«Абайтану» Ғылыми-әдістемелік семинары
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты Тараз инновациялық гуманитарлық университетінде «Абайтану» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинарын өткізді. Семинар ұлы Абай шығармашылығын зерттеу, оқыту және насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Ғылыми-әдістемелік жиынға ТИГУ оқытушылары мен ғалымдары, сондай-ақ, Тараз қаласы орта мектеп, гимназияларының «Абайтану», «қазақ әдебиеті», «қазақ тілі» пәндерінің мұғалімдері қатысты. Семинар бағдарламасы 48 сағатқа есептелген Тыңдаушыларға Абай ҒЗИ-дың ресми сайты, «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымы таныстырылды, абайтану бойынша кейбір өзекті мәселелер талқыға салынды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық бірегейлік мәселесі Абай Құнанбаев есімімен тығыз байланысты екендігі туралы мәселе қозғалды. Осы бағытта «абайтану» курсын ЖОО-лардағы гуманитарлық мамандықтардың бәріне де жүргізудің өзектілігі атап өтілді.
Семинарды Абай институтының ғылыми қызметкерлері өткізді. Семинарға қатысқан тыңдаушыларға «Абайтану» ғылыми-әдістемелік семинарының бағдарламасын толық игергені туралы сертификат берілді. Тыңдаушылардың семинар бағдарламасы бойынша дайындаған әдістемелік зерттеу жұмыстары мақала түрінде Абай институтының вебсайтында http://abai.kaznu.kz/ жарияланады.
Ләйла Мұсалы, ҚазҰУ-дың доценті