Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Е.Ысмайылұлы, З.Шашкин. АБАЙДЫҢ ПОЭТИКАСЫ

ӨЛЕҢ ӨРНЕКТЕРІ

Абай — қазақ поэзиясының сөзсіз бір биік асқар белі. Қазақ поэзиясына тұйықтан жарып шын мәнді поэзияның  тұңғыш есігін ашты.  Әдебиет тарихымызда  поэзияның айқын жолдарын салды. Ол жол қазіргі әдебиетімізде де сайрап жатыр.

Пушкинге дейінгі орыс поэзиясы  халық әдебиетінің сарынынан етек алып  шыға алмаса, Пушкин орыстың үлгілі  поэзиясының  кілтін бұрады. Тетігін тауып, кілт бұралғасын, поэзия еркін құлашын жайды. Өмір тарихының өріне өрмеледі. Бұрын поэзия өмірдің  босағасынан  орын алса, енді төрінен орын алды. «Евгений Онегинмен» орыс поэзиясы мейлінше аспандады. Пернелі сөз, өлеңнің нелер  сұлу кестесімен, терең мағыналы  пікірмен Пушкин поэзиясы тарихтың желісін тартты. Кейін  Лермонтов, Тютчев, Некрасовтармен поэзия кемеріне жетіп тасыды. Декаденттер символистерге жеткенде, кемеріне жетіп тасыған  поэзия төгіліп төмен түсе бастады. Жиһангерлік дәуірмен байланысты ол пернешілер (символистер) поэзиясы аспандап көтеріле алмады. Октябрь төңкерісінің зор толқынына араласқан Маяковский поэзиясы ғана дәуірлейді.

Осы қалып шақ келмегенмен, біздегі поэзияның  өсуі, бәсеңдеп қайта көтерілу кезеңдері  орыс әдебиетінің сарынымен жүріп отыратын сияқты.

Абай Пушкинмен замандас болмағанмен, Пушкиннің әдебиет мәні Абай заманына сәйкес. Іргесі берік, феодал қоғамына сауда капиталының шеті көріне бастаған дәуірдегі жағдай Пушкин заманында Ресейде кез келсе, қазақ жағдайында айырмасымен Абайға кез келді. Сондықтан Абайдың Пушкинмен пікірі қосылып, олардан көп оқып, көбірек ала білген.  Өзіне тұспа-тұс жақын келген  Некрасов, Салтыковтерден алмаған. Неге десеңіз, Некрасовтар капитализм өсіп, белең алған  кезеңдегі бұқарашыл ағын еді, Абай бұдан алыс еді.

Қазақ поэзиясына Абай Пушкиндей төңкеріс жасады ма? Жасай алды. Абай да өзіне дейін болған  тәртіпсіз халық әдебиетінің  тетігін тауып, Батыс-Шығыс әдебиетіндегі нелер жылғы поэзия өнерінің үлгісімен жаңа шын көркем поэзияға жол ашты. Абайға дейін қазақтың  бай ауыз әдебиеті, тілі өріс ала-алмай  тұйыққа тіреліп тұрса, Абай ол  тұйықты жазды. Өзінің поэзиясына жаңадан өріс іздеді.  Ол қамала беретін тұйықтан  құлашын жайып, қанаты талмайтын жазыққа құлаш ұрды.  Ол шыңнан аспанға өрмелеген жоқ, жазықтан шыңға өрмеледі. Жазықтан поэзияға сара жол салып аспандады.  Сондықтан Абай қазақтың  нағыз көркем  поэзиясының басы десек дұрыс болар еді.

Енді Абай поэзиясының ерекшеліктеріне тоқтайық. Абай өлеңдеріне, өзіне  дейін болған қазақтың ауыз әдебиеті түгелдей  кіреді. Ауыз әдебиетте  бар 11 буынды қара өлең, жыр, тақпақ, терме, толғау, мысалдау, арнау, даттау, ақыл-нақыл, үгіт, жоқтау, жұмбақ, мақалдау түріндегі өлеңдердің  бәрі бар. Бұл жағынан қарағанда, Абай қазақтың  нағыз әдебиетінің  жуан ортасында, соның бір мықты қазығы сияқты. Қазақтың әнге келтіріп айтатын  өлеңінің  көбі — 11 буынды өлең. Осы 11 буынды өлеңнің өлшеуін Абай өте көп қолданған, оның өлеңдерінің негізі, осы қара өлең. Абайда 16 өлеңнің  мөлшері болса, бірінші орынды 11 буынды алады. Абайдың барлық өлеңі 210. Соның 84 өлеңі 11 буынмен жазылған. Оның үстіне бұл өлеңнің ұйқасуын 4 жолмен қайырып тоқтатпайды. Бір келкі ұйқаспен созып, 30-32 қатарға дейін апарады. Мысалы:

Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың…-.

деген үйлес пен қатарын жазбай отырып:

Пыш – пыш демей қала ма? Ол да астыртын!,

деп, 30-жолымен бір-ақ аяқтайды. Бұған Абайдың өлеңге еркін, сөзге қысылмай, айтайын деген ойын бір-ақ кестелі ұйқасымен іркілмей айтып бере алатындығын көрсетеді.  «Байлар да мал қызығын  біле алмай жүр» деген  өлеңнің үйлесі отыз екінші жолмен қайырылады. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңі бір түрлі сергек үйлес пен қырық төртінші жолдан, «Қан сонарда  бүркітші  шығады аңға» деген өлеңі  елу жолдан қайырылады. Қазақтың бұрынғы  поэзиясының ұзын арқауы осы 11 буынды өлең болып отырса, Абай поэзиясының да ұзын арқауы — осы 11 буынды өлең. Абайдың ең тәуір деген өлеңдері  де, поэмалары да осы өлшеумен жазылғаны көрінеді. Абайдағы өлеңнің екінші өлшеуі — жыр, тақпақ, терме өлеңдері.

Бұл өлеңдерде Абайға дейін халық әдебиетінен, билер сөзінен, шешендер сөзінен толғау, арнау, жоқтау сияқтылар жырлар да  үлкен  орын алған. Абай бұл өлшеуді де поэзиясында көп қолданған.  Абай өлеңдерін үгіт өлеңдері мен нағыз лирикаға айырып екіге бөлсек, үгіт жырлары осы жыр, тақпақ түрінде айтылады.

Ғылым таппай мақтанба!

Орын таппай баптанба!

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге

Бес нәрседен қашық бол!

Бес нәрсеге асық бол.

Адам болам десеңіз,

Тілен, өмірің алдыңда

Оған қайғы жесеңіз…

Бұл — терменің үгіт түріндегісі. Мұнда жырдың сыртқы дәлдігін, тармақтарының бірдей қатар келіп отыруын, ұйқасымдардың бір қалыптасуын ескермейді, айтатын ойын көпке жеткізу мақсатын алға тұтады. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген тақпақ үлгісімен жазылған. Ол – даттау жыры. Сол кездегі ақынның өзіне жақпаған, өмірде оғаш көрінген жаман қылықтарды әшкерелеп даттап отыр. Әбдірахман өлгенде жазған жоқтау жырларының бұрынғы ауыз әдебиетінде бар жырдан айырмасы  жоқ.

Арғы атасы қажы еді,

Бейістен тартқан шербеті.

Жарықтықтың өнері

Айтуға тілді тербетті.

Балалық  ақыл жасынан,

Қозғапты, тыныштық бермепті…

Тағы осы ретте қайталап келе береді. Жыр өлеңдері әдетте 7 буыннан аспайды. Жыр түрімен жазылған өлең 36 («Жаз», «Антпен тарқайды » деген  өлең бұған кірмейді).

Енді Абайдың «Жаз» деген өлеңі туралы бір-екі сөз. Абайға дейінгі халық әдебиетінде де, Абайдың жыр үлгісімен жазылған өлеңдерінде де «Жаздай» шебер жазылғаны жоқ. Бұл өлеңде Абай сөзді ойнатып, ырғаққа билетіп, дауыс толқындары да бірыңғай шығып, ұйқастарында еш бір олқылық білінбейді, жорға аттың жүрісіндей ырғалып, тайпалады да отырады.

Мына:

Жазды күн шілде болғанда,

Көк орай шалғын бәйшешек.

Ұзарып өсіп толғанда

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда:

Шұрқырап жатқан жылқының

Ат, айғырлар, биелер,

Бүйірі шығып ыңқылдап.. -.

 

деген өлеңді бастап оқып жібергеніңде, өзіңді еріксіз ерітіп, еліктіріп үйіріп ала жөнеледі. Жүрісті жорғаға мініп алғанда, қамшы салғызып, тізгінін қаққызбайды, желіп жөнеледі. Тізгінді тежеп жүрісіне сүйсініп, жаның жай тапқандай болады. Баратын жеріңе жетпей жорғаның басын тартпайсың ғой. Сол сияқты «Теп тегіс айналасы жұмыр келген» бұл өлеңді  сондай қызығып, сүйсініп оқисың. Өлеңнің ұйқастары 2-3-4 жолдан бір аспайды не кемімейді. Абай өлеңдерінің ішіндегі көтеріңкі, серпімді рухпен жазылған шаттық жағдайды жалғыз ғана өлеңнің мағынасынан ғана емес, ырғақ, дауыс толқыны, ұйқасымның өзінен көрініп отыратын өлең.  Сондықтан «Жазды» өз алдына бір түр етіп алдық!

«Жаз» өлеңіндегі сөздерді жеке талдап, есепке алғанда, өлеңнің жаңалықты әсерлі күші бар екенін мына кестеден көруге болады.

Сөз есебі Жол ұйқасы Бірыңғай келген етістіктер Түс бояуды көрсеткені Дыбыс үнді көрсеткені Қайталаған сөздер
Барлық сөз 60жол  18 ұйқас 86 16 17
Ат, ақ, мал,Қымыз, бір бөлек көк, қаз, су, дос, күн, келер ………………………………………………..

…………..

……………………………………………………

…………..

…………………………………………………..

……………

2 реттен
Ауыл, бай, тұр, жаз, жатыр ………………………………… ………………………………… ………………………………… ………………………………… 3 реттен
Деп………… …………. …………. …………. …………. …….. …….. …….. …….. 6 реттен


 

 

 

 

 

 

Бұл өлеңдегі сөздің көпшілігі — қимылды, істі көрсеткен етістік. Оның үстіне түс, бояу мен дыбысты да бірдей  келтіргендіктен, салқын қанды баяу  өлеңдей емес, желпіндіріп отыратын жанды (динамичный) өлең. Онан соң қайталап келген сөздер (2 рет қайталаған сөздер)  орнымен қайталанған. Мысалы: «Ақ білек, ақ көйлек», «көк орай, көк құсы», «Жас бала, жасы үлкен», «күн, күннің» деген сияқты. Бұл қайталауда өлең ешбір әлсіремейді. 6 рет қайталап айтылған көмекші етіс «деп» кей жерінде орынсыз қайталағаны байқалады.

«Бай байғұсым десін» деп, басынан мүдірмей  оқып келе жатқаныңда, осы араларына сәл кідіріп қаласың! Барлық қайталаған 29 сөзді шығарып тастағанда, 155 cөз — тыңнан қолданылған сөздер.  Мұнда демеу, жалғаулық, септеу, жалғау, үстеулер  сөз есебінде  алынған жоқ.

Сөзді түйіп айтқанда, «Жаз» өлеңі Абайдың бұрын соңды қазақ поэзиясында ерекше  шеберлікпен жазылған өлеңі дейміз.

Енді тоқталатын өлеңдеріміздің көбі — Абайдың өзіне дейінгі ауыз әдебиетте болмаған поэзияға  кіргізген жаңа өлшеулері. Өлеңдер шумағы, өлшеуі, ырғақ, бунақтары жағынан қара өлең мөлшерінен айырылады

«Әсетке» деген өлеңі әлгі 8 буынды «Жаз» өлеңіне қарама-қарсы жазылған. «Жаз» өлеңінің  ырғағы өзіңді  ілгері  алып қашып жорғалап отырса, бұл өлең шабан аттай жортақтайды. Шалқалап  кейін серпіп жатыр. Әдетті қазақ сөзінде  екпін  сөздің  ақырғы буынында келсе, бұл өлеңде ақырғы буынға таяу буында.

Ақыл жоқ, қайғы жоқ онда,

Есі жоқ, теріс пе оң ба?

Тіленіп, телміріп ізденер,

Тиын ба яки бір сом ба?

Кісімсіп, белгілі білгіш,

Біреуге  сондай-ақ күлгіш.

Бұлықсып, бұлданып босқа,

Өзімшіл, оңбаған шерміш.

Бұл — екі шумақты өлең. Екпін үлгісі: үйлескен а, а, а жолдарының  бәрі де  екпіні біркелкі. Аяқталған соңғы буын екпінсіз. Өлеңді  мұндай  тартыншақ ырғақпен  келтіріп жазу Абайға дейінгі  әдебиетте болмаған. Бұл ырғақтың өзі белгілі бір мағына береді. Ол мағына  өлеңнің  өзінде  айтылып тұрған негізгі пікірге сәйкес. Сондықтан буын ырғақтары, дыбыс күйлері өлеңнің сыртқы құрылыстары Абай  поэзиясында  мағынамен қалыптасып ұштасып жатады.

Абайдағы  бесінші өлеңнің өлшеуі:

 

Жүрегі айна көңлі ояу,

Сөз тыңдамас ол баяу.

Өз өнері тұр таяу,

Ұқпасын ба сөзді тез.

 

Әр жол 8 буыннан. Екпін ақырғы буында. Өлеңнің ырғағы не көтеріңкі, не басыңқы емес. Баяу бір қалыпта келе жатып 4-жолда тоқтап тынады. Ырғақтың  жүрісі шапшаң болмаса да, ақырын жүрістің өзінен қанаты талып шаршағандай 4-жолда кілт тоқтап тұра қалады. Бұл енді — Абайдың ызалы ойға бет алған дәуірінің басы. Өлеңнің мағынасымен бірге ырғақ, рухы да бәсеңдеп, идеясындағы  ұлы сарынның жолына түседі. Бұл өлеңнің түрі Абайдан кейін әдебиет дәуірінде де осы күнгі әдебиетімізде өте аз қолданған. Әлі өрістеп орын алған жоқ. Алтыншы өлеңнің өлшеуі: «Сегіз аяқ»:

 

Алыстан сермеп

Жүректен тербеп

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып

Тағыны жетіп қайырған.

Толғауы тоқсан қызыл тіл

Сөйлеймін десең өзің біл.

 

Қайғылы сарын күйі жүректен қалғып шығып, қалғып сорғалап аспанда өрлеп барып, қайта жайылып бәсеңдейді. Тұла бойды шымырлатып балқытады. Күйдің пернесі қайталап тартылғандай дауыс толқыны  бір көтеріліп өрлеп өрістей,  тағы  басылып тынғандай болады. Бірақ жаңғырық күйі тынбастан  іле шала іркілген түйдек толқыны бір шапшып жарға ұрылғандай шаңқ етіп, беті қайтады,  жаралы болған жан тәрізді өзін мойынсұндырын, әлсіреп, әлі бітіп барып тоқтайды! Өлеңнің ырғағы, дыбыс толқындары (әні өз алдына және бар) «Сегіз аяқтың» осы сарын күйін күшейте түседі: тағы ырғақ пен мазмұнның ән күйіне бірлігі келіп шығады.

Өлеңнің бунақ, буындары ешбір ауыспайды. 11 буынды қара өлеңде Абай өлеңдерінің бунақ,  буындары бір шумақтың ішінде әлде неше рет ауысып отырса, мына ұйқас, буын, ырғақ дәлдігін қатты ұстайды.

Жетінші өлеңнің өлшеуі: «Қор болды жаным». Енді бұл өлең бүтіндей құлап түскен. Еш бір көтеріліп серпіле алмайды. Шаршап, талығып аяғы нәзік әлсіреген үнді дыбыс пен тоқтайды да, сәл серпіліп, сілкініп бойын  жазбақ  болып, өзін бір қалыптағы ырғақта тербетеді. Бірақ, ауыр салмақ  зілді  көтеріп, өзін-өзі жеңіл билей алмайды. Дауыс толқыны ырғақта дірілдеп, тәлтіректеп тоқтайды.

Қор болды жаным.

Сенсіз де менің күнім.

Бек бітті  халым

Тағдырдан келген зұлым.

