Өзбекстанда «Абай оқулары» конкурсы өтті
Өзбекстанда «Абай оқулары» конкурсы өтті
Жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми зеттеу институты және Өзбекстандағы Науаи педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы бірлесіп қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай оқулары» атты халықаралық әдеби конкурс өткізді.
Абай ғылыми-зертеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Гуляра Нұрғожинаның ұйымдастыруымен өткен бұл шараның мақсаты — студенттерді қазақ ойшылы, композитор, ағартушы, қайраткер, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы ақынның шығармашылығымен жан жақты таныстыру, шетелдік студенттердің бұл бағыттағы таным көкжиегін кеңейту. Конкурс «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Көңілім әнді ұғады», «Білімдіден шыққан сөз», «Поэзия жанашыры», әлеуметтік желідегі «Көрермен көзайымы» номинациялары бойынша өтті. Науаи қаласының педогогикалық институтының студенттері Абай шығармашылығы бойынша сұрақтарға жауап беріп, өлеңдерін жатқа айтып, мазмұнын талдаудан жарысты. Шараға белсене қатысып, Абай шығармашылығына қатысты ой-пікірлерімен бөліскен жастардың өнері қазылар алқасын тәнті қылды. Абайдың қара сөздері, өлеңдері мен әндері бірнеше тілде орындалды. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Балнұр Тұрсынова, екінші орынды Нұрсипат Тұрдыбекова мен Перизат Нартай, үшінші орынды Шалқар Жақсылықов пен Ақмарал Қыдырбаевалар иеленді.
Абай Құнанбаев шығармашылығын шетелдегі қандастар арасында насихаттау, таныту бағытында халықаралық деңгейде атқарылған бұл игілікті шара жоғары деңгейде өтіп, өз мақсатына жетті.
Л.Мұсалы, С.Көкенов