Аңсаған арманым — ҚазҰУ
«Армандамайтын адам, орындалмайтын арман болмайды» — деп әкем жиі айтушы еді. Арманшыл ауылдың ерке қызына алып қала Алматыға аяқ басу, өмірдің жаңа баспалдағына өтумен тең болатын. Білім алған алтын ұясынан ұшқан балапанға, талай қыранын ұшырған қара шаңырақ ҚазҰУ-дың табалдырығын аттау бақыты бұйырды. Талай түлектің арманына айналған ҚазҰУ-да оқу менің басыма берілеген бақ болатын-ды. ҚазҰУ және оның әсем қалашығы менің жүрегімді бірден жаулап алды. Іле Алатауының баурайында орналасқан бұл мекен ерекше көркімен кез келген кісіні өзіне баурап алатыны сөзсіз еді. Шынында да, арман боларлықтай!
Өз білімі мен дарынына сенетін ізденімпаз жастардың ордасы екені анық байқалады. Отбасымнан жыраққа кетіп, жаңа ортаға түсу қиынға соқпады. Себебі, еліміздің түкпір-түкпірінен білім іздеп келген жалынды жастар, жаңа таныс болған үзеңгілес құрдас — достармен бір әулеттің балаларындай болып кеттік… Бәріміз бірге ҚазҰУ қалашығының жатақханасында қызығы мен шыжығы мол студенттік өмірімізді бастадық. Осы сәттен ҚазҰУ болашаққа нық қадам бастырар саналы мамандарын даярлауын әдеттегінше бастап кеткен еді.
2011 жылы оқу ордасының 70 жылдан аса тарихы бар Философия және Саясаттану факультетінің «Әлеуметтік педагогика және өзін — өзі тану» мамандығы бойынша болашақта білікті маман атану үшін білім алу жолын бастадым. Мен өзімнің осы сәттен бастап жаңа өмірге араласа бастағанымды сезіндім. Осылайша менің студенттік өмірім басталып та кетті… Талай ғұлама білім алған оқу ордасының қабырғасында менде өсіп жетілдім, сол кісілер отырған аудиторияда дәріс алып, олар басқан қара шаңырақтың топырағын менде бастым. Бұл мен үшін армандарымның асқағы! Оқу ордасын 2015 жылы ерекше дипломмен тәмәмдап, ҚазҰУ түлегі аттандым. Ұядан ұшырған қыраны өз саласында өзге оқу орнында қызмет жасап, қайта 2016 жылы араға уақыт салып, жыл құсындай қайта оралды. Білімімді шыңдау мақсатында өз мамандығымның магистратура бөліміне оқу түстім. Менің ҚазҰУ-ға қайта келуім, ол бір қимастық дерсің…, тіпті сағыныш па екен…, білмеймін ерекше сезім мені қайта оралуыма себепкер болды…
Қазіргі таңда маған ғылым мен білімнің шыңына жеткен, сол бір ауыр жолда ерінбей еңбек еткен, өз саласының жілігін шағып майын жеген болашақтың тарихында ұлы ғұлама болар тұлғалар дәріс береді. Атап айтар болсам, Ш. Т. Таубаева., А. Қ. Құсайынов., А. А. Булатбаева, А. К. Мынбаева және ғылыми жетекшім А. Б. Айтбаева және де ғылым жолында өзінің есімін алтын әріптермен қалдыра білген, шәкіртерінің жүрегінен орын алған К.Ж. Қожахметованы айтпай кетсем, әбестік болар. Міне, мен осындай тұлғалардың дәрісін алып, ғылым жолына қадам басып келемін. Болашақта өз шәкірттеріме осындай ғалымдардан дәріс алғанымды өмірімнің соңына дейін мақтан тұтып айтатын боламын. Білім мен ғылым жолы ауыр жол екенін біле тұра осы кісілердің ізімен алға қадам басамын – деп шештім. Қара шаңырақ ҚазҰУ – ұлылардың ордасы. Бұл сөзіме тарих куә.
Ұлылардың үнінде ұран болған — ҚазҰУ-ым,
Ақындардың тілінде жыр-ән болған — ҚазҰУ-ым
Қожекеев Темірбек, Әмірбеков Көпендей…
Қойнындағы балапан қыран болған – ҚазҰУ-ым!
Философия және саясаттану факультетінің
1 курс магистранты — Амантай Жулдыз
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбаева Айгүлім