Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

ТАҢДАМАЛЫ ЕҢБЕКТЕРДІҢ VIII ТОМЫ

8-tomӘл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты абайтану бойынша ғылыми зерттеулерді жүйелеп, жарыққа шығару ісін жалғастыруда. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымының VIII томы осы игілікті істің жалғасы болып табылады. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Ғылыми-зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалды.

«Абайтану. Таңдамалы еңбектердің» VIII томында Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеудің нәтижелері көрініс тапқан. Онда Абайдың ілімі, әдеби мұрасы, абайтану тарихы, ақын шығармашылығында негізделген құндылықтардың негіздері, пайымдау мен бағалау жүйесі, білім концепциясы, поэтикасы, шындық және шығармашылық қиял, мазмұн мен пішін секілді мәселелер қоғамның интеллектуалдық және тұрақты дамуымен сабақтас қарастырылған.

Сегізінші том монографиялық жинақ болып табылады. Абай Құнанбаевтың шығармашылығын өзге гуманитарлық пәндер тоғысында зерттеу заманауи әрі өзекті ғылыми міндет. Мұндай бағыттағы зерттеулер жаңа, инновациялық білім өндіруге алып келеді. Жобада негізделген болжамды нәтижелер сияқты іргелі инновациялық өнімге қол жеткізу туралы мақсат бұған дейін ешбір зерттеушінің, зерттеушілер тобының алдына қойылған емес.

Монография кіріспеден, сегіз тараудан және қорытындыдан тұрады. Еңбектің соңында монографиялық зерттеуді жүргізуге негіз болған ғылыми жобаның жалпы сипаттамасы берілген.

«Абай мұрасын пәнаралық зерттеудің өзекті мәселелері» деп аталатын бірінші тарауда көкейкесті, маңызды ғылыми мәселелер қозғалады. Тарау авторы – профессор Жанғара Дәдебаев. «Абайтану тарихы» деп аталатын екінші тарауда абайтану тарихының жалпы мәселелері қарастырылған. Тараудың авторлары – әдебиеттанушы ғалымдар Тұрсынбек Кәкішев, Өмірхан Әбдиманұлы, Ерхан Карбозов. Абайтану ғылымы мынадай екі салаға негізделеді. Бірінші саланың зерттеу пәні – Абайдың өмірі мен шығармашылығы. Екінші саланың зерттеу пәні – Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған еңбектер. «Абайтану тарихы» дегенде осы екі саланың екіншісі туралы сөз болады. Екінші тарау тұтасымен осы екінші саланың өзекті мәселелеріне арналған. Абайтану ғылымының тууы мен қалыптасуының маңызды мәселелері үш кезең бойынша қарастырылып, ғылыми және практикалық маңызы бар ойлар мен пікірлер негізделген. Монографияның үшінші тарауы «Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың шығармашылық әлемі» деп аталады. Тараудың авторы – профессор Жұмат Тілепов. Автор Абайдың шығармашылық әлемінің пәнаралық мәселелері, поэтика, жанр мәселелерін нақты талдаулар негізінде саралайды. «Абай және билер сөзі» деп аталатын төртінші тараудың авторы – профессор Ж. Дәдебаев. Автор Абайдың ұлттық және жалпыадамзаттық мәні бар қағидаларының бастауларын барлайды. Тарауда шешендік өнер, билер сөзі арнасында қазақ халқының Абай іліміне негіз болған дәстүрлі мәдениеті мен дүниетанымы өзегіндегі рухани құндылықтарының мәні ашылған. Бесінші тараудың авторы, тілші-ғалым А. Салқынбаева өмір құбылыстарын байқау мен бағалаудағы Абайдың шығармашылық даралығы жөнінде пайымдайды. Алтыншы тарау Абай мен Ақыт ақын арасындағы шығармашылық байланысқа арналған. Тарау авторы, профессор З. Сейтжанов Ақыт ақынның әдеби ізденістеріне Абайдың көркемдік дәстүрінің әсерін саралайды. «Абайдың қарасөзі: болмысы мен бітімі» деп аталған жетінші тараудың авторы, профессор З-Ғ. Бисенғали Абайдың қарасөздерін жаңа көзқарас тұрғысынан зерделейді, нақты талдаулар жасайды. Сегізінші тарау «Абай шығармашылығындағы ұлттық және жалпыадамзаттық руханият арналары» деп аталады. Авторлар Р. Тұрысбек пен М. Үмбетаев аталған мәселелерді бүгінгі қоғамның интеллектуалдық және тұрақты дамуымен сабақтастыра қарастырады. Жалпы алғанда, аталмыш көптомдық басылымның абайтану саласындағы маңызы жоғары. Бұл құнды кітаптардың абайтанудың арнасын кеңейтіп, мәнін тереңдетіп қана қоймай, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласының рухани қазынасын байытуға септігі тиері анық.

 

Мұсалы Ләйла Жұматайқызы,

филология ғылымының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті.

«Қазақ әдебиеті» газеті, 10.11.2017

http://qazaqadebieti.kz/12741/ta-damaly-e-bekterdi-viii-tomy

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники