Жарлы бай (И.А. Крыловтан)
Жаман үйде жалғыз шал,
Өзі — кедей, күңіренді.
Өзі көрген байлардың
Мінезінен жиренді.
Өзіне өзі сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Обал жоқ осы байларға
Мал қызығын көрмеген,
Жақсы төсек, тәтті ас жоқ,
Жан қадірін білмеген.
Салпыл қақты, түн қатты,
«Мал-мал!» деді, мал тапты.
Байыған сайын күтім жоқ,
Бейлі кетті, ант атты.
Қартайғанша қақақтап,
Бұл тәңрі атқан талмай ма?
Иттеніп жүріп өлмей ме?
Өлсе, бәрі қалмай ма?
Маған бітсе осы мал,
Жанымды неге қыстар ем?
Мың теңгені бір сомдай
Қызығыма ұстар ем.
Сән-салтанат жүруім
Болар еді татымды.
Есітер еді алыс жер
Қызықты жомарт атымды.
Байлықпен пайдам тигізіп,
Сыйлар ем алыс-жақынды.
Сараңның дәулет — өз соры»,—
Деп айтыпты ақылды.
Аузын жимай бір адам
Кіріп келді тесіктен.
Келе сала сөйлейді:
«Байлықты керек қылдың сен.
Қылайын деген ісіңді
Мен есіттім байлықпен.
Сен мына бір ішінде
Ділдәсі бар дорбаны ал!
Бірін алсаң және бір
Ділдә дайын, қолың сал.
Санап ала бер-дағы,
Дегеніңдей бола кал.
Қанша керек болса да,
Міне дәулет, міне мал.
Бірақ, байғүс, айтайын
Мұның бір сертін, қатты антын:
«Дорба қолда тұрғанда,
Ұстауға жол жоқ бір алтын.
Дорбаны әуел дарияға ат,
Тойғаныңша ал-дағы.
Онан соң өзің білесің,
¥стай бер қайтып бар-дағы».
Дорбаны беріп, жоғалды,
Аң-таң қылып байғұсты.
Есін жиып алған соң,
Дорбаға кедей жабысты.
Айтқанындай дорбаға
Қолын салды, бірді алды,
Және бірі дап-дайын,
Есі шығып таң қалды.
«Таң атқанша осылай
Бере берсе бұл дорба,
Талай алтын жиям ғой,
Ертең менен бай бар ма?»
Қалбалаңтап түн бойы
Алып бақты бұл сорлы.
Қанша алтын алса да,
Тоя алмады ол ғұрлы.
Қарайды да алтынға,
Қомсынады «аз ғой», — деп,
«Қыстау керек, үй керек,
Сән-салтанат, расход көп.
Азар болса аштыққа
Тағы бір күн шыдармын.
Алтын ассын есептен,
Содан кейін армансыз
Қыл дегенін қылармын».
Үйіндегі бір нанды
Бір ай жеді аз-аздан.
Бір күн түгіл, бір айды
Ынсап қылмай ол жазған.
Дорбаны суға салғалы
Дарияга таман жүз барған.
«Бүгінше тұрсын, өлмен» деп,
Үйіне қайта апарған.
Дорбаны сауып тыныштықсыз
Бір ай түгіл, жыл өтті.
Алтындай жүзі сарғайды,
Қол дірілдеп, әл кетті.
Ассыз, сусыз, дерт жеңіп,
Өзі де әбден жүдепті.
Тоғыз миллион санарда
Ажал жетті, күн бітті.
Алтын қайда, сөз қайда?
Қу нәпсіден не пайда?