Абай шығармаларының текстологиялық мәселелері көп
«Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани соншалық жақындармыз…» деген Міржақып сөзі жыл өткен сайын ақиқаттығына шәксіз сендіре түскендей. Хакім өмірі мен шығармашылығына тереңдеп үңілу ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» бастап осы күнге дейін жалғасып келеді. Одан алдын да, кейін де Абайды тануға ұмтылыс әсте тоқталған емес. Содан бері «…Қарадан хакім болған» Құнанбайұлы тұнығына бойлаған әр қазақ өзін көріпті. «…Улы сия, ащы тілді» қалқан еткен тұлға «мыңмен жалғыз алысқанын» айтады. Оның күресі бір басына қазақтың батпан-батпан қайғысын жинап алып, «жаралы болған жүрекке дауа» іздеп шарқ ұрған азапты сәттерінде қауыша беретін қараңғылықпен күрес болатын. Ғалымдар Абай мұрасы әлі де кеңінен зеттеуді қажет етеді дейді.
Қазақтың Бас ақынының мұрасын жүйелеп, ғылыми-зерттеу мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан Абайтану институты ашылғалы бері де біршама уақыт болыпты. Газетіміздің бетінде «Абайтану» айдарымен тұрақты түрде жарияланып жатқан бұл жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалды. Бүгінгі сұхбатта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан құрылған Абайтану институтының абайтануға қосқан үлесі турасында филология ғылымының докторы, профессор Әнуар ТАРАҚОВ айтып берді.
ӘнуарТАРАҚОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің профессоры, ф.ғ.д.
— Абай институты ашылғаннан бастап осы уақыт аралығындағы институттың абайтануға қосқан үлесі қандай?
— Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанынан ашылған Абай институты құрылғалы бері абайтану саласында үлкен маңызы бар жұмыстар атқарып келеді. Институт директоры, ф.ғ.д., профессор, белгілі әдебиет зерттеушісі Жанғара Дәдебаев абайтану зерттеулерін, соңғы кездегі жаңа еңбектермен бірге басқа да әдебиеттану, аударматануға байланысты жаңа зерттеулерді, талдауларды, ғылыми еңбектерді жариялап отырды. Одан кейінгі Абайтану институтының ең үлкен маңызды жаңалығы – Абайға қатысты түрлі зерттеулердің басын қосып, жинақтап шығарған он томдық еңбек.
Әрине, Абайды зерттеуге бұрындары әр кітаптардан, әр еңбектерден қарап, өзіне қажеттісін алып келген зерттеуші, сондай-ақ Абайды танып білемін деген кез келген ынталы, ықыласты азамат үшін бұл он томдық еңбектің пайдасы зор. Өйткені, біздің барлық ғалымдарымыздың әр кезеңдегі зерттеулері осында орын алған. Ең бастысы, Мұхтар Әуезовтің Абай туралы жазған мақалалары еніп отыр. Осы мақалалардың өзі үлкен зерттеулерге негіз болады. Сонымен қоса он томдықта Абайдың өлеңдері, қара сөздері, аудармалары, поэтикалық тілі, басқа да Абайға қатысты отандық, шетелдік зерттеушілердің бүкіл еңбектері жинақталып берілді. Абайтану институтының тағы бір маңызды жұмысы – ол арнайы сайт ашып, оқырмандарға Абайдың әдеби мұраларын таныстыруы, сондай-ақ соңғы кездегі Абайға қатысты зерттеулерді жинақтап беруі. Бұл Абайтану институтының соңғы кездегі атқарып жатқан істері.
— Абай мұраларын ғылыми-зерттеу барысында ғалымдар мен ынталы студенттер нені ескеруі керек?
— Абайтану ғылымы әлі де кеңінен, жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Олай дейтін себебіміз, кеңестік кезеңде Абайдың мұрасына деген көзқарас қандай болғаны көзіқарақты оқырмандар мен ғалымдарға аян. Соңғы кездегі жаңа зерттеулер Абайды әр қырынан танытуға үлесін қосып жатыр. Абайтанудың ең басында ұлы ғалым, академик, жазушы Мұхтар Әуезов тұр. «Абай жолы» роман-эпопеясынан бөлек абайтануға қатысты зерттеу еңбегі және жоғарыда айтып өткен мақалалардың өзі осы зерттеулердің негізі болып табылады. Одан әрі отандық ғалымдарымыздан Зәки Ахметов, Жұмағали Ысмағұлов, Мекемтас Мырзахметов, Герольд Бельгер, тіл саласынан Рабиға Сыздықованың еңбектері қай кезде болмасын жаңа зерттеулерге негіз болады.
Соңғы кезде Абай институтында және аударма теориясы кафедрасында абайтану мұралары оқытылып, зерттелуі жақсы қолға алынды. Соның бір негізі – Абай өлеңдерін шет тіліне аудару мәселесі бірнеше магистрлік жұмысқа тақырып болып, зерттеліп-жүйеленді. Әлі де болса жаңа зерттеулер жасалып жатыр.
Абайтану зерттеулерінің өзінде Абайдың барлық өлеңдерін талдап-талқылап үлгере алмайды. Шама-шарқынша төрт-бес өлеңдері, қара сөздері, сосын Абайдың өзінің аудармашылық таланты, осының өзі де қазіргі кезде біздің жаңа зерттеуіміздің негізгі нысандарының бірі болып отыр. Мысалы, өзім Абайдың Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қылғып» өлеңінің аудармасын арнайы талқылаудан өткіздім. Ол он томдықта бар. Абай аудармасын қазір өзім жан-жақты зерттеуді негіз етіп алдым. Алла бұйыртса, соны аяқтап шығам деген ойдамын.
— Абай мұраларын игеру барысында жоғарыда атап өткен абайтанушылардан басқа кімдерді атар едіңіз?
— Абайды зерттеп жүргендерден абайтанушы А. Омаров, с.ғ.д. Ә. Бәкір, Т. Жұртбаевтың еңбектерін атар едім. Жаңа зерттеулердің бір жақсы ерекшелігі – Абайдың өлеңдерінің текстологиялық мәселелері көп қозғалады. Содан кейін Абайдың өлеңдерінің мазмұндық табиғаты жөнінде көптеген жақсы ойлар айтылып жатыр. Бұл да алдағы зерттеулерге серпін береді деген ойдамын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР
«Қазақ әдебиеті» газеті, 29.09.2017
http://qazaqadebieti.kz/12112/abaj-shy-armalaryny-teks-tologiyaly-m-seleleri-k-p