Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Көзімнің қарасы

Көзімнің қарасы,

Көңлімнің санасы,

Бітпейді ішімде

Ғашықтың жарасы.

Қазақтың данасы,

Жасы үлкен ағасы

Бар демес сендей бір

Адамның баласы.

 

Жылайын, жырлайын

Ағызып көз майын.

Айтуға келгенде

Қалқама сөз дайын.

Жүректен қозғайын,

Әдептен озбайын.

Өзі де білмей ме,

Көп сөйлеп созбайын.

 

Тереңдеп қарайсың,

Телміріп тұрмайсың.

Бихабар жүргенсіп,

Бек қатты сынайсың.

Сан кісі мұңайсын,

Сабырмен шыдайсың.

Күйемін, жанамын,

Еш рақым қылмайсың.

 

Ақылсыз би болмас,

Сәулесіз үй болмас.

Жүректе оты жоқ

Адамда ми болмас.

Шын ғашық сый болмас,

Сый болса, сыр болмас.

Арызымды айтайын,

Құй болар, құй болмас.

 

 

Кең маңдай, қолаң шаш

Я бір кез, я құлаш.

Ақ тамақ, қызыл жүз

Қарағым, бетіңді аш!

Қара көз, имек қас,

Қараса жан тоймас.

Аузың бал қызыл гүл,

Ақ тісің кір шалмас.

 

Қыр мұрын, қыпша бел,

Солқылдар, соқса жел.

Ақ етің үлбіреп

Өзгеше біткен гүл.

Қарағым, бермен кел,

Бізге де көңіл бөл.

Қалқамның нұсқасын

Көр, көзім, бір кенел.

 

Қайғың — қыс, жүзің — жаз,

Боламын көрсем мәз.

Күлкіңіз бойды алар,

Бұлбұлдай шықса әуез.

Кісімсіп дүрдараз,

Бұраңдап қылма наз.

Мал түгіл басымды –

Жолыңа берсем де аз.

 

Исің гүл аңқыған.

Нұрың күн шалқыған.

Көргенде бой еріп,

Сүйегім балқыған.

Қаяусыз қалпынан,

Өзі артық даңқынан.

Қызыл тіл шыға алмас

Мақтаудың шартынан.

 

Сенсің — жан ләззәті,

Сенсің — тән шәрбәті.

Артықша жаратқан

Алланың рахматы.

Көрік — тәңір дәулеті,

Қылса ұнар құрметі.

Сұлуды сүймектік –

Пайғамбар сүндеті[1].

 

Не десем саған еп?

Ғашығың да қайғы жеп

Өртенген жүрекке

Бір көрген болар сеп.

Біздердей ғашық көп,

Қайсысы саған дөп?

Жөндеп те айтпадым,

Жүрегім лүпілдеп.

 

Назына кім шыдар?

Бұраңдап жүр шығар;

Қасқая күлгені

Қылады тым құмар,

Ер емес қымсынар,

Әркім-ақ, ұмсынар.

Құдай-ау, бұл көңілім

Күн бар ма бір тынар?

 

 



[1] Мұқамбеттің істеген ісі мен айтқан
сөзі. Бұл жерде дәстүрі деген мағынада (арапша)

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники