Ұлы Дала елінің тарихы сыр шертеді
Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай кафедра доценті Гүлсім Сейілханқызы Сүлейменованың ұйымдастыруымен және «Аударма ісі» мамандығының 2 курс студенттерінің қатысуымен ұланғайыр даланы қасықтай қаны қалғанша төгіп қорғаған ата-бабаларымыз бен ұлттың өткен өміріндегі асыл тұлғаларының ерліктері жайында студенттердің ой-санасына зерделеу мақсатында «Ұлы Дала елінің тарихы/ История Великой Казахской степи/ History of Great Kazakh Steppe» атты мерекелік тамаша шара ағылшын тілінде өткізілді. Шара бағдарламасын ағылшын тілін өте жақсы меңгерген Венера Нургалиева мен Диана Султановалар жүргізді.
Мереке құрметіне орай еліміздің ата тарихын сақтайтын, болашаққа жеткізетін бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға негізделген, ұлы даланың елінің өкілдері туралы ақпараттар ағылшын тілінде баяндалып, бейнебаяндар көрсетілді. Мерекенің ашылу салтанатында алғашқы сөз филология және әлем тілдері факультетінің деканы ф.ғ.д., профессор Өмірхан Әбдімановқа, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., Ph.D. докторы Данель Карагойшиева және ағылшын тілінің базалық пәнін жүргізетін Гүлсім Сүлейменоваларға берілді.
Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болғаны белгілі. Осы тұста әрбір қазақтың жадында сақталған көсемсөз шебері Міржақыптың: «Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт», деген тұжырымы еріксіз ойға оралады.
Осыған орай студенттер дайындаған ақпараттар мен көріністер тамашаланды. Жандаулетова Майя 1456 жылы Керей мен Жәнібек ханның Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап Шығыс Дешті – қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоңыс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиғадан сыр шертті. XVIII ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліскке ұшыратты. Кіші жүз әскерінің қолбасшысы болған Әбілқайыр хан Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түскені жайлы Рыскулбек Жанель тамаша баяндама жасады.
Ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат болған Абылай хан Әбілмансұр бабамыздың ат үстіндегі жорықтары, ұлағатты өмірі туралы Султанова Диана баяндама жасаса, Нурханов Жанибек Президенттіміздің дүниеге келу тарихын паш ететін «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінен алынған үзінді көрсетіп, көрермендер көңілін одан әрі шарықтата түстетін ақпараттардан ой толғады. Біздің Елбасы әлемдегі ең сыйлы саясаткер және біздің тарихымызда өз кезеңінің ілгерішіл, тамаша тұлғасы болып қала берері сөзсіз.
Осындай XY – ғасырдың орта шенінде құрылған Қазақ хандығы жайлы және мән-мағынасы бар ұлттық мерекелердің, ел мен жерді қорғаған ел ағаларының жетістіктерін әлемге танытатын, оларды ағылшын тілінде жеткізе алатын төл жастарымыз көп болғай дегіміз келеді.
Кеш соңында кафедра меңгерушісі Д.А. Қарағойшиева, ұйымдастырушы Г. Сулейменова мен «Аударма ісі» мамандығының 2 курс студенттерін ширек ғасырлық ұлттық мереке Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, оларды мақтау грамотасымен марапаттады.
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары
М.А. Жанабекова, Л.Ж. Мұсалы