Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

АБАЙ ЖӘНЕ БІЗ

Әдебиеттанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бір сұхбатында: «1940 жылы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романының бір тарауы – «Татьянаның қырдағы әнін» газетке жариялады. Жұрт жаппай оқыды. Роман шыққанда Бауыржан Момышұлы оған «Сені әдебиеттің полковнигі деп атаймын. Есейген Абайды білуші едім, бала Абайды білмеппін» деп хат жазды. «Қазақтың бас ақыны» Абайдан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін мықты, хакіммен деңгейлесе алатын ақын болған жоқ», – депті.

Расында да, Абай – Әлем. Оған бару бар да оны тану бар. Ұлы ақын әрі ойшылдың мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойғы мән-маңызын жоймайтын рухани қазынасы іспеттес. Заман өзгеріп, санада сапырылыстар пайда болған сайын әлгі «байлық» өзін жаңа бір қырынан көрсетіп, құм ішіндегі алтындай алыстан арбай түсері анық. Бүгіндері Алаш жұрты Абайдың әр сөзін, әр өлеңін жаттап алып, айтып жүр. Кезінде: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз», – деген Міржақыптың өзі қазір қазақ руханиятының бір бөлшегіне айналып кетті. Өлмес өлең, өшпес мұра қалдырған шайыр күн өткен сайын зорайып барады. Абай – шың, Абай – биік, Абай – тау, оған барлығы шыққысы бар. Әсіресе, жастар. Осы ретте, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Филология факультетінің 1 курс магистранттары ақын жөніндегі ойларын ортаға салған екен. Соны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Аягөз Ибрагим:

– «Абай және біз» деген тақырыпта сөз қозғамас бұрын, «Абай кім?» деген күрмеуі қиын сұраққа жауап іздеп көрейікші. Барша қазақ халқы ең әуелі Абайды ақын, жазушы ретінде ғана таниды. Оның толып жатқан басқа да ауыз толтырып айтар қасиеттерінен бейхабармыз. Кейде «мүсіні тұрса да , орыс жастары Абайдың кім екенін білмейді екен» деп налып жатамыз. Асылында, Абайдай қазақ ұлтының жанашыры, біртуар тұлғасы жайлы қанық білер қазақ жастарының өзі саусақпен санарлық. Абайдың асқан білімдарлығы, даналығы, данышпандығы, ұлылығы, «қара қылды қақ жарып», тура билік жүргізген әділеттілігі, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай білген кемеңгерлігі туралы сөз айту, ой айту оңай, бірақ сол сөзіміз бен ойымызды Абайдың жүрегіне терең бойлап түсіну қиын. Екінші жағынан, Абайды түсіну бізге қиын деп, үн-түнсіз отыруымызға да болмайды. Абай өзінің даналық ойларын, өсиетін елінің келер ұрпағына арнаған. Сол келер ұрпақтың бір буыны – бізбіз. Сондықтан Абайды біз түсінбесек, кім түсінбек? Абайды білуге біз құлшынбасақ, кім құлшынбақ?

Әйгерім Жұматаева:

– Аягөз өте дұрыс айтып отыр. Менің ойымша, Абай өлеңдерi әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қай өлеңiн оқысақ та, зығырданы қайнаған шерлі ақын елді түзеудің амалын қарап, тығырықтан шығар соқпақ іздеп, басын тауға, тасқа соқса да, жол таба алмай, ақыры елінің ырқынан айрылып, өзгеге бодан болатынына бармағын шайнайды.

Қате айтып қайтеміз, қазақ халқы әлі де бірлігін тұтастай жия алмаған секілді. Көпшілік, ұлт болған соң түсінікті деуге болар. Біреулер ерінбей еңбек етудің орнына, ұрлықпен мал табуға бет бұрса, біреулер шетке жер сатуға, енді біреулер жағымпаздыққа, бірі қазақ қыздарын жат елдің азаматтарына тұрмысқа шығуға шақыруда. Тәуелсіздіктің қадірін түсінсек те, кейбір тұстарда, жер байлығы мен ел байлығын жарастыра алмай жатқан жайымыз да бар. Сол себепті Абай өлеңдерін көбірек оқып, әсіресе, өскелең ұрпаққа ұғындыра білсек, ақынның арманы орындалар ма еді деп ойлаймын. Жиырма жеті жасында қыршын кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыров жазғандай: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, жалықпа!». Асыл сөзді ғана емес, адамдықты, туралықты, даналықты іздесек, бәріміз дамудың басты негізі, іргетасы, биік белесі боларлық Абай шығармаларымен айнымас дос болуымыз қажет деп білемін.

Анар Қайнарбаева:

– Абай өз заманынан бір-екі ғасырға алда болған десем, қателеспеймін деп ойлаймын. Ол өмірінің соңына дейін елін ілімге, сауаттылыққа шақырып өтті. Сол заманда айтылған ұлы ойшылдың сөздері әлі күнге дейін ұрпағымызға өнеге болып келеді, әлі күнге дейін үлгі етеміз.

Менің байқағаным, негізі Абай зияткерлік тақырыбын, нағыз адам, тұлға болып қалыптасуды өзінің көп шығармаларында өзекті мәселе ретінде айтып өткен. Жазушының басты мақсаты – сауатсыз елін ағарту, ілімге шақыру, намысын қайрау болды деп ойлаймын.

Кез келген жанның шын мәнісіндегі адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбекті қажет ететін, ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс екені барлығымызға да мәлім. Осыған орай Абай шығармаларында әрбір адамның ішкі рухани қазынасының молығуы тікелей сол адамның қолындағы іс екенін жақсы мәлімдеп жазған. Айтқанына құлақ ассын деп күйіп-піседі, түсінбесе, ашынады, ызаланады. Өзі білмесе де, білгеннен үйренсе екен дейді, алайда, көп жұрт түсінбейді, түсінсе де жасамайды. Айта-айта шаршаған, елінен күте-күте қартайған Абай реніш назын айтады. Егер адам қаншалықты ақылды, ғазиз болса да, жанына ешкім ермесе, айтқанын тыңдамаса, тоқтатқанына көнбесе, олардан не пайда, өзімнен не пайда деп мұңаяды, бірақ елінен безіп қайда барар дейсіз?!

Абай халықты бақытты болашаққа бастар жолды іздеді. Сол жолда аянбай тер төгіп, өз заманының сипатын, халқының сол кездегі жағдайы мен психологиясын, жеке адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді көрсетті.

Біздің заманымыздан Абайдың дәуірі, заманы бөлек, біздің ойымыздан Абайдың ойы да, әр нәрсені саралауы да өзге. Қазіргі жастардың пікірі осындай болып келеді. Менің ойымша , заманның сыртқы көрінісі өзгерсе де, ішкі мазмұны көп өзгермеді. Мазмұны деп отырғаным – сол заманның рухани байлығы, басты мұраты мен мақсаты. Егер де Абайдың заманындағы адамның іздегені, Құдайдан тілегені, жанын салып жинағаны мал болса, біздің заманымыздағы адамдар да бұл жағынан ешкімнен кем қалатын емес.

Жақсылық жасаудан жамандық жасау оңай, тапқаннан гөрі шашқан оңай, еккеннен төккен оңай. Қарапайым халықтың, қалың момынның, жоқ-жітіктің ақысын жеп, дүниені арамнан жиғандарға не деуге болады?! Осындайда Абайдың Бірінші сөзі ойға оралады. Бірақ Абайды кім оқып жатыр? Абайды кім тыңдап жатыр?

Үміт Нұрғалиева:

– Елдің, әсіресе, жастардың жағдайына алаңдаған хакімнің болжамын қазіргі жастардың хал-ақуалымен салыстырып көрсек. Ақынның сол кездегі уайымы ақтала ма бүгінгі таңда? Жиырма бірінші ғасыр – ғылым дамыған, білімнің биік шыңына жеткен заман. Қазақ жастары қазіргі таңда шетел асып, білім қуып жатқаны қуантарлық жағдай. Десе де, оның бізге қаншалықты пайдасы бар. Білімді жастардың ішінде қазақ салтын мойындамай, орыс тіліне әуестеніп, орыс тілін білмегендерге құдды бір Отаныңа опасыздық жасағандай масқара ретінде қарайтындар жоқ емес. Оларды қайтпек керек? Бар кінә тәрбиеде. Ата-ананың білімді қандай жолмен, не мақсатпен оқу керектігін дұрыс ұғындырмауында. Хакімнің айтқанындай, дүниенің қызығы – бала, бала тәрбиелеу, жетілдіру. Ақын медресеге өзінің балаларын не мақсатта бергенін түсіндіріп, соған қарай бет алыңдар деп насихаттайды. Бірақ осыны ұғынар ата-ана бар ма? Ұшқан ұясында көрген тәрбиесі осыған итермелеп отыр. Елім, тілім жойылмасын деп қаншама қазақ зиялылары жанын берген аманатына қалайша қиянат жасай аламыз. Жарайды, олар білімді, сауатты. Шетел асып, біреуі ғылым жолын, кейбіреуі кәсіпкерлік жолын, енді біреулері пайда жолын қуып, сол елде қалып қойған азаматтардың ісін дұрыс дей аламыз ба? Олардың еліне деген сүйіспеншілігі қайда кеткен? Не мақсатпен білім алып жатыр? Сол жастардың арасында таланттылары, жаңашылдары, өнертапқыштар бар, болашақ данышпандар да солардың ішінде жүрген шығар. Олардың ақыл-ойының, даналықтарының игілігін өз еліміз емес, шетел көріп жатқанын ойлағанда, жүрегің қарс айырылады. Ақын жайдан-жай мұндай тақырыпты қозғамаса керек-ті. Осындай жағдайдың белең алатынын ол нақты болжап кеткен.

