Академик Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев – 111 жаста (Абай ҒЗИ-да өткен өнегелі жиын)
Академик Нығмет Сауранбаев – 111 жаста
(Абай ҒЗИ-да өткен өнегелі жиын)
Қазақ руханиятын өрге сүйреп, ұлттың баға жетпес асыл мұрасын ардақтаған қаншама тұлғалар бар. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан, біртуар тұлға Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Нығмет Тінәліұлы Сауранбаевтың тіл мүддесіне арналған еңбектерін кеңінен зерделеп, насихаттау мақсатында «Нығмет Сауранбаевтың ғылыми зерттеулері жəне қазақ филологиясының өзекті мəселелері» тақырыбында ғылыми-теориялық онлайн конференция өтті.
Конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Мәжілістің модераторы Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Мұсалы болды.
Танымдық-тағылымдық мәні зор ғылыми жиынды Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебайұлы Дәдебаев ашып, ұлағатты ұстаз, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің дамуына, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз із қалдырған ғылым қайраткері Нығмет Тінәліұлы Сауранбаевтың өмірі мен шығармашылығы, ғылыми тұғырлы мұраттары тұрғысында пікір өрбітіп, ғалым мұрасын ұрпақ жадында жаңғыртып отырудың мән-маңызына тоқталды.
Туған елінің дара игілігі – тіл тұғырының іргетасын көтерген ғалымның методологиялық зерттеулері жөніндегі іс-шараға танымды толықтыра түсер, ойтүрткі болар тұщымды ойларымен белгілі білікті филолог-ғалымдар, докторанттар, ғұлама ғалымның өзі туып-өскен елді мекені Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Шарбақты ауылы Н. Сауранбаев атындағы мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, Абай ғылыми-зерттеу институтының профессоры Дандай Ысқақұлы «Тұңғыш кәсіби филолог», филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Гүлдархан Смағұлова «Н. Сауранбаев еңбектерінің 3 томдық жинағы туралы», филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Әнуар Сауатұлы Тарақов «Қазақ филологиясының ардагері», филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Анар Бекмырзақызы Салқынбай «Нығмет Сауранбаев – әлемдік деңгейдегі қазақ ғалымы», филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ ҒК А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөлімінің меңгерушісі Бағдан Қатайқызы Момынова «Академик Н.Т. Сауранбаев және қазақ әдеби тілі мен грамматикасының теориялық мәселелері», филология ғылымдарының докторы, ҚазҚызҰПУ-дың профессоры Тыныштық Нұрдәулетқызы Ермекова «Н. Сауранбаев – түркітанудағы құрмалас сөйлем теориясының ту ұстары» т.б. ұстаз-ғалымдар және ғылым жолына енді аяқ басқан жас ғалымдар өз тақырыптары аясында баяндама жасап, презентация ұсынды. Презентация барысында Нығмет Тінәліұлы Сауранбаевтың ғылым жолындағы үздіксіз ізденістері, қазақ грамматикасына қосқан сүбелі үлесі, әлемдік деңгейдегі қазақ ғалымы екені, туралы ойлар нақтыланды.
Ғылыми іс-шара соңында Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Шарбақты ауылы №36 Сауранбаев атындағы негізгі мектептің оқушылары ғалым рухына арнаған өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Аталмыш ғылыми жиын академик Н.Т. Сауранбаевтың қазақ тіл біліміне сіңірген елеулі еңбегін, теориялық бағыт-бағдарын бағалау, ғылыми ұстанымдарын ұлықтау, келешек ұрпаққа аманаттау жөнінде Жанғара Дәдебайұлының келелі кеңестерімен қорытындыланды.
Л.Мұсалы, Г. Ыбырайқызы
Н.Сауранбаев. Абай ҒЗИ -2021 https://youtu.be/0RWQD1Dnd0o