Тағдыр жетсе Алла.

Не көрмейді пенде.

 

Бұл өлеңде буын, бунақ, өлшеулер артық не кем болмайды да, дәл келіп отырады. Екпін сөз аяғында  келіп тұрса да, басыңқы  болып, төмен түсіп кеткендіктен, екпін күші «н, м» дыбыстарының ықпалымен әлсреп жойылып  кетіп отыр. Сондықтан тиянақты болып тұрған екпін сарын күйге балқып, тірек таба алмайды. Бұл өлеңнің түрі Абайдан кейінгі ақындарда да кездеседі. Бірақ, буынға буын, ырғаққа ырғақ дәл келерліктей емес. Ұзын ырғақ  үлгісі ғана.

Сегізінші өлеңнің өлшеуі. «Мені не етесің?»

 

Сен мені не етесің?

Мені тастап

Өнер бастап

Жайыңа;

Және алдап,

Арбап

Өз бетіңмен сен кетсең

Неге әуре етесің?

Қосылыспай,

Басылыспай;

Бойыңа

Және жаттан

Бай тап

Өмір бойы қор етесің!

 

Абай өлеңдерінің ішіндегі техникасы күшті өлеңнің бірі. Өлеңнің кестесін, мәнерін бұзбастан шығаруға  ақын өте көңіл бөлген. Әрбір шумақ, әрбір ырғақ, буындарын бытыстырмай, заңды  етіп алып отырған. Мұнда әлгі жаншылып, қайғыға гүл болған көңіл күйі қайта серпіліп, өмір қиясына  құлаш ұрады. Бірақ, өмірдің соқпағы бой бермейді. Өмір соқпағымен алысады. Аласұрады. Өлең ырғағы, буын, бунақ өлшеулері, тақталары да біркелкі келмей, әр мөлшерде келуінің өзі – өлеңнің өмір соқпағынан серпіліп шыққан сарын күйді көрсетеді. Ұйқасып келген тармақтардың буын саны бірдей емес.

6 + 8 + 6 + 8 = а 4 + 4  = д

4 + 4 = в

3 + 3 = с

2 + 2 = е

 

Аяғы «н»-мен біткендіктен, екпіндері де заңды емес, толқып тұр,  д. в. үйлестеріндегі 4 буынды тармақтардың екпіні аяғында емес, аяғына таяу буында:

В)   –  –  і  –

       –  –  і  –

С)   –  –  і  –

       –  –  і  –

 

Абайдың бұл өлшеуі кейінгі поэзияда ешбір қолданылып орын алған жоқ.

Тоғызыншы өлеңнің өлшеуі: «Татьяна, Онегин» жырлары. Бұл орыс әдебиетінде Пушкин заманынан бері қалыптанған түрі. Абайға дейінгі әдебиетімізде болмаса, Абайдан кейінгі әрбір ақындардың өлеңдерінде бар.

Таң ғажайып бұл қалай қат.    – а

Мағынасы алыс, өзі жаз.          – в

Сөзі орамды әр түрі жат.       – а

Және әдепті, және рас…          – в

а + а = 8 + 8  (кейде ден)

в + а = 8 + 8

Осы айғыс-ұйғыс үйлес өлшеуімен жазған өлеңі 50. Қара өлең түрімен жазғаны 84 еді ғой. Онан кейінгі 2- орынды осы алады. Үшінші орындар жыр, тақпақ өлеңдері 36. Бұл өлеңнің екпіні  ылғи нық келіп отырады. Ырғақтары дауыс тоқыны әуені көтеріңкі де, түсіңкі де емес, түзу қалыпта  таразының  тең басқан екі жағындай ырғалып шайқалады да тұрады.

Оныншы өлеңнің өлшеуі: «Бар секілді». Бұл өлеңні ойдағы арманды ашық үгіт түрінде білдірген.  Төңіректі атпен шоқытып жүріп болып, бір түcейін деген сарынды көз алдыңа елестетеді. Өлеңнің ырғағы да, ұйқастың қатарласып келуі де аттың жорғасындай емес, жортағысындай болып отырады.

Бай сейілді,

Бір бейілді,

               Елде жақсы қалмады,

Елдегі еркек,

Босқа селтек;

               Қағып елін қармады.

 

Немесе:

 

Бойы былғаң

Сөзі жылмаң

               Кімді көрсем, мен сонан,

Бетті бастым,

Қатты састым

               Тұра қаштым жалма жан.

Әуелгі шумақ 5 буыннан 7 буынмен қайырылады. 2-шумақ 4 буынмен ұйқасып, 7 буынмен қайырылады. Абай мұндай  өлеңнің мөлшері мен жан күйіктерін, ішкі қасірет қайғыны ашшы тілмен еш уақытта жазбаған. Себебі, өлеңнің тыныштықты бұзатын ырғағы, ызалы жүректің нәзік тербеліп қана ақырын күйін шертетін өлшеулеріне  жақындайды және ақынның жанын жай таптырмайды. Соның үшін  өлеңнің сыртқы құрылысын, жүректің күйін шертуге, ішкі пікірді түйіп, сыртқа шығарып айтуға сәйкестей білген. Осы күнгі әдебиетімізде бұл үлкен орын алған. Бұ да Абай жасаған түр. Онан кейін:

Ем таба алмай

От жалындай

                    Толды қайғы кеудеге.

Сырласа алмай,

Сөз аша алмай

Бендеге!..

деген өлеңнің өлшеуі де осы оныншы түрге кіреді.  Тек айырмасы  6-жол  3-жолмен бірдей 7 буын болып келмейді.

Он бірінші өлеңнің өлшеуі:  «Ақылбайға»

Ата – анаға көз қуаныш,

Алдына алған еркесі.

Көкірегінде көп жұбаныш,

Гүлденіп ол өлкесі.

Еркелік жетті

Ер жетті

Не бітті?…

Оқытарсың молдаға оны.

Үйретерсің әр нені.

Медеу етіп ойы соны

Жаны тыныштық көрмейді.

Жасында күтті

Дәме етті

Босқа өтті!..

 

Құрысқан бой шаршап жалыққандықтан жазыла алмайды. Екпін де, ырғақ та ілгері өрге қарай өрістеп көтерілмейді. Иықтан кері тартып, етекті шегелеген ауыр зіл бар. Ол ағынды шаршатқан, талыққан бойдан, күйінген, назаланған ойдан қанша көтеріліп, жазылып күй шертуіне болмайды. Ақырында өзін өзі еріксіз айналмаға отырып, басы айналғандай, жүрегін басып, шекесін ұстап, не бітті деген әлсіреп шыққан үнді естеді.

Өлеңнің кестесі бірыңғай заңдылықты бұзбайды. Абайдың бұл өлеңінің түрі — өзінде осы жазылған бір-ақ өлең. Кейінгі поэзиямызда да орын алмаған.

Он төртінші өлеңінің өлшеуі: «Ақыр заман жастары». Бұл өлең — айқыш-ұйқыш өлеңнің 7 буынмен жазылған үлгісі.

Заман ақыр жастары,

Қосылмас ешбір бастары.

Біріне бір қастыққа

Қойнына тыққан тастары.

 

Бұл өлеңнің өлшеуімен 15 өлең жазылған. Өлеңнің ырғақ күйі ширақ, балқып, ерітіп еңсе түсіп кетпейді. Жастардың салқын қанды жайда отырып, ащы тіл, улы сөзбен шенейді. Кейін қазақ әдебиетінің әр кезіндегі ақындардың өлеңдерінде көп қолданылған.

Он үшінші өлеңнің өлшеуі: «Қызарып, сұрланып» немесе «Көзімнің қарасы».

Көзімнің қарасы,

Көңлімнің санасы.

Кетпейді ішімде

Ғашықтық жарасы.

 

Бұл 11 буын қара өлең үлгісінде әлгі «Заман ақыр жастарынан» да қысқа 4 жолы 6  буыннан құралған.

Қызарып, сұрланып,

Дүрілдеп жүрегі.

Өзгеден ұрланып

Өзді өзі  керегі.

Әр тақтадағы буын ырғағы ақырғы буынға түспеген дауыс толқыны, екпін де жол ортасында, орта буындарда. Сондықтан ырғағы бірыңғай құлашын жайып серпіп отырады. Не кібіртіктеп тұрып та қалмайды. Тербеліп, шайқалып, көңілдің шақ қана ермегі пайда болады. Бірақ өлең Абайдың өзі айтқандай айналасы «теп тегіс жұмыр келген», 6 буындымен жазып отырса да көп пікірді сыйғызып айтады. Бұл өлеңнің  түрі кейінгі  әдебиетте бар. Бірақ, көп емес.

Он төртінші өлеңнің өлшеуі: «Қатыны мен Машақпай», «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесін» деген өлеңдерінен, кейінгі құрылысы өте қиын келген өлеңнің бірі. Бұл түрмен Абай бір-ақ өлең жазып кеткен. Кейін онысын заңдандырып, өзі еліктеп күшейтіп әкетпеген.

Сырмақ қып астына,

Байының тоқымын.

Отының басына

Төрінің қоқымын.

Бүксітіп,

Бықсытып,

Қоқсытып

Келтірді.

Осының бәрімен

Көңілде міні жоқ.

Жүзінің нәрі мен

Бойының міні жоқ.

Бөкшиіп,

Сексиіп,

Түксиіп

Өлтірді.

 

Әр түрлі ырғақ, әр түрлі ұйқасым. Әр түрлі дауыс толқындарымен келіп бір шумақ өлең 16 жолдан құралған. Өлеңнің күйі үй шаруасы, үй ішіндегі  күнделік тұрмыстың сарынын елестетеді. Үй тұрмысында да адам бір отырмайды, кейде келіп назаланады. Кейде қуанады, күледі. Кейде жай отырып, бұрқан-тарқан болып ашуланған әйелдің сүйкімсіз мінездері оғаш, өрескел көрінеді. Осы қалып, осы жағдай адам көңіліне күй салады. Ақын осы жағдайға лайық өлеңнің ырғағын, ұйқасу, үндестіктеріне сәйкес етіп, сонымен өзінше мазмұнды тереңдетіп беруге тырысқан. Бірақ, қоғамдық маңызы бар терең мәнді өлең емес.

Он бесінші өлеңнің өлшеуі: «Сұрғылт тұман дым бүркіп».  Бұл өлеңде «Ақылбайға», «Қор болды жаным» деген өлеңдердің ырғағымен жазылған. Ақынның өзіндік қайғылы ойы асқынып, оны сыртқа орағытып, жанамалы көзбен айтып отыр. Пікір терең. Заманның, өмірдің қайғысы бұл өлеңде де аңқып тұр. Ырғақ та соған лайықталып жасалған. Жабырқау тартқан жүректің күйігі.

Сұрғылт тұман дым бүркіп,

Барқыт бешпент сулайды.

Жеңіменен көз сүртіп,

Сұрланып жігіт жылайды.

Әйелмісің, жылама!

Өлең айт,

Үйге қайт!

 

Көзден қанды жасты төгіп аласұрып, ауыр қайғының күйіне ере бермей бір мезгіл шыдамдық қылып, Құдайына сыйынады. Өзімен өзі ғана өлең айтуды ермек қылатын сияқты. Өлеңнің алғашқы  4 жолына ырғақ, дауыс толқыны да бірде баяу, бірде көтеріліп қалқиды. 5-6 жолдарда көтеріңкі ырғақ сөз толқыны бәсеңдейді. Талықсыған, жайылып кеткен күйді көрсетеді. Соңғы жолдары  мүлде төмен құлдырап түсіп, әлсіреп тек орнында тұрып қалады. Әлі бітіп тек бір орында  ғана тыпырлай беретін сияқты. Абай өлеңдерінің мұңдай ырғағы көбі көтеріңкі болмай, түсіңкі, тозып, азып, күні  бітуге таянған  феодалдық заманның өлуге бет алғандағы қайғылы сарынды көрсетеді. Бұл тек өлеңнің  мағынасында ғана емес, сыртқы ырғақ, дауыс толқындарының өзінде ғана. Сондықтан  «Абай байлар табының дәуірлеген жыршысы еді»  деген лағушылардікі сөз емес екендігін  дәлелдемей-ақ қояйық.

Енді ақырғы  16 –өлеңнің өлшеуі: «Антпен тарқайды». Бұл өлеңі жыр үлгісімен басылса да, 36 жол, бір-ақ шумақ айқыс-ұйқыс ұйқаспен келіп отырады. Бірінші жолдың ұйқасы «тарқайдымен»  басталып 18  жол бір үйлесіп, «шайпайдыдан» аяқталады. Екінші жол «кеңеске» деп басталып, ода 18-жол «Он беске»-мен аяқтайды. Не бір ырғақ, не бір екпін орын ауыспайды. Немесе ұйқастар қайталамайды. Бәрі – тың, жаңа сөз. Өлең басынан  аяғына дейін 7 буыннан келеді. Аяғын шапшаң тымпыңдап басып, тынбай жүріп отыратын  жүрдек тайдың жорғасындай. Қатты көсіліп кетпейді.  Не аяқ тұсалып тұрып қалмайды. Ақын үнемі қара жамылып, қайғыра бермейді. Кейде серпіліп, сілкініп тастап, бойын көтеріп, төңірегіндегі шындықты көріп, соны не сөзбен, не іспен қамтиды. Кемістігіне күйініп, тәуіріне сүйсініп мақтайды. Міне, бұл өлең сондай мүнеттік серпілісте ғана жазылған.

Абайдың барлық 16 өлең түрлеріне қысқаша пікірді қорыта келгенде, Абай өлеңдеріндегі  өлшеуі  көбі әлі әдебиетімізде қолданбағандығын, тіпті өзі де кейбір түрлерді  жетілтпей кеткендігін көреміз.

16 өлең түрінің бастапқы екеуінен басқасы — Абайдың кіргізген жаңалықтары. Абай өлеңдерінің  ең қиын, ең оңай мөлшер, өлшеулері де қазақтың бұрынғы халық әдебиетінде бар үлгі мен шығыс, орыс әдебиетінен  алғаны.

Абай поэзиясында парсы, арап өлеңдерінің өлшеу ырғақтары, ұйқасым құрылыстарында үлкен орын алып отырады. Мысалы, Рубаи үлгісімен жазылған мына өлең:

Иузи — раушан, көзі-  гауһар

Лағилдек беті үші  әхмәр,

Тамағи қардан әм биіһтар,

Қашың құдірәт қоли шигә!

Өзәң гузәлләра  раһбар,

Сәңе ғйшық  болып кәмтар,

Сүләйман, Ямшид, Искандәр,

Ала алмас барша мүлкигә.

Шағатай, Иран ақындарына еліктеп жазған. Әуелі үш жол 7 немесе 8 буыннан бірдей үйлеседі де, 4-жолда қайырылады. Сонан екінші шумақтың 4-жолы мен 1-шумақтың 4-жолы ұйқасады. Бұл өлеңнің ерекшелігі буын екпіндері әнге, күйге келіп айтылуына қарай. Ырғақ екпінін өлеңнің күйі, сарыны билейді. Соның үшін мұнда, қазақтың өзінікіндей, буын аяқта келе бермейді. Бұл Ғаруз өлшеуіндегі ( метрический)  өлең дауысты созып, ырғағы кеңінен жайылып отырады.

«Жүрегі айна, көңілі ояу» деген өлеңнің  үлгісі де  осы Рубаи! Бірақ оның буын, ырғақтары, дауыс толқындары  парсы, шағатай әсерін жойып жіберген. Буын екпіндері түгел сөз аяғында! «Әліпби»  өлеңі 11 буынды болғанмен, негізі парсы, шағатай ақындарына  толық еліктеген. Өлеңнің ырғақтары, екпіні  сөздің аяғында  бірыңғай  келіп отырмайды, толқып, біресе  жол ортасында, біресе жол басында келеді.  Оның себебі әлгіде  мәт үвәзіні ғаруз өлшеуіне  жақындатып жазғандықтан.

Онан кейін көп өлеңдерінде арап, парсы өлеңінің мәт уәзінге лайық әдетті үйлестің тынуы келіп те отырады. Бұл жоғарғы өлеңдегідей өз алдына толық еліктенген өлеңдер емес, қазақтың  өзінің өлеңі етіп жазғанында көрінеді.

Сенсің — жан ләззәті,

Сенсің — тән шәрбәті.

Артықша жаратқан

Алланың рахматы.

Көрік — тәңірі дәулеті, 

Қылса ұнар құрметі.

Сұлуды сүймектік

Пайғамбар сүндеті.

 

Міне, мұнда өлең аяғы «ті, ты»-мен ұйқасып тынып тұрса да, әуелде Абай «тій, тый» ұйқасына бейімделген. Сондықтан кейде бұл өлең, өзінің әніне салып айтқанда, «тій, тый»-мен жырланып кетеді.

«Толғауы тоқсан қызыл тіл» деген  «толғау» болып әнде айтылуы, ол да сол Шығыс әдебиетіндегі өлеңнің сарын күйіне  еліктелгендіктен  туған. Абай поэзиясында парсы, арап, шағатай тілдерінің әсері бар екендігіне тоқталмай-ақ қояйық. Бұл арада ескерте кететініміз: Абай өлеңдері түр, өлшеу  жағынан шығыс әдебиетінен зор үлгі алғандығын көреміз! Сондықтан Абай поэзиясының түр өрнектері, ырғақ сарын күйлері қазақтың ауыз әдебиетіне негізделіп жатумен қабат арап, парсы, шағатай, орыс әдебиеттерімен де араласып жатыр. Солардан үйренгендігі, солардан өлең түрлерін (әсіресе орыстан) қазақ жағдайында өзінше жасай білгендігін көріп отырмыз. Енді Абайдың сөз пернелеріне, сөз кестелеріне тоқталайық.

АБАЙДЫҢ КЕРІКТЕУ ЗАҢЫ

Тілдің керіктеу жүйесі жазушының өмір тану сатысымен, талантымен, шындықты білуімен байланысты болса, осыған  қарай тіл сөздігінің байлығы, тазалығы, өткірлігі кернеп отырады. Бір жағынан тіл, сөз образ сықылды сырлы поэзия тұрғызудағы қажетті шартты еркін билеп-төстеп алмаса, ірі шебер жазушы болмауы да мүмкін. Міне, Абайдың белгілі таптық тіл жүйесін тексеруді осы  жағынан алып қарауымыз керек.

Ең біріншіден, Абай керіктеу заңын (идеология) қалай қолданды, қай жағы басым — соған тоқтап өтейік. «Тілі жеңіл, жүрекке жылы тиюі», «іші алтын, сыртың күміс» болуы керек. Ол үшін әрбір  суреттер, жазып отырған нәрсе көңілге қонымды, жанға әсерлі болуы керек. Көмескі, күңгірт нәрсені асық-айқын нәрсеге сипаттап, ұқсатып, теңеп, салыстырып суреттеуі керек. Абай поэзиясының ең басым, күшті жағы теңеуде жатыр.

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы

Аласы аз, қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Абайдың бұл шумағы тегісінен теңеуден  құралған. Әйелдің маңдайын жарқыраған «ақ күміске» ұқсатып теңеп,  оның тұлғасын ашығырақ көрсеткен. Абайдың барлық  сыршылдығы (лирикасы) осы теңеу арқылы құралған.

Сылдырлап  өңкей келісім

Тас бұлақтың  суындай.

 

Қыранша қарап қырымға.

 

Тоты құс түсті көбелек.

 

Жас баладай жаңыс қой,

Байлауы емес ақыл ой.

 

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Бұлыттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.

Мұндағы «тас бұлақтай», «қырандай»,  «тоты құстай», «жас баладай», «Масатыдай», «бұлыттай» деген теңеулер  бәрі де бір қалыптас, өз бетімен өлеңге көрік, жан беретін үдемелі теңеулер емес. Бәрі де оқтын-оқтын сол теңеу арқылы күшейеді!.. Абайдың бұл теңеулері — өзінің сол уақыттағы көңіліне, толқымалы ойына сәйкес алынған теңеулер. «Кейде тасыған бұлақтай» кейде «тырна құстай» қалғып, кейде бұлыттай түнеріп, қабағын жауып, күрсініп қайғыланатыны, кейде «масатыдай» құлпырып, жайдары болып қалатыны көңіліңнің соқпаларына кез келеді.

Абай теңеулерді кездейсоқпен алмайды. Оның өзін таңдап жүрегіне жаққан, ойына сайма-сай  келген теңеулерді алып отырады. Абай теңеулері үдемелі өсіп, ылғи алға қарай өршіп отырған теңеу емес. Бірде көтеріліп, бірде басылып отыратын теңеулер. Абайдың теңеулері сол қоғам құрылысына ырза болмай, өз ортасынан іздеген мақсатын таба алмағандықтан, «ол дүниеден», жаратылыстан іздеген теңеулер. Онан кейін  өз қара  басына ғана  алған теңеулері.

Екінші, Абайдың көп қолданып, поэзиясын жандандыруы, уыт беруі, күшейтіп, сырландырып, бір нәрседе болмайтын күйді екінші нәрседе болатын күймен көрсетіп, асығырақ, сезімді тартып бейнелеп (метафора) суреттейді.

Көңіл құсы құйқылжыр шар тарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта

Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің,

Тактысына билесін ол құлаққа.

Мұндағы әннің, музыканың ерекше ауыр сезіміне әсер ететіндігін  көрсетуді бейнелеу арқылы суреттеп отыр. «Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің», — дегенде, ән көңілдің көлеңкесі деп, ерекше  бейнелеп отыр. Біздің жәй уақыттағы ұғымымыздағы «көлеңке» — ағаштың, үйдің, адамның «көлеңкесі». Ән сол көлеңке сияқты адам сезіміне, сол сағатында ғана түсіп, көңіл күйінің бір жапсарын біреуінен жасырып қана тұрған сияқты. Абай  күйінішті, ызалы  болып жүрген уақытында ән сол ызалы жерге түскен күннің көзін жасырған көлеңкедей жасырып қана, біраз уақыт көңілін  көтеріп тастайтынына бейнелеп, ұқсатып отыр.

Сағыныш бар, дүниеде жұбаныш бар,

Көңілді көтеретін қуаныш бар.

Уақыттарын ғана қамтып көлеңкелеген ән. Өмірдегі күреске, іске адам санасы арқылы біздің дәуірде күш беретін құрал. Бізге де сол өткен өкінішке қайғырмай, келешек бақытты өмірді оятуға, толғандыруға әсер етеді.

Абайдың бейнелеуінің өзі сол таптық пікірге арналған белгілі тіл жүйесі арқылы алынып отыр.

«Жанымның  жарық жұлдызы»,

«Үйі — базар, түзі-  той»,

«Ұйықтаған ойды кім түртпек»,

«Жүрек — теңіз, қызықтың бәрі — асыл тас»,

«Жүрегі – айна, көңілі ояу» ,

дегендегі «жарық жұлдызы», «үйі — базар», «түзі — той», «ұйытқыған ой», «теңіз, айна», «асыл тас» деген бейнелеулері де әртүрлі. Бірақ сурет түрі бір қалыпта асық емес. «Ұйқы», «теңіз», «базар», «айна» — бәрі де сұрғылт, күңгірт, бұлдыр. Немесе «той», «базар» сияқты шоғыр. «Жұлдыз» бен  «асыл» ғана асық. Онысын Абайдың бейнеулі атастыратын объектілерінің негізгі тетігі өз қара  басынан алыстап ұзап кетпейді. «Жүрек, көңіл, ой» — бәрі де ақынның  өз қара басындағы сипаттар.  Олай болса ақынның әлде алдағы үміті жарқырамай, күңгірт тұрғандығын, айналадағы өмірдің шындығынан өз қара басының  сипаттарын  жоғары қоятындығын көрсетеді.

Абайдың поэзиясының бір өзгешелігі — кейіптей жазып отырған жансыз нәрсеге жанды кейіпті беріп, ерекше күшпен суреттеу. Бұ да Абайдың поэзиясын жандандырып отырады.

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,

Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай,

Таң атқан соң  шығарын күннің біліп,

Өңі қашып, бола алмай бұрынғыдай.

Мұнда күздің қара суығын сипаттап беруде өзге әдіс қолданған. «Жұлдыз бен айдың» түнгі уақытта шығатынын, таң атқан соң біртіндеп сөніп,  жоғалып кететінін кейіптейді.

Күн — күйеу, жер — қалыңдық сағынысты,

Құмары екеуінің сондай күшті.

Күн қырындап жүргенде, көп қожаңдап,

Күйеу келді —  ай, жұлдыз к… қысты.

 

«Асау терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып

Айдаһардай бүктеліп жүз толғанып»

«Асау жүрек қайнамай,

Жуасыр ма еді кезінде»

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды».

Міне, Абайдың, ерекше шебер, күшті ақынның, керіктеу заңының бір саласын кейіптеу арқылы, жанды түрде көрсетуі. «Асау терек», «Асау жүрек», «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» деген  кейіптеулерін өзінің өмірге көзқарасы өмірді өзінше топшылай білуіне жаратылыс, өмір құбылыстарының  қаншалықты қамти білуіне байланысты. «Құс» дегенде, тұрақсыз, алаңдампаз, ұшып-қонып жүрген  объектіні айқындайды. Жалғыз бұл емес, Абай поэзиясында  кейіптеу ірі орын алады. Ол жүйе болып кірген.

Ендігі бір шарты – Абай алған  тақырыпты, суық, жалаң етіп айтып қана шықпай, көрсетіп, суреттеумен қатар әрбір сөзін айқындап, ерекше көзге түсерліктей етіп көрсетеді. Абайдың қай өлеңінде болсын айқындаудан аяқ алып жүре алмайсың. Бірақ айқындауының өзі белгілі нысанада тұр. Одан әрі өтіп кете алмайды.

«Сорлы жүрек мұнша ауыр»,

«Ауру жүрек ақырын соғады жай»,

«Ет жүрек өртенді»,

«Ызалы жүрек, долы қол».

Бұл айқындаулардың  бәрі де біркелкі. Бәрі де бір нәрсеге ырза болмағандықтан, ақынның жүзі тойтарылып, қапаланып жамыққаннан шыққан «сорлы», «ет», «ауру», «ызалы» деген айқындаулар әлі құрып, төмендеп құлап бара  жатқан күйді  көрсетеді. Ақын сыршыл лирикасын  дамытумен  бірге, айқындаулар  әлсірей береді. Бұл әлсіреу жыл уақытына байланысты. Алғашқы кезде, әуелі еттей сұлық жатады. Одан кейін бәсеңдеп, істер қайрат жоқ, жалынышты болады: «Сорлы». Одан кейінгі өзінен өзі булығып, көтеріліп кернейді: «Ызалы». Ең ақырында дәрменсіз  сылқ етіп құлайды: «Ауру». Төмендеп түсіп келеді. Міне, Абайдың айқындау кемері осы.

«Ағар көзден  ыстық жас»,

«Қызыл тілім буынсыз»,

«Cайра да зарла қызыл тіл»,

«Улы сия, ашты тіл».

Мұнда да жоғарғы қалыптас. Өз тілін өзі аяп, тіліне сөйлеп, тілін ермек етіп, ыңғай тұйықта жүреді. Бір шешіліп, жайылып  кете алмайды.

Абайдың лирикасындағы орталық тұлға «жүрек», «көңіл», «ой», «тіл» — бәрі де алысқа ұзай алмаған, өз басындағы образдар.

Абай поэзиясындағы ендігі бір шарт әсірелеу.

«Әділ мырза ел болып, әлемге жайған өрнекті»,

«Жазасыз жақын жердің  бәрін шапты,

Дарияның суындай қандары ақты»,-

деген әсірелеу де бар. Бірақ, өткендегі эпостардағыдай емес, әсірелеу аз кездеседі. Абай — әсірелеп суреттеуден көрі бейнелеп, кейіптеп суреттеуге жақын ақын. Сол өз қоғам қатынасына, ортасына  ырза болмағандықтан, көбіне әсірелеу, асыра мақтап, күшейтіп, дәріптеу шамалы орын алады. Абай феодал дәуірінің ақ жүрек ақсақалдарының ортасынан шығып, бір жақ қолы соның ортасында  болумен қабат жаңа кіре бастаған сауда капиталының жас байларының өсуін де көріп, бір жақ ұшы соларда болуының өзі шындық жырлауына әсер еткен. Ол көрген шындығын бүркеп пернелеуде  (аллегория) бейімделген  жоқ. Пернелеп жазу Абайда аз орын алады. Жалғыз-ақ Крыловтан аударған мысалдары болмаса, жанамалы бүркеп пернелеп жазуы кем. Аздап жазғандары болса, онысын Абай дереу шешіп, байсаңдап кетеді. Абай өлеңдерінде түйдектеу арнау ретінде де келе береді.

Жүрегім, ойбай , соқпа енді,

Бола берме тым күлкі,

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол шикі!

деген өз жүрегіне бұрылып, сөйлесіп, жарлай арнап отыру да бар (риторические обращения). Жарлай арнаудың өзіне бұлай қас етіп алу өзі мен қоғамдық өмірі арасындағы қарым-қатынасына байланысты.

Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге  деймін-ау;

Бүгінгі дос ертең жау,

Мен не қылдым, япырым-ау?!  —

деген сияқты сұрай арнау (риторика) да кездесіп, бір жүрегінің маңынан щықпай айналып жүреді. Бұлай өзінің  өзегімен айналысып тұрып, жекешілдікке салыну өмірден түңілдікке соғады. Атақты  үлгілі  ақын  Пушкин, Лермонтовтар да бар сипат қой.

Абайдың өлеңдерінде арнау-жырлау түрімен келетін жырлар аз емес. Бұл — нағыз адамға тірілей сезім берерлік қас лириканың өзі. Тек өз қара басы түгіл, жансыз нәрсеге де арнап, сонымен сөйлесіп, соған жүрегін ашып, сырын  ақтарып бірлеседі. Сонда Абай жырды түйдектеп төгіп тастап отырады.  Қуандырса, қуандыра біледі.  Жылатса, қайғыландырса, қайғыландыра да біледі.

Абай поэзиясының көрнектеу заңдары (идеологиясы) осы қалыпта.

ДАУЫС ЫРҒАҒЫ ТУРАЛЫ

Дауыс ырғақтары  өлеңінің образдарына қуат беріп, жандандырып отырады. Абайдың кейбір өлең тармағының  бастары ыңғай  бір дыбыспен басталып, дыбыс қуалап отыруы (аллетирация) орын алған. Ақын алған тақырыбын  түсінікті етіп, образды, пернелі түрде беріп, оқығанда ертіп, еліртіп отырады.

Абайдың «Патша Құдай, сыйындым» деген өлеңінде  6 жол  «С» дыбысымен басталып, дыбыс қуалап отырып одан әрі аяқтамай бұзылып қалады.

Самороданы сары алтын

Саудасыз берсең алмайды

Саудыраған жезіне.

Саудырсыз  сары қамқаны

Садаға кеткір сұрайды

Самарқанның бөзіне, —

дегенде бірыңғай «с» дыбысымен  басталған. «Ақылбайға» деген өлеңін де   4 жол «С» дыбысымен басталып барып қалып қояды. «Қайғы шығар ілімнен» деген өлеңінде мұнда да 4 жол «т» дыбысымен басталып барып бәрі де жоғалған. Ең соңғы  «Оспанға» деген өлеңінде 16 жол. Соның бәрі де «ж» дыбысымен басталып аяқтап шығады. Кейбір тармағында жол  бойын қуалап кетіп те отырған.

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан ығылмай,

Жасаулы жаудан  бұрылмай,

Жау жүрек жомарт құбылмай, —

деген сияқты ыңғай «ж»-мен басталып, өлеңнің дауыс ырғағын күшейтіп отырады. Бұған дейінгі жазылған өлеңдерінің ішінде 3-4 тармақтың басы дыбыс қуалап барып жазылып кетпеуі жоғарғы «Оспанға» деген өлеңінің аллетирациясына дейінгі даму жолын қайталай көрсетеді.

Екінші – Абайда дыбыс әр түрлі. Кейде өлеңнің аяғына да ауысып отырады (эпифора). «Тоты құс түсті көбелек» деген өлеңінде 12 жол бойы дыбыс қайталақтап отырып, бірдей тұтас ұйқасып шығады.

Әр кімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек,

Заманға жаман күйлемек,

Заман оны билемек.

Міне, осы сияқты барлығы да «к» дыбысына тынып отырады. Оның бер жағында дыбыс ырғағын күштірек естіртіп тұрған:

«мек»

«мек»

«мек»

«мек»

деген буындар. Онан кейін  бір дыбыс қайталақтау бір ыңғай  басқы жолға ауысып отырған (анафора)

ҚҰЛАҒынАН өтеді.

ҚҰР айҒАй салған әндері.

 

Әрбір дыбыстар өзінің  орнын тауып қайтадан жолдың басына көшкен. Мұндағы  «Л», «Р» екеуі де ымыралы дыбыстар.  Естілгенде соңғы дауысты  дыбыстың  ықпалына еріп бірдей шығып отыр.

Абайда дыбыс қайталақтаудың үшінші түрі бірінші жолдың аяғында келіп, екінші жолдың басында келіп отырады (стык).

«Айналадағы үшеуін таратып БАқ

БАсты байла жолына  малың түгіл».

«ОЙ  көзімен ҚАрасаҢ

ҚойдАН жылқы асыл ма?»

Мұндағы жоғарғы көрсетілген дыбыс қайталауы емес. Бұл — оқуға өте жеңіл келтіретін жұмсақ түрі. Шыр айналып, дөңгеленіп отырады. Дыбыс қайталаудың  бұл түрі өте майда. Жалғыз бұл түрі емес. Дыбыс қайталақтау түрін жіктегенде, бір тармақтың басынан да, аяғынан да  қатарласа келгенін кездестіреміз.

СопЫСЫНсып, ҚАҚ десін ҚАҚты

ЫСЫН ҰмытСЫН.

ҚАҚ.

қақ.

ЫСЫН.

Мұнда 7 дыбыс қайталақтап екі реттен келген. Әрине, бұл өлеңнің айтылуына, ырғағына өте көп жеңілдік беріп отыр. Дыбыс үшін бір тармақта бір үндес дыбыстарды жинаған болмау керек. Сөз ырғағы толқындап, сөз арасының соқпаларын көтеріп, төмен түсірмей, майдалатып, жоғарылатып отырады. Ақын шығармасының сөздегі дыбысын  зерттеуде  бір үлкен саласы — мол дыбыстың естілуі. Ақындар сол естілуі бойынша жазып отырған түрлі жаратылыс құбылыстарының үндеріне, дыбыстарына қарай әріптерінің ішінен дыбыстары сәйкес келгендерін алып еліктеу жазушылық та бар.

Абайдың «Күз» деген өлеңінің дыбыстары жаратылыстың кей бір құбылыстарын келтіріп тұрады. Күздің қоңыр салқын желінің ысқырып, ызыңдағанына, дамыл алмай құбылып тұратындығын, Абайға бір жағынан дыбыс естілуінен көрсетілген. «С» қосымша «З» дыбыста, әсіресе, жоғарғы екеуі  желдің ысқырып, ызыңдап тұрғанын дыбыс еліктеуінен анықтап тұр. Абайдың «Күзді» жазғанда «с»,  «з» дыбыстары келуінің өзі де кездейсоқ емес.

«Күзде» небары 24 жол бар. Сол жолдарда 38 «с», 8 «з» дыбысы бар. Ең ішіндегі асып түскен осы дыбыстар.

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан.

Бұл екі тармақта 6 «с»  бір «з»  дыбыс бар. Бұл дыбыстардың бәрі бір жерге жиналуы сол жазылып  отырған жаратылыс құбылысының  дыбысынан алынған.

Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, -з, з,

Тұман болар жел соқса шаң тозаңы, -с, с, з,

От жақпаған үйінің сұры қашып. –с,

Ыстан қорыққан  қазақтың құрсын заңы – с, з, с, з.

Z (2+1+2) + (2+1- ) S= Z- 5 + S = 10

Мұндайда «ө», «з» дыбыстары тармақтанып, ұшын кең жайып алған. Күздің кейпін көрсетуде оның негізгі сипаты – дауыл, қара суық болса, олардың ысқырған дыбыстарын «с» дыбыстарының естілуімен барып жалғыз  бұл емес, Абайдың басқа өлеңдерінде де бар.

Абайдың «Өзгеге көңлім тоярсың» деген өлеңі өте жабығып, зарланып, тарығып, қысылып жазылған өлең. Күңіреніп, жүрегі толып сарнаған дауысты «н», «м», «ң» дыбыстары берген. Бұл өлеңнің аяғы  бірыңғай  «н»-мен  тынып, сарнап, ыңылдап отырған күйді толық естіртіп отыр.

Жүрегіңмен тыңдамай, — н, м, н, ң, м

Құлағыңмен қармарсың – ң, м, н, м, ң

Соны көріп соларға, — н, —

Қайтып қана сарнарсың?  — н, н, ң

 Ң – 3,  м- 4,  Н- 7-14.

 

Бұл шумақта  12 cөзге 14 дыбыс келуі аз емес. Бұл ақынның сарнаған сарынын, күңіренген күйін, ызың қағып қапаста отырғанын көрсетеді. Сол зарлап жазған Абай дауысты жоғарғы көрсетілген  дыбыстардан  естіліп тұр. Бұл өлеңдегі дыбыстан жинақтап қорытқанда, мынадай болып шығады:

Шумақтар м н ң а қ ж
12345

6

7

8

9

10

11

12

13

13040

3

1

2

4

2

4

1

4

661056

7

9

3

7

5

7

5

4

21110

0

13

4

3

2

2

5

0

6131399

7

ІІі

9

12

9

8

14

10

33424

1

0

1

4

3

1

6

2

02073

0

0

2

1

1

2

0

2

29 80 34 130 40 14

Міне, бұл цифрға қарағанда, «н», «м», «н» үшеуін бір қосқанда, 187 дыбыс болып, бәрінен асып шықты. Барлық жолы 54. Әрбір жолда 2,5 ызың дыбыстан келеді. Бұл жабайы есеп бізге енді толық есеп берді. Абайдың бұл өлеңінен басқа да күңіреніп, сарнаған дауысы осы ымырасыз дыбыстар «Қор болды жаным», тағы басқа өлеңдер арқылы өте көп берген. Бұл дыбыстардың өзінің естілуі сол сарынға жақын. Көбіне соны естіріп отырады. Міне, Абайдың дыбыс ырғағы, естілуі осы іретте.

Енді біз азғантай поэзиясының түс бойына тоқталып өтейік.

Поэзияда айқын, жарық, сұрғылт, қоңыр түс  бояуы болуы мүмкін.

Жарық бояу түс пен кең дауысты дыбыс «о», «а»- мен бірге  қосылып кетіп «қ» түсті беруі заңды нәрсе.

Абайдың «Қыс» деген өлеңінде ақ қардың түсін анық  көрсетіп береді.

Ақ киімді денелі ақ сақалды – а, а, а.

Соқыр-мылқау танымас тірі жанды – о, а, а, а, а

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық – а, а, а, а

Басқан жері сықырлап келіп қалды – а, а, а, а.

 

Бұл жол өлеңде 15 «а», 1 «о» дыбысы бар. Бұлардың бәрі де сол қыстың ақ түсін бояуын көрсетуге жұмсалған, лайықтап қорытылған дыбыстар. Бұл өлеңнің бәрі де кең дыбыстармен басталып, кең дыбыстармен аяқталған.

Абайдың қазақ дауысын тексергенде мысалға алған «Өзгеге көңілім тоярсың» деген өлеңінің  түс бояуы қоңырланып  тұр. «Н», «м» ымырасыз дыбыстар зардың күңіренген, сарынның үнін берумен қатар қоңыр түс беріп, түнеріңкіреп тұр. Ол, әрине, Абайдың идеясына бағынған дыбыс, түс, образдар. Оларды Абай идеясынан  айырып алуға  ешқашан да болмайды.

Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген өлеңі өз алдына  түс бояу беріп тұр.

Адам біреуді жек көргенде де бет құбылысқа өз алдына жыбыр пайда болады. Беттің сала –салалары  тырысып, тартылып, ерні жыбырлап өзгеше дыбыс шығарады. Сол еріндік қатаң дыбыстар  сезімге нысана беріп, жек көрініштік ызаланған күйде түс бояуын туғызуы мүмкін. Мысалы «с» дыбысы ысқырық үндерін ыза, жек көруінің түстерін көрсетуі заңды нәрсе.

Сабырсыз, арсыз, еріншек, = 3с

Көрсе қызар, жалмауыз, = 1 с

Сорлы қазақ сол үшін, — 2c

Алты бақан, ала ауыз.

Міне, мұнда  5 «c»  бар. Бәрі де сұрғылт тартып, көгелдірленіп, беті ашылып, айқындалмай, ыза кернеп тұрған түсті беріп тұр. «С» пенен ысқырып, жек көріп, ақын баяғы қапасында жүр.

Абай – ірі жыршыл, лирик ақын. Абайдың лирикасы тасыған бұлақтай сырғып, оқығанда сылдырлап еліктіріп, ертіп, тартып, желпілдетіп отырады. Өлеңнің кестесі тармақтанып, жайылмай жұмырланып, дөңгеленіп отырады. Ірі кестелі лирика болуға барлық салаларын өзінің идеясына бағындырған. Негізгі нысанасынан асып кете алмайды.

Абай өз дәуірінен алынған мазмұннан түр туғызып отырды. Түр туғызып, түр жасауда Абай үлкен  шеберлігін көрсетеді. Сонымен  қатар, Абайдың түрін еліктеп, ойламай, үстірт қолдана қоюға болмайды.

Абай түрін қорытып, қайта жасап, жазуды өнерге лайықтап пайдалану керек. Ахмет Абайдың «Сегіз аяқ» түрін алғанда, өзінің ұлтшылдық  тілегіне, оның сары уайым сары күйіне бағындырып пайдаланды. «Жыйған-тергенінде» сол сарынға Абайдың ізін алып, өзінің идеясын берді. Әрине, Ахмет өзінің таптық тілегіне икемдеп  пайдаланды.

Бізде Абайдың түрін қолданушылық бар, бірақ теріс қолданған. Сол дәуірдің мазмұнынан  шыққан түрді әкеліп үстірт ала салып, жаңа мазмұнды  жапсыра салуға бола ма? Жоқ.

Қазіргі қазақ ақындарының ірі мәстір жазушымыз Бейімбет «Сегіз аяқтың» өлшеуін алып, «Жаңартты қазір жырды ауыл» деген өлең  жазды (1929-жыл).

«Сегіз аяқ» — Абайдың жүрегінен шыққан ызалы, қайғылы күй. Ол күй белгілі бір қоғамдық мән беретіндігін, ол күй  сол қоғам  ортасының жемісі  екендігін көреміз.

Жаяуы қаптты,

Аттысы шапты,

Қайрылып сөзді кім ұқсын?

Іште  дерт  қалың,

Ауыздан жалын

Бырт етіп көзден  жас шықсын.

Күйдірген соң шыдамай,

Қояды ма екен жылатпай?!

Өлеңнің барлық кестесі, өлшеуі, ырғақ күйі сол күйікшілдік идеясына бағынған. Бейімбеттің  коллектив тақырыбына, жаңа өмірді құттықтап, қуанышпен қарсы алған күйі «Сегіз аяқтың» сарынды, қайғылы  күй-ырғақты  кестесімен жазылуға тиіс пе еді? Жоқ, тиіс емес еді! Бұл жаңа күйге салынған соң, қуанышты күй емес, не жылаған сарын емес. Абайдың ойып кеткен оюына Бейімбеттің  апарып тіге салған кестесі болып шықты.

Зауыт бұр-бұрқ,

Мәшіне зырқ-зырқ

Көсемі күшті жұмыскер.

Ескі өмір кезіп,

Жаңалық озып

Істеліп жатыр ұлы істер.

Жаңа өмірді құрды ол,

Жаңарды жер-жерде ауыл.

Міне, жаңа  өмірдің, жаңа істің толқынын суреттейтін жаңа жыр Абайдың  ескі оюына оранып, тығылып, жан таласып, шыға алмай тұр. Оюы мөлшеріне тар келген. Мазмұн босаңғысы келіп лықылдап, шырмалып шыға алмай тұр. Түр мен мазмұн екі айырылып, қабыспай тұр. Бейімбет үстірт, қалай-болса солай қолдана салған. Әрбір түрдің  өзінің мазмұны бар. Әрбір мазмұнның  өзіне сәйкес түрі бар екенін түсінбеген. «Сегіз аяқтың» өрнегі, құрылысы өте бай және шебер келген. Абайдың өлең түрін  қорытып,  қайта жасап қана пайдалану керек.

Оның түрді-түрдің кестелерін, образдарын өзінің идеясына бағындырып, алған тақырыбын өрнектеп беретіндігінен үйрену керек. Өлеңнің ырғағы, сөз екпіндері, сыртқы құрылысы мағынасыз, қалай болса солай қолдана салатын нәрсе емес. Онда да мағына, онда да идея, пікір бар.

Абая сияқты  классик-мастер, шебер, шешен, ұста ақындар өз дәуірін қалай суреттеді, қалай көрсетті, соны көрсетуде тілді қалай жұмсады, қалай пайдаланды – міне, осы шеберлік жағынан  үйреніп дәуірімізді, отанымызды осылай суреттей білу керек. Әрине, Абайда кемшілік жоқ емес, төрт аяғын тең басқан ақын деуге болмайды. Әрбір көркемділік, жақсылықтың  өзінің кемшілігі болады. Кемшіліксіз болмақ емес. Абайдың негізгі  бір кемшілігі  көп өлеңінің  ырғағы әнге келмейді. Жорғаламайды. Кейде сүрініп қалып отырады. Сүрінгенде тармақ, буындары бірінен-бірі асып, жалпы ырғақтың кестесін бұзбайды, бунақ арасындағы буындары ауысып, жолдың соқпа-соқпа арасын ушықтырып отырады.

Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы,

Ол — ақынның білімсіз бейшарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз тыңдамас бір парасы.

Мұнда сыдыртып оқып келгеніңде, бір жерінде кідіріп қана қаласың. Әнге салып, даусыңды шығарып, ызыңдап оқысаң, 4-тармақтың аяғында тұтығып, өз денеңді өзің жұтып қаласың. 1-бунақтары 4 буыннан, 2- бунақтары 3 буыннан, 4- бунақтары 4 буыннан келеді де ең ақырғы 4 –жолда бірінші бунақ 3 буын, екінші бунақ 4 буын болып ауысып келеді. Сөздің соқпалары бұзылып, ырғақты бұзып жіберген.

«Сөз тыңдамас бұ жұрттың бір парасы» десе, еш бір тұтықпасы жоқ. Майдаланып кетеді. Міне, Абайда осы жағынан кемшілік бар. Біздің соңғы жас ақындардың өлеңінің көбі әнге келмейтіні сол, ырғақ кестесі бұзылып, бунақтың буындары ауысып кеткені. Біздің қазақ өлеңдерінің ырғақ — кесте негізі — метрлік өлшеу. Метрлік өлшеудің түпкі қазығы – әндетіп айтуда. Біздің бұрынғы жырлау, ақындардың шығарған өлеңдерінің бәрі әндетіп, әнге салынып жүрді. Оның бәрі біздің қазақ өлеңінің  негізгі метрлік өлшеу екендігін дәлелдейді. Олай болса біз ол негізді әлі бұзғамыз жоқ. Әзірше сол негізбен келеміз.

Екінші – Абай өлең жазғанда көп түзетпей, қалай боса солай жазып тастай берген. Кейбір өлеңдері тіптен аяқталмай басталып қалып қойған. Міне, осы жағын ескеру керек. Біздің жас ақындар өлеңге салақ қарамай, көп еңбек еткен жағынан үйрену керек.

Үшінші – Абайдың өлеңдерінің ішінде жалаң, құрғақ суреті жоқ үгіттер де кездеседі. Нағыз суретті, лирикалы өлеңдеріндей дамып отырып шықпайды. Жалаң, құрғақ-үгіт түрінде келеді.

Міне, Абайдың негізгі кемшілігі — осылар.

Абай – қазақ поэзиясының атасы. Шебер, шешен, ұста, классик ақын. Оның түрінен үйрену керек. Оның поэзиясының барлық түрін зерттеу керек. Бетін ашып, көпшілік алдына тарту керек.

Әдебиет майданы. – 1934. — № 11-12. — 97-115 б.

Қазіргі қаріпке түсіріп,

«Абай институтының хабаршысына»

дайындағандар:

Ж.Мамбетов, Б.Қалабаева

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники