Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Таңдамалы даналық сөздері

▪Адал жүріп, адал тұр.

▪Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.

▪Адам баласына адам баласының бәрі — дос.

▪Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек — дұрыс іс.

▪Адам баласының ең жаманы — талапсыз.

▪Адамзат — бүгін адам, ертең — топырақ.

▪Адамшылықтың алды — махаббат, ғаделет.

▪Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы — қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін.

▪Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.

▪Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікбірлән өсер.

▪Ақырын жүріп, анық бас.

▪Асығыс түбі – өкініш.

▪Әрбір жаманшылықтың, жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.

▪Әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.

▪Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді, күншілік күншілікті қозғайды.

▪Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен.

▪Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады.

▪Әрбір қайратсыз қорқақ мақтанғыш келеді.

▪Әрбір мақтаншақ қорқақ ақылсыз, надан келеді.

▪Әрбір ақылсыз надан арсыз келеді.                                                     

▪Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.

▪Бақпен асқан патшадан

Мимен асқан қара артық.

▪Балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқатқа[1] да қиянатбірлән болады. Бұл қиянатшылар — жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман.

▪Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!

▪Білімсіздік хайуандық болады.

▪[Біреу] жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол — надан, ләкин надан да болса адам.

▪[Біреу] өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес.

▪[Біреу] өз үйіне келіп айтпаса, яки аулына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол — наданның наданы ләкин өзі адам емес.

▪Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ — ол өзі де бір антұрғандық.

▪Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс.

▪Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!

▪Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.

▪Ғылым таппай мақтанба.

▪Ғалымнан надан артпас ұққанменен.

▪Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ.

▪Досыңа достық — қарыз іс.

▪Дұшпаныңа әділ бол.   

▪Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.

▪Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал.

▪Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас.

▪Еңбек қылсаң, қара жер де береді.

▪Еңбексіз мал дәметпек — қайыршылық.

▪Ер ісі — ақылға ермек, бойды жеңбек.

▪Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

▪Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен.                              

▪Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен.

▪Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.

▪Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар:

▫әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек;

▫екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек;

▫үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек:                                                                                                          

▫төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек.

▪Жақсылық ұзақ тұрмайды.

▪Жамандық әр кез тозбайды                                                                                    

▪Жаман дос – көлеңке.   

▪Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін

▪Жүректе айна жоқ болса,

Сөз болмайды өңгесі.

▪Залымдық — адам баласының дұшпаны.

▪Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

▪Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады.

▪Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: надандық; еріншектік; залымдық.

▪Қазаққа күзетші болайын деп біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек.

▪Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме.

▪Құдайдан қорық, пендеден ұял.

▪Құдайға терістіктен не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?

▪Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі.

▪Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас.

▪Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ — кербездің ісі.

▪Малға достың мұңы жоқ малдан басқа.

▪Мал, мақтан ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады.

▪Мақтан қума, керек қу.

▪Махаббат — әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән.

▪Мықты болсаң, өзіңнің нәпсәңді жең.

▪Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешнәрсені оларсыз біліп болмайды.                                                                                                              

▪Hадан ел қуанбас нәрсеге қуанады.

▪Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық; ойыншы-күлкішілдік; я бір қайғыға салыну; я бір нәрсеге құмарлық.

▪Ойсыздарға қосылма.

▪Өзін өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.

▪Өзі өзгеше боламын демектің түбі — мақтан.

▪Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

▪Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

▪Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың.

▪Өлім барда қорлық жоқ.

▪Өмір жолы — тар соқпақ, бір иген жақ.

▪Өмірдің алды — ыстық, арты – суық.

▪Өмір, дүние дегенің

Ағып жақтан су екен.

▪Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

▪Пайда ойлама, ар ойла.

▪Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі, асықтық та жүрек ісі.

▪Сақалын сатқан кәріден

Еңбегін сатқан бала артық.

▪Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма.

▪Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан.

▪Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас.

▪Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

▪Талап қыл артық білуге.

▪Талап, ұғым махаббаттан шығады.

▪Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ.

▪Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады.

▪Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?

▪Уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар зинһар[2] жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуел құданың, екінші — халықтың, үшінші — дәулеттің, төртінші — ғибраттың, бесінші — ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны.

▪Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

▪Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.

▪Ұят деген — адамның өз бойындағы адамшылығы иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты.

▪Ынсап, ұят бұл ғадаләттән шығады.

 


[1] Нану, сену

[2] Қалайда, әйтеуір

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники