Т. Құнанбаев. Әкем Абай туралы
Менің әкемнің биографиясына, керекті сөздерді жинамақшы болған азаматқа, менің әкемнің жалпы әдепті мінезін, салтын көрсетуге замандасының бір жолыққандағы қалпын, түрін, киген киімін, отырған-тұрғанын, сөйлеген сөзін, қуанған не ашуланғанын жазбағым қажет екен. Менің әкемнің замандасында қаламға үйір, көргенін-білгенін қағазға түсіре білері аз болған соң, амалсыз өзім жазбақты мойныма алдым. Әйтпесе, әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы, менің білуімше, солақай секілді.
Мен бұрын мұндай сөзді жазып, иә жазған адамның кітабын оқып, танысқан адам емес едім. Бір күнгі, бір жердегі көргенімді есіме алып жазғаныммен сұраушы азаматтың көңіліндегі арманын ақтай алғаңдай емеспін. Сондықтан әкемнің өзімнің білген қадерімше, жалпы мінезін алыстан алып кеп, толғап жазғым келеді. Бұл сөздерді керек қылған азамат, мол бұлдан керегін пішіп, қорытып алар.
Мен әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын. Әкем екінші жамағат алғаңда, бастапқы бәйбішесі өзінен 2-3 жас үлкен еді, ұлғайған кезімде өзімді күтуге қолайсыз болады деген шығар. Екінші, жалпы қолы жеткен, әлі келген адамға екі қатын алмақ ғұрып сықылданғаңдықтан да шығар.
Мен әкемнің 32 жасында, жастықтың алғашқы ағыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғамын. Мен әкемді танығанда, әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, ойнап, қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Оңдай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға ешуақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде, баласы иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді.
Менің бала кезімде, менің әкем қаңдайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді.
Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру әдеті. Төсегінің алдынан қалың постел төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығына шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді. Қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргенім жоқ. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына кейде жұмыртқа қостырып құймақ құйғызады, кейде самса пісіртеді, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді, шайын стақанға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салушы еді.
Қазақ ойнайтын ойыңдар: дойбы, карта сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді, сөйтсе де, мен білген кезде салынып қызықтанып ойнайтұғын ойыны тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдардың дәулеті нашарлары, кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, иә атқа мініп қайтқаны да болды. Көбінесе ол шалдары қысты күні келіп жатқышы: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Мақыштың Ысмағұлы дегендер секілді.
Таңертеңгі шайды ішкен соң, құмалақ басталады. Менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырында ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді. Құмалақтан кезек тимегендер, ойнай алмайтын балалары өз алдына дойбы, иә картаның дүкенін ашады. Құмалақтан әкемді жеңген адам көргенім жоқ.
Біздің қазақтың уақытқа байлығының бір әдеті – бір жерге жұмыспен барса, барған жұмысын барған жерден айтпай, не қонып, не түстеніп, енді аттанарында ғана айтады. Менің әкем елдің бұл әдетіне қарсы еді. Алыс жерден келген сый адам болмаса, ел арасының адамынан келген жерден жұмысын сұрап, бітіріп, енді отыра бер деп өзі алаңсыз ойынына, иә кітабына кірісіп кетуші еді. Егер келген кісі, сұраған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып тынығып қалса, оған ыза болып, еңді ол айтарлық кезегім келді деп жұмысын айтпақшы болғанда, бағана сұрағанымда неге айтпадың деп ұрысып, кейде сөзін тыңдамай да қояды. Сұраған жерде жұмысын айтқан кісіге ырза болып қалады. Біздің елдің адамы бұл мінезіне үйренгендігінен нағып жүрсің деп сұраған жерден келген жұмысын айтатын болды.
Шаруа жағына көзін сирек салады. Күндіз-түні босатпайтын елдің жұмысынан қолы да тимейді. Шаруаның үш түрін ескеруші еді: жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер етіп кеткені бар ма, соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, айғыр сықылды жылқысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды, қой мен түйені де сеніп салған қойшы, түйешісінен ғана сұрайды, әйтпесе өзі, мынау менің түйем, қойым деп бірін де танымайды. Сиырды жиған кісі емес, сиыр қар теппейді, жаз болса үйдің маңайын былғайды деп, ол кездегі біздің елдің байларының бәрі де жимаушы еді. Қалаға барғаңда, үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес, ондай шаруасына да ие қылып қойған жолдасы алып, сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Ақшасы аз болса да, көп болса да, атшысының қалтасыңда жүреді. Ақша бітті десе, қайда ұстадың деп есеп алу да жоқ, қайтадан ақша тауып береді. Қалада жатқаңда қасаптың етін жемей, қолынан малын сойғызып жеуші еді. Біржолы қалада сойған жылқысының терісін сатқызса, сатып алған алыпсатар Матайбай Мәмбет баласы деген жігіт мақтанамын деп айтыпты: «сіздің кешегі бір жылқыңыздың терісінен үш теңге пайда қылдым», – деп, сонда менің әкем айтып еді деп, өзі айтып келуші еді:
«Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді», – деп, мен бірдеңе айтайын деп едім Айтқазы Жексенай баласы отыр еді, «тек» деп ымдаған соң, үңдемей ұялып қалдым деп.
Түн болғанда әмсе біреуге ертегі айтқызып, иә өзі айтып отыру әдеті бар еді. Біреуге айтқызғанда, бұрын есітпеген кісіше ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса айтып, түзеп береді. Қазақ ертегісінде есітпеген, білмеген ертегісі кем шығар, «Қазақтың ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргенін, көршілесі, күндес елдері кім екенін, қарекеті не екенін, елдің арманы, білімінің қаңдайлық кезінде шығарғандығы көрінеді» деуші еді. Жас кезіңде: парсы жұртының ертегілерін: «Жәмшит», «Қаһарман» сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көргенде «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елді «Мың бір түнмен» таныстырған кісі менің әкем еді. Орыс кітабындағы «Густав Әмір» сықылды әңгіме кітаптарды елге таныстырды. Біздің ел «Мың бір түннен» жалығып, орыс романдарын әуестеп кетті.
Жалпы ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып көңіліне билетіңкіреп отырушы еді. Бірақ құдайдың өзіне мол берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ та не ойлап, разы яки наразы болып жүргенімізді де бүлк еткізбей сезіп қоюшы еді.
Көңіліне билеткіштігі сондайлық, жас баланы әлпештеп шақырғанда ұмтылып келсе, қатты қуанып, қаны тартып біліп тұр деуші еді, егер келмесе, жатырқап қашса өкпелеп, ашуланып қалушы еді. Мысалы, біздің үйіміз бөлек ауыл болған соң, әкеміз көбінесе қала-далада болып, үйде болғанда мол дәулетті бай-бәйбішесіндікіндегі топта болып, біздің үйге сирегірек келгендігінен Мекайл деген менің інім, бір келгенінде шақырғанына бармаса, көтін жаңа басып отырған жас баланың үстіне су құйып, ұрып еді.
Менің балам Жәбраһилді, әкемнің өлеріндегі науқасының басталғанында, менің шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда лапылдап ұмтылып еді – қаны тартып, жүрегі сезіп тұр деп қатты рахаттанып қалды. Мен: жоқ аға, нені біліп отыр дейсіз, әншейін ақымақтығынан ұмтылды ғой деп едім, «сен білмейсің» деп мені тыйып тастап, қолындағы өрігінің етін сүйегінен айырып, баланың аузына салды.
Менің өзімнің де бес ауыз сөзді болса да білгеніме, әкемнің осындай алыстан үміт қып қуанатұғын көңілі себеп болды, әйтпесе мұнан да әрі талапсыз, талантсыз болып қалғандай едім.
1889 жылы менің 14 жасымда үлкен шешемнен туған Райхан деген апамды, Найман, Серікбай баласы Құдайбергенге беріп, ұзатып, үйдің ішінің бәрі жолаушы кеткенде, әкеммен екеуміз ғана үйде қалдық. Бұл жылы әкемнің белсеніп ғылым жолына кіріскен жылы екен, артынан байқасам.
Әкемнің әмсе үйде отырғандағы киіп отыратұғын, баяғы көйлек-штаны, басында тақиясы, оның сыртынан тысқа шыққанда кие салатын жапетер, ақ елтіріден істеген, көк сатинмен тысталған көк бөркі. Анда-санда еті салқындаса жамылатұғын сары тоны бар. Таңертеңнен кешке дейін, көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы,күңіреніп отырып өлең жазып тастайды. Сол өлең жазардағы түрі.
Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырап, естір-естіместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп көп жазып кеп кеткенде, көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды.
«Бір Алдаоңғар деген ұрыны», ұрлығыңды қой деп қасына көшіріп алып, теңіне қосамын деп, әлгінің бір Меңке деген әйел баласын асырап алған. Сол бала шайын құйып береді. Әлгі әйел балаға оңашада үйретіп қояды: «Мен қонақтарға сөйлеп-сөйлеп келіп, солай ма, Менке, дермін, сонда сен «солай» де деп.
Кешке сөз ұғар ма дегендей адамдар келіп: «Солай ма, Меңке?» десе, Меңке «солай» дейді. Сонда әлгі қонақтар, япырай мына баланың ұғып отырғанын қарашы деп таңырқап қалысады, кейде сөйлеп болған соң, осы сөзімнің жалғанын тапсаңыздар, көк бөркімді берейін дейді, онысы қонақтың қытығын тарқататұғын ойыны.
Мен сол жарты айдың шамасындай уақытта, жазған өлендерін жаттап, айтқан сөзін жалықпай тыңдап отырсам керек, менің соныма қатты қуанып, ырза болып, жолаушылар келгенде, соларға мені: «Мынау адам болады екен, менің сөзімді ұғып, жалықпай тыңдады»,- деп мақтады.
Мен әкемнің аузынан шыққан сөзді пайғамбардың аузынан естігендей сеніп, адам болады екемін деп, сол жылғы бастығымыз Шаһкәрім қажы болып, ақиқат олай емес, былай деп таласып жататұғын саналы шәкірттің қатарында болдым.
Жасында ашу мен махаббатты қатар қолданғандығынан, қатын-балалары да, ауыл-ауданы да, елдің адамдары да бір жағынан жылы махаббатты, жомарт мінезін сүйіп, бір жағынан жазатайым болса, ашуланып кететұғын мінезінен қорқып жүретұғын еді. Қай адам екі қатынын күндестесіп қалай сыйсын дейді, бәрі де күндестігін жоғалтқысы келетұғын шығар, бірақ адамньщ бұл тілегі қабыл бола бермейді ғой. Менің әкемнің жоғарыдағы айтқан екі түрлі мінезінің күштілігінен шығар, менің шешем де күңдестігін көрсете алған жоқ. Балаларының ойына күндестің баласымыз деген жаман ой кірген емес деп айта аламын.
Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты. Әкесі қажының қайтпайтын қатты, суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды, адам сүйген адамның ақылын ұғып, содан баһыра алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деп.
Көз алдында қандай ойын-ойнап, күліп отырсақ, тиіп-қақпай еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, кейбір теріс мінезді адамдармен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп ұрсып, былайша айтып сөгуші еді: «Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-ана, ұстазы, құрбысынан, солардың ішінде қайсысын сүйсе, содан мол алады. Сендердің менен жақсы көріп барғыларың келіп отырған жақсы құрбыларың қайсы»,- деп, ондай орыннан әйел бала есебінде тыю салып, қорғаштап өсіргісі келеді.
Көз алдында істеген іске көнгендігінің белгісі: бір жылы Семейде жатқанымызда, Кәкітай деген оқыған немере ағамыз азырақ қаланың сауда ісіне де араласатыны да бар еді. Государственный банкіден кредит ашып, бізді гостиницаға шақырып, той сымал істеді. Гостиницаға барған соң, әрине, ғибадатқа бола бармаймыз, ішуге бола баратұғынымыз белгілі. Әкеме айттым: «Барайын ба?»- деп. «Бар», деп рұқсат берді. Бұрын арақ, сыра ішетінімізді жасырып жүретінбіз. Әкеден рұқсат алып барған соң, жақсы адам, көп дудың ішінде артығырақ ішіп алып, түнде пәтерге келсек, әкем төсекке жатқан жоқ екен, төсекті салғызып тысқа шыққанда, әлі де болса ішкенімді әкемнен жасырмақшымын. Жүрегімді сыра көтеріп бара жатқан соң, оңаша жерге келіп жасырынып құсып тастайын деп, қораның қараңғырақ жеріне келіп, құсып жібергенімде, алдыңғы жағымдағы бұрышта әкем отыр екен, мен ала-көлеңкеде абайламаппын, сонда әкем тұра келіп, сыра антұрған жүректі көтергіш келеді, әбден құсып таста деді…
Бір ғадеті жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді, өзі 2-3 жыл салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап құс салыпты. Балаларының әр қайсысына құс салғызды, бірақ ұзақ уақыт құсшы болғанымыз жоқ. Біреудікін алып, біреуге сапырып отырады. 250 шамалы құсы қолыма келіп кеткен шығар. Тулақтың шолағындай құс көргенім жоқ деп айтып отырушы еді. Сол кісінің осындай сапырған мінезі біздің елге жұғып, бір ел бірінікін-бірі алып сапырылып жатқыш. Өз атымды өзім мінемін, өз құсымды өзім саламын деп, ат пенен құс секілді асылы бар кісі қаптал сеніп отыра алмаушы еді. Біздің Шыңғыстан басқа Тобықты Шыңғыстай емес, өйтсе де, басқа елден көрі олар да бере алмай қалғанды ұят санайды. Бір жылы жайлауда біреудің бір қоңыр қасқа атын, 5 құлыңды биесін беріп алды да оған көңілі болмай, бауырға түскенде 5 түйесін беріп, Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атты алды. Сол секілді біреудің атына көңілі түсіп, бұлдап алады да, тез жеріп, бір болымсыз адамға бере салғыш еді.
Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты. Мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, 30-40 шақырымдық жерге салт ат пен жүруші еді. Жасында жылқы бағып, отарға да шығыпты. Мен білгенде жалпы қазақтың байларынша ертелі-кешті малын аралап, жерін шалып, мал үшін атқа мінбеуші еді. Көбінесе үйде отырғандықтан ба, жазу жазғандықтан ба, иә жанын күтемін дегендіктенбе, ертерек кәрілік көктеді ме, әйтеуір жалпы халықтан көп ерте атқа мінуден қалды.
Үлкен үйдегі келіні Еркежанды алып, сол үйге кірген соң, өзге үйіне оқта-текте келетін болып, дәулеті мол жерде, ел ортасында үлкен үйде отыратын болды. Қысты күні бұрынғы бәйбішесінің ауылы екі арасы 45 шақырым, біздің ауылымызға 70 шақырым болады. Бұл екі ауылдағы бала-шағасын сағынып, жазғы жайлауға барып, бірге алып жүргісі келеді.
Менің жоғарыдағы ашуын өзі еңбек қылып азайтты деп ойлаған себептерімнің бірі, 97-ші жылы май айының басында үлкен ауылға келсем, әкем ұранқай үйінде екен. Әмісе жазғытұрым ыстық басталғанша, күзгі салқын бастала бергенде үлкен ақ үйдің қонаққа, басқа ас-суға босатып, өзі ұранқай дейтұғын төрт қанат кішірек үйге кіріп, ақ жапаны жиғызып алып, көп үзбей от жаққызып, жер төсегінің алдынан қалың постел төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, көйлегінің сыртынан айналасына қара құлынның жарғағын ұстатқан сары тонын жамылып отыр екен, алдында қазан асып астына жапа қалап от жағып қойыпты. Үйдің сол жағына кішірек қара саба емізіктер тұр, қазанның есік жағында самауыры қайнап, жапаның шоғында бұрқ-бұрқ қайнап шәйнек тұр.
Мен сәлем беріп кіріп келгенде: «Сәлемімді алар-алмастан, сыртқа шығасындар ма», — деді. Мен: «-а-а-у біздің түйеміз симайды ғой», — дедім. «Мен түйе жинап берейін сыртқа шығындар», деді. «Сол үйде отырған Оразалы деген балалау жігітті Есіркер деген сыбайласының ауылына жіберді, үш түйесін берсін, біздің кіші ауыл жүк артып жайлауға шығады, түйесін ақсатпай, жауратпай бергізерсің», деді. Ол Есіркеп біздің ЬІрғызбайдың төрт баласының ішіңдегі ең азы, нашары Жортар деген кенжесі болады. Есіркеп сол Жортардың Арқат деген құлының баласы. Есіркепке орташа мал біткен адам, Жортардың балаларының ішіп-жегенінен қашып 2-3 жылдан бері менің әкемді паналап отырушы еді. Оразалыға «түйем жоқ» деп, түйе бермей жіберіпті. Сонда менің әкем, азырақ үндемей отырыңқырап, аздан соң, басын көтеріп күлімсіреген шыраймен айтты: «Құдайға бергеніңе тәубә, мен мұсылман екенмін. Егер осы Есіркеп Тәкежанның қасында отырып, Тәкежан осы менше түйе сұратып жіберсе, түйем жоқ деп түйесін бермей жібере алмас еді. Бұл түйе бермегеніме Абай ашуланып ештеңе етпейді», – деп менің жұмсақ мінезіме сеніп бермей отыр деп қуанып қалды.
Ұры сүйегіш адамға ырзалығы жоқ еді. Бір күні үйде отырғанда Найман Кәріпжан қажы келіп тұр деп тыстан біреу келген соң, әкем мәсісін, шалбар, бешпетін киіп, көрпе салғызып, үйге кіргіздірді.
«Е! Қажы, неғып жүрсіз?» – деп сұрағанда: «7-8 жылқы алғызып, соны қуып келіп қалып едік», – деді. Менің әкем: «-Ай, Қажы-ай 7-8 жылқыны өзіңнің қуып келгенің не қылғаның бір бала-шағаны жіберсеңіз де тобықтының ұрысы әкелген болса алып бермеуші ме едім», – деп ренжіген еді. Кәріпжан қажы: «Бір ашумен шығып кетіп едім», – деп ұялып қалды.
Қасыңда 5-6 кісімен Кәріпжан қажы түстеніп отырғанда, қасында Ысмағұл Шодыр баласы деген ұрыны ертіп, Тәңірберді дейтұғын ағасы келді. Менің әкем: «Сіз неғып жүрсіз?» – деп Тәңірбердіден сұрағанда: «Тәнірберді мына Ысмағұлды пәленшемен даулы жұмыс туралы Оспан саған билікке жіберіп еді, мынаны ертіп келдім», – деп еді, менің әкем «Сіз атшабар болып па едіңіз?» – деді. Менің әкем ағасының ұрыны сүйеп ертіп келгеніне қатты ренжіп айтты. Әкемнің бұл сөзіне ағасы өкпелеп қалып, артынан Оспанның аулына бастарын қостырып, татуластырмақшы болған жиылысында мен де еріп бардым.
Менің әкемнің топта билікке тартып, яки айтып, сөзін сыртқа сөйлеп, суырылып отырғанын көргенім жоқ. Байлаулы жеріне қысқа түйірім сөзді ақырын айтса тоқтаса қалушы еді.
Менің әкемнен басқа араздық іздеп, жүгінетұғын адамды көргенім жоқ. Жалпы, өзіміздің елдің жақсысын абайласам, алдына келген даудан, мүмкін қадірлі, өзінің досына пайдалы жағынан қапы қалдырмай билік айтады. Менің әкеммен жаудың іздеп жүгінгіші аз да болса салмағын досына сала айтатұғын секілді еді.
Жалпы ұрылар айтады: «Абайдың алдына өтірікпен бара алмаймыз, жанымыз қалса шын сөзіміздің арқасында қалады», – деп.
Менің әкемнің ұрыдан алатұғьш парасы шын сөзі еді. Мыңжасар Қобылан баласы деген атасынан бері қарай неше шабылып, айдалса да ұрылығын тастамаған бір кәрі ұры айтады: «Жас кезімде Абайдың сұраған малының шынын айтып, шыншыл атанып, абұйырлы ұры болып жүргенімде құдай атып бір өтірік айтқаным, Қаракесек жағынан бір топ жылқы алдық та, осы малды кімге болса да айтпалық десіп, жолдастарымыздың бәрі түгел төбеге тас қойып, анттасқанбыз. Жоқшы келген соң, Абай мені шақыртып алып сұрады, айтпай танығаным. Қыстың суық күнінде суық су құйып қинаса да айтпай тістеніп отырғанымда: «Өй, әкенңің аузын… не оттап отырсың, пәленше жолдасың әлдеқашан айтқан, пәленнің-пәленге, түгеннің-түгенге таратыпсындар деп қоя бергені. Сөйтсем ана иттер айтып қойған екен. Мені ие болып, қайтып айтқаныма сенбейтін ғып алғаным,» – деп.
Қалаға барғанда мен білгенде үш адамның үйіне жатты. Қабыл деген шала қазақ, Сүлеймен деген ноғай, Мауты деген қазақтың үйінде, бұл үшеуінің де қатындары пысық, асты тәтті қып пісіре білетұғын адамдар еді. Байдың үйіне ақы берсе жатпайды. «Өй, тәңірі-ай! Расходымды көтереді екен деп байдың қабағын түріп, аңдап басып, абайлап сөйлеп, кіші күйеу сықылданып жатарым ба», – деуші еді.
Мағаш деген жақсы көретұғын баласы қыстай ауру, қыс жұт, қардың кеткеніне қарамай, Еркежаңды ертіп, Ұранқай мен Мағаштың ауылына келіп отырды.
Өскенбай бидің Таңшолпан деген келін алған қатынынан шын аты Тілеуберді, жалған аты Шыбар деген баласы болған. Шыбар менің әкемнің асықты бірге ойнап өскен тату туысқаны еді. Шыбардың дәулеті нашар болды да, өзі өліп, артыңда үш баласы қалды, соның ортаншы баласы Қанағат деген менімен құрбы баласы, қолынан келсе ұрлық қылғандай, ағайынға кәдірі жоқ, жасық жігіт еді. Сол Қанағат, бұрынғы әкесі алып берген қатынын кемсініп, біреудің қызын алып қашқан соң ағасы жазғырып, қолындағы барлық малын қыздың әкесіне сыпырып алып берген. Ағайынына тентек болып, малдан айырылып қалған Қанағат сорлыға жоқшылық күнін көріп шықпақта қиын болып, біреудің арық атын сұрап мініп қалаға барып, азырақ астық алып, иттеніп, біздің төменгі ауылға жеткізіп, сабырда жүре алмай, Мағаштың көңілін сұрамақшы болып, біздің ауылға келді. Өзі жалпы туысқаннан сөгіс естіп жасып қалған сорлы, Мағашқа да қорғалап әрең сәлем беріп жүрген, сұрағанымызда әрең айтты.
Қораның сыртына киіз үймен отырған менің әкеме де сәлем бере кетпекші болып барса, сен қайдан жүрсің десе Қанағат жүрген жайын, аты болдырғанын, әншейін жай-күйдің ретінде айтса: менің әкем: «Ой, байғұс-ай атың болдырып келе ме? Олай болса менің қара атымды жегіп, астығынды жеткізіп ала қой», – деп қыстай сұлылап отырған атын Қанағатқа беріп жібергенін естіп, Мағаш ағам маған айтады: Ой, сенін әкеңе қайткен адам ұқсай алады. Қанағат деген кім? Құрбысы, сыйласы емес. Оған болыспақ марқамат қылмак, сен, мен, Кәкітай сықылдылардікі емес пе? Қанағатқа астындағы атын қосып беріп отырған әкеге мен ұқсай алмаймын, деді, әкесінің жомарттығына сүйініп, осы сықылды мінезі толып жатыр.
Менің жас күнімде, Кавказдағы атақты батыр Тастемірдің баласы, қасыңда екі жолдасы бар, қыстап жатып, жаз шыққан соң үшеуі үш ат мініп кетті. Ол Тастемірдің баласы екенін жасырып жүреді екен. Бір күні біз сөзден біздің ауылдың бір жігіті ашуланып, әлгі жігітті өлтіремін деп қуғанда, сені өлтірмесем Тастемірден тумайын деп, аузынан шығып кетті, сонан кейін Тастемірдің баласы екенін білген. Жыл сайын бірден, екіден үркіттен қашқан Кавказдың адамдары келіп, кейде қыстап, кейде бір-екі ай жатып, кісі басы ат мініп кетеді, көбінесе оларды менің әкем Қояндыларға барушыларға қосып береді.
Оларды арғы Көкшетау жақтан келген саудагерлерге қосып береді. Осы секілді тасымалмен кетуші еді. Осындай ат мініп кеткен адамдар 15 шақты бар шығар. Осылар секілді қашып келе жатқан мұсылманға ат беріп жіберетұғын әдет қажыда да көп болса керек.
Мен жоғарыда жазғанымда айтқаным: әкесінің мінезін баласы жазбақ қолайсыз деп, сондағы менің ойыма келгені баласының көңіліне әкесінің жақсы қылықтары ғана түсіп, жаман мінезі түспейтін сықылды.
Мен қандайлық әділ көзбен қарап жазайын десем де: жасында қарулы еді, жанын күткіш, ертерек шау тартып еріншегірек тартты демесем, басқа мін таба алмадым, мұным әкемді мақтаймын дегенім емес, бар білгенім-сезгенім осы-ақ… Толығымен көшіріп алу