Біз – бақытты ұрпақпыз. Ғасырлар бойы бостандықты аңсап кеткен қазақ жанашырларының арманы болған ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Қалағанымызша оқимыз, білім аламыз. Тек таза ниеттеніп, нақты қадам жасасақ болғаны. Барлық жағдай жасалған. Қолда бар алтынның қадірін бағалай білейік.

Динара Төреғалиева:

– Абай дәуірі мен біздің арамызды мың құбылып, жүз өзгерген заман иірімдеріне толы тұп-тұтас ғасырлық кеңістік бөліп тұрғандай. Бірақ заманы басқа болса да адамы бір. Өзгерген, ысылған, қиналған, жасыған, қайта түлеген, қалпынан ажыраған… Басынан кешкені көп халықпыз. Екі кезеңнің, екі дәуірдің арасалмағын Абай атамыз суреттеген, бейнелеген қоғам кескіні ажыратып, айқындап береді. Өзгешелігі сол, өмір аяңы, тұрмыс салты, қалашыл ғұрпы қалыптасқан. Ал патша дәуірі аяқ басып, араға салған іріткісі әлі күн кешіп келе жатқанын қалай жасыра аламыз?!

Болыс болдым, мінекей,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал,

Қалмады елге тығындап.

Уақыт өтіп, заман мен қоғам жаңашыл сипат алып келе жатса да, дәл осы қазақ мінезі қалпынан бір таймайды. Абайдан бері қарай күн кешкен ақын-жазушылар еңбегінде де билікке құмар, атаққа әуес жандар аз сыналған жоқ. Десе де, қанша түйрелсе де осы болмыс бір бетінен танбай келе жатқаны қызық. Сірә, сүйекке өтіп кеткен. Мысалы, болыстық үшін патша ағзамның жергілікті билікке отырғызған адамына қолда барын беріп, төбесіне көтеріп күткен ғой. Бәсекелесінің соңынан арты-артына арыз домалатқан. Күндестік дерті әбден асқынған. Осы көрініс бүгінгі күнде де көзімізбен көріп, күнделікті жаңалық хабарлардан естіп жүрміз. Анау әкім, мынау министр, тағы бір шенеуніктің әрекеті осы жайттардың тонын айналдырып қана алған сияқты. Берген соғым ақшаға ауысқан, айтар алғысы параға айналған.

Кейде Абай неге өз заманын үнемі сынға алған деп ойлаймын. Байқап отырсақ, ақынның табиғат, махаббат лирикасы азаматтық позициясын араластырмаған. Ал азаматтық лирика жанрындағы жырлары халқына күйінген, титтей жақсылығына сүйінген адамның сөзі. Бір адамның емес, сырт көздің сынын жанашырдың тілімен жеткізеді. Соның бәрі «халқым жақсы болсын» деген ниеттен туған сынды.

Абай және біз дегенде, осы бірер дүниелермен шектеліп қалу, әрине, ұятты жайт. Бірақ менің есіме ең бірінші орала кеткен осы ұқсастық болды. Тағы бір тілге тиек етер нәрсе бар. Абайды жасында әкесі оқуға беріп, білімге сусындатты. Бірақ ол кезде қазақ баласына дәл Абай құсап шамшырағын жағып тұрған ешкім болмады. Ал бүгінгі әрбір қазақ үшін адамдық биігін, адалдық арнасын сақтау үшін тұсбағдар болып, оң бағытқа нұсқайтын әркімнің Абайы бар. Хакім бар қазаққа ортақ. Әрі кез келген игі ниетті адаммен жеке сырласа да алады.

Қазір қай-қайсымыз үшін ақынның бес нәрседен қашық бол деп, бес нәрсеге асық бол деп айтқан ғибраты ауадай қажет. Кісілік формуласы, былайша айтқанда. Сананы тұрмысқа билетіп, сол межеден аттап кететініміз бар. Өкінішті-ақ.

Абзалы – адамның өзгеруі, қоғамның жаңаруы деген шын сөз. Өйткені, қысымыз да, жазымыз да, көктем, күзіміз де сол ақын Абай суреттегендей. Шыңылтыр аяз да, қыстың сызы қалмаған жазғытұры да, көкала үйрек сымпылдап ұшқан жаз да, түсі суық сұр бұлт аспанды құрсайтын күз мезгілі де бір жарым ғасыр бұрынғы көрінісінен көп өзгермеген, ажырамаған.

Біз уақыт безбені шын асыл деп дәйектеп, бағасын биіктеткен Абай сөзімен сусындауымыз қажет. Осы қажеттілікті біле тұра бүгін бейқам, селқос жүргеніміз қызық. Нені істеу керектігін, қалай істеу керектігін біле тұрып, істемеу қателік емей, санадағы енжарлық емей немене?! Міне, қазақ әлі осындай. Көпке топырақ шашпаймыз. Ондай көп ішіндегі аз жақсылар Абай кезеңінде де болған шығар. Дейтұрғанмен, зейін салып қарасақ, «баяғы жартас – сол жартас» сияқты. Оңай келісе салмайсыз, әрине, бұл сөзбен. Ащы кесім осы сияқты.

Қарлығаш Жақсылыққызы:

– Абай Құнанбаевтың шығармашылығы қазақ қоғамына етене таныс болғалы бір ғасырдан астам уақыт өтіпті, ал мен танып-білгелі он екі жыл болды. Осы жылдарда менің нақты біліп, көңілге түйген біршама ойларым мен мағлұматым бар.

Абай көптеген өлеңдерін өз жұртына арнаған, әсіресе, қазақ халқының көкірегіне жарық сәуле ұялатсам деген үмітпен, көнгіш сорлы мінезін намыс, қайрат, ақылға жеңдірсем деген ниетпен арнаған. Ондай жолдарды «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінен оқи аламыз. Осы сияқты арнаулар жастарға және туған жер табиғатына да жазылған. Олар біздің баға жетпес құндылығымыз.

Ақын келешек қазақ қоғамымен астыртын сырласады және біздің ақын өмірі жайлы ойларымыздың алдын орап, өзі пайымдағандай.

…Сонда жауап бере алман мен бишара,

Сіздерге еркін тиер, байқап қара.

Екі күймек бір жанға әділет пе?

Қаны қара бір жанмын, жаны жара, –

деген жолдарда айқын байқалады. Өзіміз білетіндей, ол кезде орыс билігі қазақ даласын алай-дүлей еткен, сонымен қоса, ақынның «екі күймек» тіркесінен жығылғанға жұдырықтай қазақтың да қазаққа жанашырлығы тасып тұрмағанын байқаймыз. Ол қазір де солай ғой, алайда, ақын айтқан соқтықпалы кезеңде де қазақтың бірікпегені ең күйініштісі екен. Осы жолдардағы астыртын мәтін қазіргі қазағыма үлгі болса екен. «Екі күймектің» күйін кешпес үшін әр төбеден тұрмыс күйбелеңі үшін ғана ұрандамай, бір төбеге жиылып, ұлт мәселесін ұрандасақ, пайдасы мол болар ма еді.

Мәдина Қамысбаева:

– Абай дегенде, «адамгершілік» сөзі бірден ойыма келеді. Абайды білген, таныған адам бақытты адам, жолы болған адам деп есептеймін. Себебі, адам жаратылысы, өмір бойында оны адам екенін есіне түсіріп тұратын нұсқаушыны немесе нұсқаулықты қажет етеді, міне, хакім Абай адамгершілікті насихаттайтын нұсқаушы десек, қате айтпас едік. Нағыз философия, өмірдің ақиқаты, тұнып тұрған тәрбие Абайда, байқаған, түсініп білген адамға. Тәрбие демекші, ұрпағымыз, жалпы адамзат Абай философиясымен тәрбиеленсе, нағыз текті, арлы, иманды, білімге құштар халық болар едің деген ойдамын.

Абай өлеңдерінің ерекшелігі, олардың қара сөздермен байланыста болуы. Бір оқыған адамға, өлеңдеріндегі сөздері қарапайым көрінгенімен, оның әрбір сөзі астарлы ой, терең мағынаны білдіреді. Оны түсінуге тырысу үшін, қара сөздеріне жүгінуге болады.

Ақын шығармасымен таныс адам, өлеңдерінде «ғылым» сөзі жиі кездесетінін аңғара алады. Бұл ұғымды ол, әсіресе, жетінші қара сөзінде ашып көрсетеді:

«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз».

Иә, екі ғасырдан астам уақыт өткенімен де, қара сөзде сыналған қасиеттер әлі де белең алуда. Өкінішке қарай, қоғамымызда жан құмары: білсем деген қажеттіліктен тән құмары: ішсем, жесем, ұйықтасам дегендер басым. Ақын бұны «жанды тәнге бас ұрғыздық» дейді.

Шынымен де, хайуанға белгілі бір затты көрсетсе, ол сол көргеніне қанағаттанады. Белгілі бір затты көрсек, ол нені білдіреді? қайдан шықты? қашан шықты? құрамы қандай? деген сұрақтарды өзімізге қоймаймыз (бұл тек мысал ғана), жай ғана көреміз де, Абай айтпақшы, хайуан сияқты ары қарай білуге талпынбаймыз, сол күйінде қалдырамыз. Айналасындағы жұмбаққа толы дүниеге қызықпаған адам да сол сияқты деп сипаттайды ақын. Менің пікірімше, Абай ғылым дегенде міндетті түрде ғалым бол дегенде, білімді қуу туралы ғана емес, белгілі бір кәсіпке, белгілі бір нәрсеге деген қызығушылық болу керектігін айтып тұрғандай.

Қазіргі кезде жастар арасында да бұндай жағдайлар кездесуде. Менің ойымша, біздің елде білімді бағалай бермейді. Көбінің басты мақсаты «диплом алу» немесе «ЖОО-ның бітірді» деген атақ алу үшін, не болмаса өздерінің жүрек қалауымен түспеген мамандықта оқып, бәрібір ол салаға бармай, ол оқудан еш нәрсе алып шықпай, әйтеуір бітіреді. Меніңше, бұндай жағдай, еліміздің болашағына және өзіне тұлға ретінде үлкен нұқсан келтіреді. Егер де әрбір адам, өз мамандығын терең оқыса, түбіне жетуге тырысса, сүйсе, толықтай меңгерсе, сол саланың толыққанды білімді маманы атанса, өзінің де өмірі мәнді болып, оған қоса халқының ілгері дамуына үлкен үлесін қосар еді.

Сонымен қоса айта кететін жайт, қылмыскерлер әлемінің дамуының бірде-бір себебі ізденіс, білімге, ғылымға деген талпыныстың жоқ болуы. Қандай адамдар қылмыс жасауға бейім? Ғалымдар, білімді адамдар немесе белгілі бір іске деген қызығушылығы бар адамдар ма? Әлде кітаптан қол үзген, өмірде еш нәрсеге қызықпайтындар ма? Жауабы түсінікті сияқты. Бұндай адамдардың ішкі жан дүниесі бос, қаңырап қалғандықтан, Абай айтқандай, жан құмарын қанағаттандырмағандықтан түрлі хайуани іс-әрекеттер жасайды.

«Ғылым – Алланың бір сипаты», «ғылымсыз адамның зікірі де дұрыс болмайды» дейді Абай. Құдай Тағала бізді жануарлардан ажырататын, ерекше ететін ойлау, танып-білу қабілеттерін сыйға тартқан, алдыға жылжу үшін, талпыну үшін қайратты да берді. Абай адамның туабіткен қасиеті – тәннің қалауы ғылымға, білімге деген ұмтылысты өзімізде жойып алмауды насихаттайды.

Динара Теңізбай:

– Сөзіңнің жаны бар, Мадина. Абайдың қара сөздерін оқи отырып байқағаным, ұлы ақынның қазаққа деген өкпесі қара қазандай, мүлдем көңілі толмайтыны көрініп-ақ тұр. «Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» деген сауалына тоғызыншы қара сөзінде «адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе» таба алмағанын айтып налиды. Бірақ бұл Абайдың қазақты жек көремін дегені емес, бұл ақынның жан айқайы, ашу-ызасы, күйініші, реніші. Қара сөздерін оқып отырып, расында осынша төмен, жақсы көруге тұрарлық бір жақсы қасиеті жоқ халық болғанымыз ба деген сұрақ мазалайды. «Біз қазақ мал баққан елміз» деп Қазыбек би мақтана айтса, Абай атамыз қазақты «мал жинаудан басқа түк білмейтін, я егін екпейтін, я ғылым қумайтын, сөз ұқпайтын, жалқау, бір-бірін көре алмайтын» сор маңдай сынды көрген. Бұл сөздерінің жаны да бар секілді, бар білетініміз дайын мұнайды жер астынан сора беру болғанына қарағанда, Абай сөздері қазір де, XXI ғасыр көшінде өз құндылығын, актуальділігін жоғалтпаған сияқты. Абай, сөздеріне қарағанда, қазақтан біржола үмітін үзген, «жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ» дейді. Ақын жас кезінде, қайратты шағында қазақтан үмітті болғанын, тек жасы келіп жан қуаты азайған кәрілігінде ғана ұлтынан үміті үзіліп, салы суға кеткенін айтып отыр. «Бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді» дейді Абай. Бұл сөздерінен аздаған жиіркенішті байқадым. Ұлы ойшыл қазақты ақылсыз санамайды, тек сол ақылының соңына ере алмаған жігерсіз, қайратсыз санайды. Алайда, үміт үзілгеніне қарамастан, қайран жүрекке не шара, бәрібір «не қылды, не болдыға» салып, қазаққа жаны ашып тұрады, жағдайына бей-жай қарай алмайтынын айтады.

Халқымның көзі ашылып, көкірегі оянғанда ғана шынайы күлем, шынайы қуанам, тірілемнің белгісі. «Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма» дей келе, ақын ұлтының рухани терең еместігін, жеңілтектігін, дүние жинап, бір күндік қызық үшін өмір сүретіндерін айтатын секілді. Бір сөзбен айтқанда, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді таңдаған халық. Ұлы Абайдың қазақтар жайлы жазған ойларын оқып отырып, өз ұлтыңа деген құрмет азаяды, көңіл құлазиды, ата-бабамызға деген мақтаныш сезімі күлге айналады. Әрине, тегіс халықты даттауға да болмас, «бір анадан ала да туады, құла да туады» демекші, Абай бұл сөздерін көзі ашылмаған, сауаты жоқ, қара халыққа арнап отыр. Ақынның қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. тілдеріне аударылған. Аударылса да оқылмасын деп тілейік, әсіресе, жат жұрт Абайдың қазақтар жайлы ойларын білсе, олардың халқымызға деген сый-құрметі төмендейтін секілді. Бұл сөздер, меніңше, тек қазақ халқы оқысын деп жазылған, өзге ұлттардың мұндай әлсіз тұстарымызды білгені өзімізге қауіп.

Абай сөздері осы күндері де құндылығы жоғарыламаса, төмендеген жоқ. «Дайын асқа тік қасық» болуды әлі күнге жанымыз сүйеді. Дүние жинап жарысудан да ата-бабаларымыздан кем түспейміз. Бүгінгі күні қазақ қоғамында жемқорлықтың белең алып, тамырын тереңге жайған кезеңі. Пара беруді көздеген қазаққа пара алушы қазақ дайын тұрады. Мұның да түбірі Абай айтпақшы, «ананың сүтімен берілетін надандықта», орынсыз тәрбиеде жатқан шығар. Бұлақ көрсе көзін ашу да біздің қазаққа жат дүние. Бәйгеде оза шауып, көзге түскенді көре алмай, аяғынан шалуға тырысып бағамыз. Өтірік пен өсекке, бос сөзге салынып, атақ салыстырып, көлік жарыстырып мақтанатынымыз тағы бар. Айта берсең, таусылмайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, ұлы Абайдың осынша сүйектен өтердей сөздерімен халықты жылата, ұялта жазу себебі, Абай халқының нағыз жанашыр досы екендігіне айғақ. Сондықтан да ұлт тарихында қазақ үшін Абай әрқашан дана Абай, дара Абай болмақ.

 

«Қазақ Әдебиет» газеті, 25.08.2017 жыл.

http://qazaqadebieti.kz/11626/abaj-zh-ne-biz-2

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники