Меркі ауданындағы Абайтану семинары
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлы Абай шығармашылығын насихаттау мақсатында орта мектептер мен гимназиялардың «абайтану», «қазақ әдебиеті», «қазақ тілі» пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Абайтану» атты ғылыми-әдістемелік семинарын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Семинар бағдарламасы 48 сағатқа есептелген және инновациялық технологияларға негізделген.
Жақында Абай ҒЗИ кезекті «Абайтану» ғылыми-әдістемелік семинарын Жамбыл облысы, Меркі ауданында өткізді. Семинарға Меркі ауданы мектептерінің мұғалімдері қатысты. Семинарда Абай институтының ресми сайты таныстырылып, аудио-видео материалдар таратылды. Абай шығармаларының текстологиясы, абайтанудың тарихы, Абайдың «Қара сөздері» және тағы басқа тақырыптар ғылыми-әдістемелік тұрғыдан талқыланды. Ұстаздармен сұқбат сағатында «абайтану» бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, кейбір мәселелер ортаға салынды.
Тыңдаушыларға «Абайтану» республикалық ғылыми-әдістемелік семинарының бағдарламасын толық игергені туралы сертификат берілді. Тыңдаушылардың семинар бағдарламасы бойынша дайындаған әдістемелік зерттеу жұмыстары мақала түрінде Абай институтының вебсайтында http://abai.kaznu.kz/ жарияланатыны хабарланды. Семинар мектеп мұғалімдері үшін пайдалы болды.
Мұсалы Ләйла, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті