Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

ЖАЗҒЫТҰРЫ

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

 

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

 

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойыны босап.

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

 

Түйе боздап, қой қоздап — қорада шу,

Көбелек пен құстар да сайда — ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбдыр қағып, бұлаңдап ағады су.

 

Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,

Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.

Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз.

Құс қатарлап байлаған қанжығаға

Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

 

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,

Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.

Қырда торғай сайраса, сайда бұлбұл,

Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.

 

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,

Диқаншылар жер жыртып, егін егер.

Шаруаның біреуі екеу болып,

Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер.

 

Безендіріп жер жүзін тәңрім шебер,

Мейірбандық, дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

 

 

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге

Рахметіне алланың көңіл сенер.

Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,

Адамзаттың көңлі өсіп көтерілер.

 

Қара тастан басқаның бәрі жадырап,

Бір сараңнан басқаның бейлі енер,

Тамашалап қарасаң тәңрі ісіне,

Бойың балқып, ериді іште жігер.

 

Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,

Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.

Жыршы құстар әуеде өлең айтып,

Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.

 

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,

Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай.

Таң атқан соң шығарын күннің біліп,

Өңі қашар, бола алмас бұрынғыдай.

 

Күн — күйеу, жер — қалыңдық сағынысты,

Құмары екеуінің сондай күшті.

Күн қырындай жүргенде көп қожаңдап,

Күйеу келді — ай, жұлдыз к… қысты.

 

Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,

Жан-жануар қуанар тойға елеріп.

Азалы ақ көрпесін сілке тастап,

Жер күлімдер, өңіне шырай беріп.

 

Күн – күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң

Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

 

Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,

Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.

Қызыл арай сары алтын шатырына,

Күннің кешке кіргенін көрді көзім.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники