Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Абайтану бойынша таңдамалы еңбектердің ХVІІ-ХХ томдары жарық көрді

img-20170829-wa0007

«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының кезекті ХVIІ-ХХ томдары жарық көрді. Таңдамалы еңбектердің абайтану саласындағы маңызы жоғары.

«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының он жетінші томына енген Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» еңбегі – ұлы ақын Абай шығармашылығы жайлы монография. Ол бұл кітабында автор ақын мұрасын жан-жақты талдап, оған барынша терең, ғылыми баға берген.

«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының он сегізінші томына Қ. Мұхамедхановтың Абай шығармашылығы туралы жазған еңбектері енді. Кітап құрамдас екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Абай шығармаларының текстологиясы жайында сөз болады. Екінші бөлім Абайдың екі томдық толық жинағының (1977) бірінші томына енген өлеңдеріне, дастандарына берілген түсініктемелерден тұрады. Абайдың ақындық даналығын тану ісінде автордың Абай шығармаларының текстологиясы және Абай өлеңдері мен дастандарының мәтіндеріне берген түсініктемелерінің маңызы зор.

«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының он тоғызыншы томында Л.М. Әуезованың «Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелері» атты еңбегі жарық көріп отыр. Кітапта Абайдың өмірі, өскен ортасы, мәдениетаралық байланыстары тарихи өмір шындығы, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер аясында қарастырылады. Абайдың өмірі мен заманының М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында бейнелену жолдары пайымдалады. Еңбек бай дерек көздері негізінде жазылған.

«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының жиырмасыншы томына енген Т. Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты монографиялық еңбегінде Абайдың ақындық өнерінің, талант табиғатының, әлеуметтік-этикалық, философиялық ойларының тереңінде жасырынған «жұмбағын» шешуді мақсат еткен. Осы мақсат аясында автор өз монографиясында Абайдың ақындық даралығы, даналығы туралы тың ізденістерге, жаңа пайымдауларға барады. Еңбекте ақынның әдебиетаралық байланыстары, ақындық өнерінің бастау көздері, көркемдік шеберлігі, аудармашылық өнері, ақындық өнерінің ішкі сыры мен сыртқы қырлары ашылған.

Томдардың жалпы редакциясын басқарған филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. Дәдебаев. Баспаға дайындағандар: ф.ғ.к. Е. Кәрібозов, ф.ғ.к. Л. Мұсалы, жас зерттеушілер Б. Баязитов, Г. Ысқақова.

Томдарға енген еңбектердің  білім  алушы жастарға,  жас мамандарға,  сондай-ақ зерттеушілерге, ақыл-ой қазынасын байыту жолындағы көпшілікке берері мол деген сенімдеміз.

 Ләйла Мұсалы, ҚазҰУ доценті

Индира Әзімбаева, аға оқытушы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники