еңіреп туған ерлерін дүниеге әкелді….
Айтары жоқ, ғажап қүбылыс! Қазақ халқының тарихи тағдырындағы осынау ұлы сілкіністің аяғы 60-70 жылдың ішінде, XIX ғасырдың аясында өтті. Жай өткен жоқ, қазақ халқының болмысына өзіндік дара қасиет дарытып, мәдени-рухани төлтумалығын біржолата орнықтырып кетті. Қазақ Ренессансының ұлы тұлғалары туындатқан рухани қазыналар ешқандай өзара бұлдаусыз жалпы адамзаттық игілік болып табылады.
Ал, Абай болатын болса, қазақ Ренессансы кезеңінде дүрілдеп шыққан ұлылардың бірегейі. Бұл тұрғыдан келгенде, Еуропа Ренессансының Данте мен Джоттодан басталып, Байронмен аяқталатыны сияқты, қазақ Ренессансы да Құрманғазыдан басталып, Абаймен тұйықталғандай. Бұл жай ғана әсіре теңеу емес, терең зерттеп тануды қажет ететін тарихи ақиқат. Мұндай тарихи ақиқатты неғұрлым терең таныған сайын, солғұрлым тарихи тұлғалардың болмыс-бітімі жан-жақты ашылып қана қоймайды, ен бастысы ұлт мәдениетінің тарихи парқы танылып, тек-тамыры тұлғалана түседі. Сонда, бүгінгі және болашақ ұрпақты XIX ғасырда Абайдын дүниеге келуі таң қалдырмайды, XIX ғасырдағы қазақ халқының мәдени-рухани тегеуріні Абай сияқты құдіреттерді дүниеге әкелмей қоймайтынына ден қоятын болады…
Халықтың мәдени-рухани өмірінде Абай сияқты біртуар ірі тұлғаларды сол халықтың бүкіл тарихи-әлеуметтік болмысымен шендестіру барысында феномен екенін мойындау және сол мойындағаныңды философиялық таным аспектісінде көрсете білу, түптеп келгенде, тұтас халықтың мәденн-рухани өресі мен ойлау қарымын таныту деген сөз. Жүз жерден мәдениет ауыс-түйістігі болғанымен, мың жерден жаттың ықпалы баурағанымен, төл топырағындағы тағдырлас ұрпақтардың өмір тәжірибесімен талғам-түйсігінде шыңдалып орнықпаған ұғым, сүйінтіп-ұйытпаған ой-таным әсте сол халықтың рухани игілігі бола алмайды. Мәдени-рухани қазыналарымыздың ішіндегі Абай қару еткен тіл, сөз өнеріміз мұндай жағдайда әсіресе шамшыл Абай туындатқан өлмес мұраның поэтикалық тегеуріні де, сол мұраның тіліндегі мағыналық сонылық та, ол өзін қаншалықты деңгейде «жұмбақ адам» санағанымен, өзінің замандастарына түсініксіз емес еді. «Өлең шіркін, өсекші жұртқа жаяр» деген сөз ақын мен тыңдаушы арасындағы сезім өресінің ортақтығын аңғартады. Абайдың ой-сезімі ең алдымен өз халқының, өзі ғұмыр кешкен қоғамның мәдени-рухани ахуалына айғақ ретінде қабылдану керек. Абайдың «жаны қор болып» қиналатыны айтқан сөзін жұрт түсінбегендіктен емес, оның биік парасатты ой-тұжырымына ерген, соған лайық өмір салт құрған немесе солай етуге мүмкіндік-мұршасы бар ел-жұртының болмауында еді. Одан да нақтылап айтар болсақ, Абай көксеген арман-аңсар сол Абайдың өзі беттесіп отырған отаршыл системаның антиподы болатын. Абайдың діңкәсін құртып, дәрменін тауысқан нәубет те сол еді. Бұл сол кездегі бодандықтың бұғауында булыққан басқа да көптеген елдер сияқты, қазақ халқының да басындағы тарихи трагедия болатын. Егер сол трагедияның қоғамдық өмірде көрініс тапқан мың сан сорақы салдарын «қазақтың сүйегінде бар биогенетикалық қасиет еді» дейтін болсақ, онда мұнан өткен көрсоқыр санасыздық болмасқа керек. Абайдың Ренессанстық өредегі ұлылығы сол, ол өзі ғұмыр кешкен қоғамдағы қабындап тұрған қақтығыс-қайшылықтарды қаны сорғалаған қалпында шегіне жеткен шыншылдықпен көрсетіп берді.
Ел тарихындағы Ренессанстық құбылыстың екпіні оңайлықпен басыла қоймайды. Мәдени-рухани жаңғырулардың екпіні ғасырларға ұласып, тіптен системалар мен идеологиялық ағымдардың өзін көктей өтіп жатады. XIX ғасырдағы қазақ Ренессансының әсер-ықпалын біз күні бугінге дейін рухани өміріміздің барлық саласынан айқын аңғарамыз. Осы ретте мынандай жағдайға айырықща мән беріп тоқтала кетуге болады. Тек қана Абай емес, біз басқа да ұлы тұлғаларымызға ұлттың мәдени-рухани өресінің нәтижесі ретінде қарауға дағдыланбай-ақ келеміз. Дәлірек айтсақ, қазақ халқының мәдени-рухани болмысы өзінің философиялық-эстетикалық парқын бажайлайтын зерттеуге зәру-ақ.
Тарихтан жақсы білеміз, хат танымайтын Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен Әлемдік этноконцертте екінші орын алып, күміс жүлде иемденді. Арнайы музыкалық білім алмаған Күләш Бәйсейітова небәрі 24 жасында КСРО халық әртісі атағына ие болды. Хат танымайтын Дина Нүрпейіскеліні 1939 жылы 77 жасында аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық байқауында бірінші орынды алды. Ал 1944 жылы 83 жастағы Дина Орта Азия республикаларының Ташкентте өткен онкүндігінде тағы да жүлде алды. Арнайы музыкалық білім алып үлгермеген Роза Рымбаева 1977 жылы Болгарияда өткен әншілер конкурсында Алтын Орфей бас жүлдесін жеңіп алды.
Ойды түйіндеу үшін осы мысалдар жеткілікті. Бұл не ғажап. Егер осынау қайран қалдырарлық рухани құбылыстарды жеке адамдардың қарақан бастарының ғана қасиеттері ретінде қабылдасақ, онда объективті шындықтың бір ғана қырын танығандық болар еді. Мұндай рухани құбылыстар ең алдымен халықтың мәдени-рухани өресі ретінде қабылдануы керек. Жаңағы мысалдардың бәрі де жеке адамдардың ғана қабілет- қарымының айғағы емес, ең алдымен ұлттың мәдени деңгейін, рухани өресін танытады. Ал, ондай мәдени деңгейдің, рухани өренің тегін тектесең, сөз жоқ, ел өміріидегі Ренессанстық үлы I қүбылыстарға барып тірелесің.
Ренессанстық жаңғырулардан бастау алатын текті мәдениет, асыл өнер қашанда ұлттық төлтума қасиеттерімен дараланады. Өкініштісі сол, XX ғасырдың технократтық, экономикалық және мәдени-рухани ілкімді аралас-құраласы дүние жүзі халықтарының ұлттық төлтумалығына қауіп төндіруде. Демек, алдағы даму үрдісінде елдердің, халықтардың, мемлекеттердің ерекшелігін саяси немесе экономикалық система белгілемейді, ең алдымен сол елдің мәдени-өркениетті төлтумалығы белгілейді. Олай болса, қазақ сияқты жаңадан азаттық алған елдің «жалпақшешей» бола бермей, саяси әлеуметтік, мәдени-рухани, діни-сенімдік төлтума бағдарын саралап алудың стратегиялық мәні бар.
Біз әбден дүбәраланған мәдени-рухани болмысымызға рестоврация жасау арқылы кезекті Ренессанстық сілкініске бел бууымыз керек!..
Абайтану. Таңдамалы еңбектер. Он
томдық. ҮІ том. – Алматы: Қазақ
университеті, 2016. – 218-228-беттер.