Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Құттықтаймыз! Құттықтаймыз!

Белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор ҚАНИПАШ ҚАЙСАҚЫЗЫ МӘДІБАЕВА  — 70 ЖАСТА

Қымбатты ҚАНИПАШ ҚАЙСАҚЫЗЫ! Әл-Фараби атындағы Абай ғылыми-зерттеу институты ұжымы атынан Сізді жеті белеске жеткен мерейлі жылыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

1972 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының филология факультетін үздік дипломмен аяқтағаннан бері сіздің еңбек жолыңыз ұстаздықпен, ғалымдықпен жалғасып келеді.  1990 жылдан бастап Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны (қазіргі қазақ әдебиетінің тарихы және әдебиет теориясы) кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра профессоры міндеттерін атқарып келдіңіз. Ұзақ жылғы жемісті ұстаздық қызметіңіз үшін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болдыңыз.

1995 жылы  қорғаған кандидаттық диссертацияңызда қазақ әдебиеті тарихындағы ұзақ жылдар бойы қозғалмаған, күрделі мәселені – зар заман ағымы және Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасын жан-жақты зерттедіңіз. «Қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы көркемдік дамуы және зерттелуі» (2006) атты докторлық диссертациясыңызда осы бағыттарды тереңінен қарастырдыңыз. Сіз ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихы, махамбеттану, абайтану, зарзамантану саласының маманысыз, осы салада айтарлықтай нәтижелі жұмыстар атқардыңыз. Сіздің ғылыми-зерттеу бағытыңызда қазақ әдебиеттану ғылымының әдебиет тарихы саласының теориялық және практикалық мәселелері, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін өлең үлгілері, жанрлық даму, көркемдік ерекшеліктер, аймақтық әдеби дәстүр, жеке шығармашылық тұлғалардың қазақ әдебиеті тарихындағы орнын зерттеуді дамыту мәселелері талданады. Сонымен қатар, сіз  ХІХ ғасыр әдебиетінің даму бағыттарын, көркемдік ерекшелігін ғылыми негіздеуге арналған бірнеше ғылыми жұмысқа жетекшілік жасадыңыз.

Сіз ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін зерттеу мен жоғары мектепте оқытудың жаңа бағыттарын айқындауға нақтылы зерттеу, тәжірибелік жұмыстарына өзіндік үлес қосып келесіз. Көп жылдар бойы университет бакалавриатында «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихы» пәнінің жалпы курсынан дәріс оқыдыңыз, магистатурада «Махамбеттану», «Абайтану» арнаулы курстарын өткіздіңіз. Сіз «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихы» пәнінің филология, қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика мамандықтарына арналған типтік оқу бағдарламаларының авторысыз. Сіздің қазақ әдебиетіндегі шығармашылық тұлғаларға арналған әдеби сын, зерттеу мақалаларыңыз республикалық баспасөз беттерінен жиі көрініп отырады.

Сіздің қаламыңыздан туған «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (2001, 2004), «Зар заман ағымы» (1997) оқу құралдары, «ХІХ ғасыр әдебиетін оқытуға арналған әдістемелік нұсқау» (1996), «Абайтану» арнаулы курсына оқу құралы, «Хандық дәуір әдебиеті» (1996) т.б. еңбектеріңіз  республика ЖОО-ларында әдебиетті зерттеу мен оқытуда кеңінен қолданылып келеді. Бұған қоса сіз ҚР Білім стандарттарын айқындау, бекіту шараларына әдебиет пәндері  бойынша ұтымды оқу-әдістемелік нәтижелерімен қатысып келе жатқан білікті мамансыз, жоғары мектепте оқытуға арналған бірнеше оқу құралдарының авторысыз.

Ерекше атап өтер тағы бір еңбегіңіз — жас ұрпақты рухани тұрғыдан дамыту мақсатында ҚазҰУ-дың филология факультетінде өзіңіз құрған «АйАру» рухани-танымдық студент қыздар Орталығы, оның құрамындағы «Ғылымға жол» жас зерттеушілер үйірмесі арқылы республикалық деңгейде мазмұнды да қызықты әдеби-танымдық іс-шараларды ұйымдастырып, өткізгеніңіз. Сіз жетекшілік жасаған орталықта қаншама студенттің шығармашылық қабілеті шыңдалды, рухани азық алды. ҚазҰУ-да жарық көрген «Ай-Ару» журналы да студенттердің қызығып оқитын басылымы болды.  «Өзгенің бақытын аялап, өзінің уақытын аямаған» нағыз ұстаз ғана шәкірттері мен әріптестеріне осындай өнеге көрсете білсе керек!

Қадірлі Қанипаш Қайсақызы! Ғылым-білімнің қиын жолында қажымай-талмай ізденіп, үлкен еңбекпен, қарапайымдылықпен, абыроймен  жеткен мерейлі жасыңызда өзіңізге зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз, ұстаз бақытына, ана бақытына бөленіп, абырой биігінен көріне беріңіз!

Құрметпен, Абай ҒЗИ ұжымы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники