М. Дулатов. ИБРАҺИМ ИБН ҚҰНАНБАЕВ
Лермонтовқа іңкәр болып, орыс әдебиетінің гүл шоқтарын өз тілінде сайратқаны екінші бір жағынан адамның ойына оралады.
Бұл адам — Семипалат облысы, қазақ, нәсілі тобықтыдан еді, Өскенбайдан тараған Құнанбайұлы Ибраһим мырза. Ибраһим мырза, ұлы ақын аталып, бұдан төрт жыл бұрын дүниеден кайтты, 59 жаста еді. Ғылымсыз, қара халық арасында, сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып шығып, тілі оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа машһүр етгі. Шығармалары қазақша жазылды.
Мейлінше мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетіне еркін жетіліп, достасып алды. Өлендері есіткеннің
жүрегін жігерлендірерліктей табиғи болып, шығармаларының асыл негізі Лермонтовқа үндес. Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззатты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып,
танымы ауқымды еді. Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі еді. Марқұмның
өлендері көп болса да, басылғандары жоққа тән еді. Обалы шығармаларын біліп, жарықка шығаруға қайрат етпеген кісілердің басында тұр. Марқұмның сөздерінің бірі:
Қуатты оттай бұрқырап,
Уәзінге салып тізілген.
Жаңбырлы жайдай зырқырап,
Көк бұлттан үзілген.
Қайран тіл, қайран сөз,
Наданға қадірсіз.
Тәуекел мен батыр ой
Өткір тілді найза етіп,
Сайысып-ақ бақты ғой,
Неше түрлі айла етіп.
Оянбай, қайран жұрт,
Ұялмай, қал жым-жырт!
Ақылмен ойлап айтқан сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Ән салар, жатқа алар,
Түбінде құр калар.
_____________________
Уақыт. – 1908. — N 383.
Дулатов М. Шығармалары.
— Алматы: Жазушы, 1991.
М. Дулатов. АБАЙ
(Опат. 23 июнь 1904
жыл)
Бүгін атақты қазақ ақыны марқұм Құнанбаев опатына дәл он жыл толды. Егер Абай қазақтан өзге оразды жұрттардың
бірінің ақыны болса, сегіздегі баласынан сексендегі шалына дейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйініп, өлгеніне тегіс күйінер еді. Опатына он, жиырма бес, елу, жүз жыл толған сайын бүтін жұрт ескеріп,
матбұғаты қайнап, есімін мәңгіге шейін қалдыруға өшпес белгілер орнатып, құрметіне неше түрлі ізгі жайлар ашар еді.
Не шара? Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқышының ең төменіне аяқ баса алмай тұр. Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында алпыс
жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі тобықтыдан басқа қалың қазақтың
көп жері білмей де қалды. Осы заманда үш ауыз сөздің басын құрай білетіндердің жазулары тасқа басылып, халыққа таралып, сынға түсіп тұрғанда, Абай сөзі өзі өлгеннен кейін бес жыл өткенде басылды. Абай кітабы басылғаннан соң да
елге көп тарай алмады. Былтырдан бері ғана «Қазақта» Абайдың кім екендігі жайынан жазылған соң, қазақтың әр жерінен
сұраушылар бола бастады.
Абай сөзі өзінің тірі күнінде басылмау себебін, өлген соң да балалары неге тез бастырмағанын анық білмейміз. 1904 жылы июнь айының басында Омскіге барғанымда, Абай өлендерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда
Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді һәм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен, күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып, Абайға сәлем беремін, танысамын һәм өлендерін бастыру жайынан
сөйлесемін»,- деп. Ахметке Абайды көруге нәсіп болмады. Абай өмірі күзге жетпей, сол июннің 23-інде опат болды.
1905 жылы «Семипалатинский листок» газетасында һәм онан кейін Семейдегі Географический Обществоның
шығарған бір кітабында Әлихан Бөкейханов Абайдың тәржіма халін жазды һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп
еді. Бірақ тез шықпады. 1909 Абайдың балалары һәм інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абай кітабы
Петербургте Бураганский баспаханасында басылып шықты. Бұл күні қолымыздағы кітап — сол бірінші баспасы.
Бүгін Абай секілді атасымен қазақ халқы мақтанарлық ақынымызды арамыздан жоғалтқанымызға 10
жыл толуын еске түсіріп, халқымыздың мұндай адамының қадірін білмеуін айтып кана өтеміз. Тәржіма халі өткен жылы «Қазақтың» 39, 41 һәм 43 нөмірлерінде, бұрын өз кітабында һәм Географический
Общество кітабында жазылғандықтан, бүл жолы тарқап жазбаймыз.
Абай сынды ақынның кадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды, себебі — қазақ басқа жұртпен
үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы — тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір
сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады.
Қай жұрттың болса да жаны — әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа, бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондыктан Абайдың аты
жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей.
Соның үшін жиырмасыншы ғасырдың таңында халқымыздың ұйқыдан азырақ бас көтеруі, жас әдебиетіміздің өсуі, белгілі кісілеріміздің тірлігінде һәм өлген соңында мәңгі ұмытылмастай болуы — біздің бірінші ескеретін борышымыз. Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш — Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізгеқымбаттығы да сол. Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғары, ардақты орын
Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жүлдыз — Абай.
1914 жыл.
Дулатов М. Шығармалары.
— Алматы: Жазушы, 1991.