Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Абай күніне арналған онлайн конференция

Абай күніне арналған онлайн конференция

 Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай елімізде  10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Биылғы жылы данышпан ақын Абай Құнанбайұлы 176 жасқа толып отыр. Осыған орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты былтырғы жылдан бері дәстүрге айналған «АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ІЛІМІ» атты екінші республикалық онлайн конференция өткізді. Конференцияда қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармашылық мұрасы мен ілімі заманауи ғылыми парадигмалар тұрғысынан қарастырылды. Конференцияны Абай ҒЗИ-дың жетекші ғылыми қызметкері,   ф.ғ.к., професор м.а. Ләйла Жұматайқызы Мұсалы  жүргізді.

Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Жанғара Дәдебайұлы Абай ҒЗИ-да атқарылып жатқан жұмыстар бойынша  «Абай күнінде айтар жетістіктеріміз» атты баяндама жасады. Баяндамада Жанғара Дәдебайұлы Абайтану саласында нақтылы талдау, пайымдаулар бағытында іргелі ізденіс жасаған  ғалымдардың еңбектері негізінде «Қазақ университеті» баспа үйінен Абайтану таңдамалы еңбектерінің 50 томдығы мен оның құрамдас саласы – «Абайтану» антологиясының 10 томдығы басылымға шыққанын мәлімдеді. Абай ілімін терең игеру, меңгеру мақсатында оқырманға жол тартқан бұл еңбектерді университет кітапханасы, Абай институты мен баспа сайты арқылы пайдалануға болатыны жөнінде айтып өтті. Сондай-ақ ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай мұрасын ЖОО-да оқыту туралы тапсырмасына байланысты университетіміздің Ғылыми кеңесі шешімімен барлық мамандыққа «Абай ілімі» таңдау пәні ретінде оқытылатынын жеткізді. «Абай ілімі» пәнін оқытудағы мақсатты ұстанымның   мазмұны «Абай ілімі туралы түсінік», «Абай ілімінің қайнар көздері», «Абай ілімінің құрамдас бөлімдері», «Абай ілімінің категориялары», «Абай ілімінің өлшеу құралдары», «Абай ілімінің мәні мен маңызы» тарауларына бөлінгенін тұжырымдады.

Конференцияда Абай ілімінің қуат-құнары, шығармашылық тұлғасы, тәлімгерлік тағылымы, шығармашылық мұрасының ұлт руханиятындағы мәңгілік мәні сипатындағы мәселелер сөз болды. Абай ҒЗИ вебсайтынан электронды көрме («Абай Құнанбаев өмірі мен шығармашылығы», «Абайдың  таңдамалы даналық сөздері», «Абай әндері» бейнекөрініс) көрсетіліп, ақынның асыл мұрасындағы мығым ұстанымдар жас ұрпаққа ой салар бетбұрыс болды.

Конференцияға қазақстандық белгілі ғалымдар Д. Ысқақұлы, А. Еспембетов, Т. Тебегенов, З-Ғ. Бисенғали, Ә. Тарақов, А. Жақсылықов,      Қ. Мәдібай, Т. Есембеков, А. Салқынбай, Р. Әбдіқұлова, С. Жусанбаева, С. Өтениязов, Л. Мұсалы, Қ. Қарабаева, А. Мәуленов, ғылыми-зерттеу институттарының жас ғалымдары, сондай-ақ ҚазҰУ докторанттары мен магистранттары қатысты.

Көрнекті ғалымдардың тәлімі мол баяндамалары жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне ой салып, ақын мұрасын жаңа көзқараспен ғылыми саралап, жетілдіруге бағытталды.

Л.Мұсалы, Б.Даутова, Г.Ыбырайқызы

ҚазҰУ, Абай ҒЗИ

 

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники