ҚазҰУ-дың педагогика және білім беру менеджменті кафедрасына 77 жыл!
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы туралы не айтуға болады?
- «Ұстаз- ұлық емес, ұлы қызмет»-деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтып кеткендей, ұстаздың алдында талай хандар мен билеушілер де бас иген. Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт демекші, барлық сый мен құрметпен қатар ауыр еңбек пен талмайтын шабытты талап ететін мамандық иелерін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1940 жылдың 12 қаңтарынан бері даярлап келеді. Міне, 77 жыл бойы бүгінде педагогика және білім беру менеджменті атанған кафедраның түлектері, елдің өскелең ұрпағын тәрбиелеуде үлкен еңбек атқаруда. Философия және саясаттану факультетінің тарихы мол ежелгі кафедрасы «әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «педагогика және психология» мамандық иелерін тәрбиелеп шығарады.
Ш.К. Кокымбаев, Т.Т. Тажибаев, И.С. Абдыхамит, Қ.Б. Бержанов, Х.Қ. Аргынов, Б.Ж. Садыков, Г.К. Ахметова, З.А. Исаева секілді Қазақстанның педагогика ғылымының дамуына өшпес із салған ұлы тұлғалар мен ұлағатты ұстаздар кірпішін қалаған қара шаңырақта білім алу арманы жаңа ұрпаққа ғасырлар бойы жинақталған барлық бағалы дүниелерді беру болған болашақ педагог үшін үлкен ғанибет, мақтаныш!
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы маған не берді?
- Биыл қара шаңырақта білім алып келе жатқаныма 5 жыл болады. Кеше ғана өмір жолымды қай ағынға қарап арнасын бұратынын білмей, үлкен таңдау алдында тұрған жас түлек едім, қазірде ҚАЗҰУ деп аталатын үлкен мұхиттың бір кішкентай тамшысындай тамыры терең жайылған педагогика ғылымынан өз орнымды қалауға талмай еңбек етіп жүрген шәкіртпін.
Ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасы маған күн мен күнге қарап өсетін күнбағысты есіме салады. Расында ұстаз күн секілді оқушыға білім арқылы шексіз энергия сыйлайды, барлық біліммен сусындаған шәкірт күнбағыс секілді жайнап өсіп шығады. 5 жылдың ішінде Қазақстанның А.Т. Табылдиев, К.Ж. Қожахметова, Ш.Т. Таубаева, А.Қ. Құсайынов, А.А. Булатбаева, З.Б. Мадалиева, Е.С. Оналбеков және т.б. секілді белгілі педагогтары мен профессорлары білім нәрімен сусындатты. Отандық белгілі педагогтармен қатар кафедраның арнайы шақыртуымен келген шет елдік атақты педагогтардан дәріс алдым. Олардың қатарында Л.В. Мардахаев, А. Тайсум, И. Дерижан, П. Митеева және т.б бар. Әр ұстаздан, тек білім ғана алып қоймай, оның рухани дүниесімен танысып, тәрбиесін бойыңа сіңіріп аласын. Әр ұстаз менің өмірлік ұстанымым мен әлеуметтік педагог ретіндегі қасиеттерім мен қабілеттерімнің қалыптасуына, кешегі арманымның бүгінгі мақсатыма айналуына үлкен үлес қосқан, мен қарап бой түзейтін күніме айналды.
Бүгінде біздің шаңыраққа 77 жыл! 77 жыл бойы жүректері махаббатқа, жүздері мейірімге толы ұстаздарды, еліміздің болашақ ұрпақтарын, шамшырақтарымызды тәрбиелеп келе жатқан білім ордамызға мақтан тұтар шәкірттері мен жемісті іс-шараларының көп болуын тілеймін.
Сүлеймен М.М., әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 1-курс магистранты