Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

ҚАЗҰУ – БІЛІМ, ҒЫЛЫМ, БОЛАШАҚ

1934 жылы еліміздің алдыңғы қатарлы универсиеті, қарашаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің іргетасы қаланды. Қазіргі таңда ҚазҰУ ең керемет деген әлемдік университеттер қатарында 236 орынды иеленіп отыр. Сонымен қоса, ҚазҰУ 25 елдің 400-ден астам университтерімен бірге қызмет жасауда. Бұл тікелей ҚазҰУ-дің студенттеріне өзге елде білім алып, тәжірибе алмасуға жол ашады.

ҚазҰУ-да оқып жүрген әрбір студенттің университетке түсу оқиғасы бар, ендеше мен өзімнің ҚазҰУ-ды таңдау оқиғам туралы айтып берейін. Мен алғаш рет Алматыға 12 жасымда келгенмін. Қала сондай әдемі, биік ғимараттар мен әсем саябақтарға толы еді. Әпкем мені күнде қаланы көрсетемін деп қыдыртатын. Бір күні біз көшемен келе жатып, әпкем маған «мынау менің бітірген университетім» деп көрсетті, мен көп ғимараттарды көріп түсінбей қалдым, біраз ойланып «қай ғимаратты айтасың» деп айтып үлгеріп едім, ол күліп жіберді. Біраздан соң, әпкем маған «жүр ҚазҰУ-ды көрсетейін» деді. Біз ағаштары көп саябақ сынды, ғимараттарға толы кішігірім қалашыққа кірдік. Шынымды айтсам, қаланың ішінде тағы бір қалашық көремін деп ешқашан ойлап көрмеппін. Қалашықтың территориясы, табиғаттың сұлулығы мені қатты таңғалдырды. Сол сәттен бастап, өзіме уәде бердім, болашақта мен міндетті түрде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті атанамын деп. Содан бері, ҰБТ-ны тапсырып, алтын белгі алуға, болашаққа зор үмітпен қарауға маған ҚазҰУ күш-жігер берді. Мен өз университетімді мақтан тұтамын және жақсы көремін. «Қай жерде оқып жатсың» деп сұрақ қойғанда, қуанышпен «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде» деп нақты әрі анық жауап беремін.

Алғаш университетке түскен сәтімде үйді сағынып, кейде өзімді жалғыз сезінетінмін. Бірақ, ол ұзаққа созылмады. Біраз уақыттан соң 18 мыңнан астам студенттен тұратын отбасының мүшесіне айналдым. Университетімізде дәстүрлі түрде өтетін «Жалын» бірінші курс таланттары, «Студенттік көктем», «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны», «Сұңқар кубогы» сынды іс-шаралар белсенділігімді, қызығушылығымды арттырып, шынайы студенттік, қызықты өмірдің басталғанын сезіндірді. Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілетін ұйымдастыру мақсатындағы жастар ұйымдары мен үшін өз есіктерін ашты. Оның құрамында «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, «Жас Отан» жастар қанаты болды. Мен ойланбастан, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі болуға бел будым. Ұйым белсенді мүшесі ретінде түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға атсалыстым. Ғылыммен айналысамын деген студенттер үшін университет түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер, дәстүрлі «Фараби әлемін» ұйымдастырады. Одан да қаламын ба деп, мен өз мақаламды конференцияға ұсындым. Үлкен аудитория алдында өз ойымды жеткізуге, дәлелдеуге, қорғауға үйрендім. Өзге идеяларды тыңдап, студенттермен пікір алмастым. Шынымен де, біздің университетте қаншама дарынды, ақылды, талантты студенттердің барына көзім жетті. Кейде теледидар көріп отырып, кереметтей басшылардың, профессорладың «ҚазҰУ»-дың түлегімін деп айтып жатқанын естіп қаламын. Сол адамдарға білім беріп, тәрбиелеп шыққан педагогтардан менде білім алып жатқанымды ойласам, менің мақтанышыма, қуанышыма шек жоқ болып қалады. Ол адамдардың қандай биікке жетсе де білім алған университеті мен педагогтарын ұмытпауы үлгі аларлық іс.

Қазіргі таңда, мен Философия және саясаттану факультетінің, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының «педагогика және психология» мамандығының 4 курс студентімін. Мен өз мамандығымды бірінші етіп таңдап түскен соң, мамандығым маған ұнайды. «Педагогика және психология» мамандығы туралы 9 сыныпта білген едім. Осы мамандық аясында тақырып таңдап, жас ғалымдар конференциясына қатыстым. Қызыққаным сонша, таңдауымды осы мамандыққа тоқтаттым. 3 курста оқып жүргенде мамандықтар арасында өтетін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орын студенттерінің Республикалық пәндік олимпиадасына қатыстым. Бас жүлдеге ие болған сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Өзімнің орын алғаныма емес, ҚазҰУ-ның, кафедрамның, мамандығымның еңсесін көтергеніме көбірек қуандым. Топпен бірге талай жарыстарға да қатысып үлгердік. Мамандығым мақтанышым, Smart эдвайзер, Көңілді тапқыштар клубы, т.б. айта берсең көп. Әкем бұрын «студенттік шақ – өміріңдегі ең керемет сәт екенін ұмытпа» дейтін. Сол себепті, өзімнің студенттік өмірімнен барын алуға тырысудамын.

Міне, қазір 4 курсты бітіруге жақын қалып, дипломдық жұмыс жазудамын. Дипломдық жұмыс тақырыбым: «Педагог-психологтың дамытушы орталықтардағы ауыр науқасты балалары бар отбасымен жұмысы». Бұл тақырыпты таңдау себебім, ауыр науқасты балалары бар отбасы саны артуда, ал бұл өзекті мәселе. Оларға тек медициналық көмек қажет емес, сонымен қатар, психологиялық қолдау, түсіністік қажет. Осы тақырыпты қорғау негізінде, қоғамға кішігірім көмек әкелемін деп кәміл сенемін. Кейбір адамдар менің мамандығымды аса түсіне бермейді және тіпті кейбіреуі салғырт қарайды. Менің мақсатым, үлкен қоғамда өз орнымды тауып, таңдаған мамандығым бойынша белестерге жету. Мен ҚазҰУ-дың студентімін, сол себепті жоғарғы деңгейде қоғамға көмек беріп, мемлекетке қызмет етумін керек. ҚазҰУ маған білім берді, ғылымға құштарлық оятты, өнердің түрлерін үйретті, белестерге жетеледі, достар сыйлады, армандарды оятып, мақсаттарға бағыттап, мен үшін ешқашан ұмытылмас естеліктер қалдырды.

Мақала соңында, мектеп оқушыларына айтар сөзім: «Армандаңыздар, мақсат қоя біліңіздер, ештеңеден қорықпаңыздар. Қандай мамандықты таңдасаңыздар да, оны жақсы көріп, сол саласада шебер болуға ұмтылу керек. Жақсы немесе жаман деген мамандықтар жоқ, шебер және өз ісін аса білмейтін мамандар бар».

 

 

Педагогика және психология мамандығының

4 курс студенті Атахан Арайлым

Ғылыми жетекші: п.ғ.д., кафедра профессоры Булатбаева Айгүл Әбдімажитқызы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники