Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргенмен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?
Сап, сап, көңлім, сап, көңлім!
Сабыр түбі — сары алтын.
Сабыр қылсаң жайыңды
Білер ме екен бекзатым?
Көңіл аулап, сөз айтар
Арадағы тілхатым,
Ағын судай екпіндеп,
Лайы жоқ суатым.
Ауру да емес, сау да емес,
Құрыды әл-қуатым.
Сап, сап, көңлім, сап, көңлім!
Сана қылма бекерге!
Сана қылғанмен пайда жоқ.
Дүние даяр өтерге,
Ажал даяр жетерге.
Хош, қыз алсын қойнына,
Бейнет көрмей, дәулет жоқ,
Әлі барып кетерге,
Оныменен бойыңа
Иман, дәулет бітер ме?
Адалды сатсаң арамға,
Құдай қабыл етер ме?
Қыз сүйеді мені деп,
Оған көңіл көтерме!
Сап, сап, көңлім, сап, көңлім!
Сарқа берме санасын.
Бәрін өзің білсең де,
Әлі-ақ өзің танасың.
Өртенесің, жанасың,
Өз-өзіңнен бейнетке
Өз басыңды саласың.
Қай мезгілде тойғыздың
Аюдайын ағасын.
Қатыны мен қалашын?
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың?
Сонда тәуір бола ма,
Ұстап ап біреу сабасын?
Киіміңді тонасын,
Елге де күлкі боласың.
Сап, сап, көңлім, сап, көңлім!
Сағынышқа сарғайма!
Жәй жүрсең де қыз қумай,
Сені біреу қарғай ма?
Қыз іздесең, қалың бер,
Мұным ақыл болмай ма?
Көріп алсаң көріктіні,
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда да көңіл толмай ма?