ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭТНОСТАР ТАРИХЫ ТУРАЛЫ МАТЕРИАЛДАР НЕГІЗІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жағдайындағы жас ұрпақ тәрбиесіндегі жастардың өмірлік құндылықтарының өзгеруі, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардан, адамгершілік және моральдық нормалардан алшақтауы, отбасының тәрбиелік рөлінің әлсіреуі, тәрбиедегі этникалық элементті бағаламау, девиантты мінез-құлықты жастар санының артуы, әлеуметтік селқостық, адамдар арасындағы қарым-қатынастарда ізгілік пен игіліктің жетіспеушілігі және т.б. қарама-қайшылықтар жалпы орта білім беру үдерісінің тәрбиелік және әлеуметтендірушілік қызметтерін күшейтуді, тәрбие мазмұнын жаңартуды талап етеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Жолдауында « … туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды. Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз» деген сөзінің мәні зор.
Қазіргі қоғам кез келген ортада өмір сүруге бейім, өзінің бар мүмкіндіктерін жан-жақты таныта алатын, қарым-қатынасқа қабілетті, тіл табыса алуға мүдделі дара тұлғаны тәрбиелеуді қажет етіп отырғаны белгілі.
Білім беру жүйесінде оқушылардың толеранттылығын Қазақстанның этностар тарихы туралы материалдары негізінде қалыптастыру «Өзін-өзі тану» сабақтарының барысында жан-жақты білім алуына мүмкіндік туғыза отырып, ол оқушы өз елінің тарихын, мәдениетін, еркін және өнегелі, басқа этнос өкілінің абыройын, құқы мен еркіндігін сыйлайтын және қазақ халқының мәдени-тарихи тәжірибесі мен республиканың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне сүйене отырып, қалыптасуына ықпал жасайды. Осыған байланысты педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының 4 курс студенттері педагогикалық практика барысында оқу процесінде, яғни «Өзін-өзі тану» сабақтарында 1-11 сыныптарда қолданады.
Қазақстанның этностар тарихы өмір бойы жалғасатын үздіксіз үрдіс ретінде этностық құндылықтарды, этноәлеуметтік рөлдерді және халқының салт-дәстүрінде шоғырланған этностық нормаларды меңгерту, этностық өзіндік санасын оятып, өз ұлтына, тіліне, тарихына, мәдениетіне деген мақтаныш сезімін және басқа ұлт өкілдеріне сыйластық, түсіністік сезімін қалыптастыруды көздейді. Сондықтан, оқушылардың толеранттылығын Қазақстанның этностар тарихы туралы материалдары негізінде қалыптастырудың мәні – басқа ұлт өкілдерінің сыртқы түрін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін принципті түрде қабылдай алуында деп түйіндейміз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
философия және саясаттану факультеті педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының оқытушысы
п.ғ.к., доцент, Мамырбекова Гүлсан Арипқызы
«Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану»
мамандығы 4 курс студенті
Досымбай Айзада