Мәз болады болысың
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейтіп орысың[1],
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!
Күлмең қағып қасқайып,
Салынып ап мақтанға,
Таңқаламын, қампайып
Жоқты-барды шатқанға.
Үйі мәз боп, қой сойды
Сүйіншіге шапқанға.
Әуре қылды, салды ойды
Үйдегі тыныш жатқанға.
Еш нәрсе емес жұбанар,
Ақыл көзбен баққанға.
Жас баладай қуанар
Бір дәмдіні татқанға.
Көзі барлар ойының
Күлер к…ін ашқанға.
Қасиетін бойының
Бекер төгіп шашқанға.
Қуанарлық қыз емес
Жылтырауық таққанға.
Өзгелерді, біз емес,
Түсірмекші қақпанға.
Осы да есеп бола ма
Ар, абұйыр тапқанға?
Миың болса жолама
Бос желігіп шапқанға.
Бір бес надан, оңбассың,
Нансаң, оның қосқанға.
Жасық, жаман болмассың,
Жамандықтан қашқанға.
Ол «болдым-ақ» дей берер,
Бұлғақ қағып басқанға.
Елең қағып елбірер,
Елертіп көзді аспанға.
Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба.
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға.
Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.