Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол

Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы — ол.

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,

Зарланып неге әнге салады ол?

 

Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,

Қыз таныстыр, қызыққа жұрт ыржаңшыл.

Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,

Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?

 

Бала туса, күзетер шілдехана,

Олар да өлең айтар шулап жана.

Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,

Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.

 

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең.

 

Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,

Айтсаң да, үддасынан[1] шыға алмайсың.

Сен білмейді екен деп айтпасын ба,

Неге мұнша сіресіп құп алмайсың?

 

Өлең деген — әр сөздің ұнасымы,

Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.

Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,

Оған кімнің ұнасар таласуы.

 

Қарны тоқ хасса надан ұқпас сөзді,

Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді.

Қадірін жақсы сөздің білер жанға

Таппай айтпа оған да айтар кезді.

 

Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,

Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?

Сүйсінерлік адамды, құрмет қыл,

Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.

 

 

Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,

Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.

Біреу олай, біреуі бұлай қарап,

Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.

 

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі — жамау, бірі — құрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау!

 

Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңлін ашпақ

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

 

 



[1] Күш, шама, шек. «Хадд» деген сөз болу керек

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники