МЕМЛЕКЕТТІ МЕМЛЕКЕТ ЕТКЕН – МӘДЕНИЕТ
Бүгінгі таңда әртүрлі қоғамдық, діни, мәдени-әлеуметтік және ұлт-этносаралық әртүрлі кикілжіңдер орын алып жатқандығы рас, дәл осы кезде халықты әрі мемлекетті аталмыш орынды-орынсыз текетірестерден сақтандыру және алдын-алу мақсатында мәдениеттің орны ерек. Дәлірек айтқанда, нақ Қазақстан мемлекетінің жарқын болашағы үшін бұл өте маңызды. Қазақстан – көп этносты мемлекет. Осы арада, барлығына тегіс әрі ортақ идеологияның озық формалары қажет, мәселен, ортақ Отанға деген ұлтжандылық тәрбиені жолға қою. Оның негізінде, қазақ ұлты доминатты, жергілікті ұлт болғандықтан тіл, мәдениет, тарих сынды мемлекет үшін маңызды салаларды дамыту. Сондай-ақ, білім жолын жақсарту мақсатында, яғни, ұлтжандылық тәрбиені бастаушы ретінде мектептерден бастап ортақ Отанның болашағына деген жанашырлық сезімді оятып, нығайтатын пәндер енгізу, тегін қазақ тілі курстарын енгізу, тарихи тағылым мәселелерін дамыту сынды ұсыныстар бар. Кез-келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуі үшін- ішкі тұрақтылық маңызды. Мемлекет ішінде интеграциялық шаралар ұйымдастыру өте маңызды. Өнер саласында нақ өнер иелерін ғана халыққа шығарып мәдени идеологияны реттеу, жас ұрпақ санасына ұлттық-патриоттылық тәрбиені енгізу мәселелері жатыр. Мемлекеттің болашағы үшін маңызды мәселелерді қарастырып, аналитикалық әрі футуристік көзқарастар мен теорияларды қарастырып, талдап, практикалық тұрғыда жүзеге асыру – мәдениеттанушының мақсаты. Әрине, мәдениет феноменін түсіндіру аса күрделі, тіпті, онсыз қоғамды қоғам, адамды адам деп санау орынсыз, адамды адам еткен – еңбек десек, қоғамды қоғам, мемлекетті мемлекет еткен – мәдениет. Осындай күрделі де сол уақытта қызық мамандықтың қыр-сырын танып білу – қызық екені жасырын емес.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
дінтану және мәдениеттану кафедрасының
профессоры Масалимова А.Р.
«Мәдениеттану» мамандығының 4 курс студенті Өсербаев Е.