Жақсы мамандық – жақсы болашақтың бастауы!
ҚазҰУ – әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарлардан көрініп, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда танымал болған заманауи білім ордасы. Қара шаңырақтың студенті атану бүгінде талай түлектің арманы. Мыңдаған мамандықты бір арнаға тоғыстырған берекелі орда QS халықаралық рейтинг агенттігінің есебі бойынша әлемдегі үздік 800 университет арасында 275-ші орынды иемденіп, ең үздік 300 университет қатарынан көрінді. Осылайша әлемдік білім нарығында бәсекеге қабілетті екендігін айшықтады.
Әр жыл сайын ҚазҰУ-дан талай маман даярланып, еліміздің білікті кадрларына айналуда. Есте жоқ ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмады. Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар, сәйкесінше, түрлі мамандықтар келді.Осы орайда, жас түлек назарына «мәдениеттану» мамандығы туралы ой тастауды жөн көрдік.
Кәсіби маман болатын студенттің ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух пен саналы сезімін дамытып, алғыр тұлғаны қалыптастыру мақсатында «Мәдениеттану» мамандығы осыдан 20 жыл бұрын құрылған болатын. Мәдениеттану — бұл студенттердің қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, тілдік және ғылыми қызығушылықтарын арттыруға бағытталған қоғамдық пән болып табылады. Мәдениеттану мамандығының студенттері факультет, университет, қалалық және республикалық деңгейде әр түрлі конкурстар мен дөңгелек үстелдер, іс-шаралар өткізеді, әрдайым көрмелерге, кинотеатрларға, театрларға, қала мұражайларына студенттік мәдени экскурсиялар, мәдениет саласында қызмет етіп жүрген дарынды өнер қайраткерлерімен қызықты кездесулержәне т.б. іс-шаралар өткізіп тұрады.
Студенттерді тілдік, мәдени және ғылыми қызығушылықтарын біріктіретін мәдениеттану мамандығы болашақта интеллектуалды, креативті маман даярлауға өз септігін тигізеді деген сенім білдіре отырып, мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалауыңызға тілектеспін!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті
Аликбаева М.Б.
4 курс студенті
Утешова Р.