«АБАЙТАНУ» СЕМИНАРЫ ШУ АУДАНЫНДА
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының кезекті «Абайтану» ғылыми-әдістемелік семинары Жамбыл облысы Шу ауданының орталығында өтті. Орта мектептер мен гимназиялардың «абайтану», «қазақ әдебиеті», «қазақ тілі» пәндерінің мұғалімдері қатысқан семинарда алғашқы абайтанушылар, Абай шығармаларының текстологиясы, «Қара сөздері» және тағы басқа тақырыптар ғылыми-әдістемелік тұрғыдан талқыланды. Сонымен қатар Абай институтының ресми сайты және «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымы таныстырылды. «Абайтану» пәнінен беретін ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кейбір мәселелер ортаға салынды. Тыңдаушыларға «Абайтану» республикалық ғылыми-әдістемелік семинарының бағдарламасын толық игергені туралы сертификат берілді. Абай ҒЗИ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлы Абай шығармашылығын насихаттау мақсатында «Абайтану» атты ғылыми-әдістемелік семинарын өткізуді жалғастыра береді. Семинар бағдарламасы 48 сағатқа есептелген және инновациялық технологияларға негізделген. Абай институтының ресми сайтындағы видеодәрістер, аудиоматериалдар мектеп ұстаздары үшін қосымша материал болып табылады.
Мұсалы Ләйла, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті