Құрметті оқырман!!!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында дайындалған «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының ХLVII томы жарық көрді.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының қырық жетінші томында А.Қасымның «Абaй және парсы әдебиеті» еңбегі берілді. Зерттеуде Абай мен классикалық парсы әдебиеті ақындарының шығармалары тақырып үндестіктері, идея, композиция, сюжет, бейнелілік ерекшеліктері тұрғысынан қарастырылып, Абай мен парсы ақындарының лирикалық өлеңдеріндегі табиғат, философиялық-дидактикалық, адамгершілік-имандылық және ғашықтық тақырыптағы жырларының үндестіктері мен өзгешеліктері сараланды. Абайдың «Ескендір» поэмасы парсы тіліндегі нұсқалармен, «Әзім әңгімесі» мен «Масғұт» поэмалары фольклорлық туынды – «Мың бір түн» негізінде салыстырыла талданып, олардың сюжеттік ұқсастықтары мен өзгешеліктері, кейіпкерлерді бейнелеудегі ерекшеліктері жүйеленді.
Кітап зерттеушілерге, әсіресе әдебиеттанушыларға, шығыстанушыларға, фольклортанушыларға, студенттер мен магистранттарға, Абай шығармашылығы мен парсы әдебиетіне қызығатын көпшілік оқырманға арналған.