Қосдипломды білім беру бағдарламасы — ғылыми бағыт ізденушілері үшін зор мүмкіндік!
Жаһандық дамудың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасының алдында тұрған аса маңызды стратегиялық міндеттердің бірі – мемлекетіміздің, сонымен қатар жоғары білім беру саласының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету болып табылады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Жаңа онжылдық –жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» жолдауында «Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университтері рейтингіне енуге ұмтылуы керек» деп атап көрсеткен болатын. Аталған мақсатқа жетудің аса маңызды бөлігі Болон процесіне қатысу болып табылатын Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне енуге әрекет етуіне айрықша мән беріліп отыр.
Осы тұста, Қосдипломды білім беру бағдарламасы халықаралық білім беру кеңістігіне бірігудегі аса маңызды тәжірибелік жолы болып табылады. Бұл бағыт жоғары оқу орнының білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулер, университеттің әлемдік білім беру кеңістігінде бәсекелесуге қабілетті болу тұрғысынан университеттің стратегиялық даму мүдделеріне сәйкес келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы «Педагогика және психология», «Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану» мамандықтары бойынша Б.Н. Ельцин атындағы Урал Федеральды Университетімен қосдипломды бағдарлама бойынша келісім орнатып, ғылыми-педагогикалық бағыт магистранттарын даярлауда Жастар ортасындағы превентология саласында бірлескен әрекет жүргізіп жатыр.
Қазіргі қоғамдағы қалыптасқан көптеген жағдайлар жастар ортасындағы аддиктивті жүріс-тұрыстардың алдын-алуға айрықша назар аудартуда. Ауытқушылық жүріс-тұрыстың алдын-алу мен диагностикалық жұмыстарды жүргізу, әдіснамасы мен технологиясы осы бағыттағы ізденушілердің ғылыми диссертациялық жұмыстарының тақырыбына негіз болып отыр. Қазіргі күнге дейін кафедра көлемінде 4 магистрант қосдиплом иегері атанып, 12 магистрант білім алуда. Бағдарлама координаторларының ««Превентологиялық әрекеттің жүйелік аспектілері»», ««Демографиялық жүріс-тұрыстың моделдері» секілді тақырыптарда жүргізген дәрістері превентология бағытындағы болып жатқан іс-әрекеттің жаңа бағыттарымен, беталысымен толығырақ танысуға өз ықпалын тигізді.
Біздің негіздеуіміз бойынша тәуелділікті профилактикалау аумағындағы жаңа мамандар болып табылатын превентология магистрлері қоғамымыз үшін шын мәнісінде де қажетті. Олардың дайындығына әлеуметтік тапсырыс әлеуметтік педагогика ғылымында кәсіби білім беруде практикалық түрде ұсынылмаған, дегенмен де біз «Жастар ортасындағы превентология» білім беру бағдарламасын аддикцияның түрлі типтеріне профилактика жүргізу саласында жаңа кәсіби деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді деп үміттенеміз.!
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия және саясаттану факультеті
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры Ш.Т. Таубаева,
6М012300-Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 1 курс магистранттары
А.Ғ. Тоқтасынова, С.Ә. Насыров.