Ә. Тарақов. ГЕТЕ – ЛЕРМОНТОВ – АБАЙ: ОЙ МЕН СЕЗІМ ҮНДЕСТІГІ
Гетенің «Ночная песнь странника» – «Жолаушының түнгі жыры» 1780 жылы 7 қыркүйекте түнде Ильменау маңайындағы Кихельхан тауының басындағы ағаш үй қабырғасына қарындашпен жазылған.
М.Лермонтов аудармасымен:
Горные вершины,
Спят во тьме ночной.
Тихие долины,
Полны свежей мысли.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы.
Подожди немного,
Отдохнешь и ты. –
деген поэтикалық көркем жолдармен берілген лирикада түнгі тыныштықтағы тамаша табиғат мезеті философиямен астастырылған. Сұлу да сырлы, ой-сезіммен үндескен ғажайып лирика. Гетенің сегіз жолдық кішкене жауһарында «бар табиғат, күллі әлем сыйып тұр» – деп бағалайды Гете шығармашылығын зерттеуші А.Аникст. Абай аудармасы төл туындыдай көңілде жатталып, шымырлап бойға енді. Абай әні болып тәтті әуеніне жан-жүректі ұйытты.
Қараңғы түнге тау қалғып,
Шаң шығармас жол дағы,
Ұйқыға кетер балбырап,
Сыбдырламас жапырақ.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып
Тыншығарсың сен дағы,
Түн басады салбырап
Сабыр қылсаң азырақ.
1890 жылы Абай Лермонтов поэзиясын құштарлықпен аударды. Тамаша тәржімаланған туындылар шоғырында «Қараңғы түнде тау қалғып» атты философиялық лирика да әсем әуезімен көңілді баурап, жүректі әлдилеп әкетті. Абай Гете өлеңінің поэтикалық ырғағын, сөзін, әдемі әуезін, ішкі ойының терең мәнін көңіл көрегендігімен дәл жеткізе білді. Гете ақын, ойшыл ғана емес, суретші, ал Абай болса та-лантына ақын, философ, композитор.
Гете табиғатты сан түрлі бояулармен,
кескіндеумен бірге, сол сезімді жүрек сәу-лесімен нұрландырып, керемет жырға айналдырса, Абай сонау алыс елдегі классик ақынның бір ғасыр бұрын жазылған лири-касынан рухани нәр, тамаша әсер алып, поэзиясындағы рухты жүрек лүпілін, көңіл тебіренісін қазақ оқырмандарының көкейіне шуақтандырды. Сыршыл сезімнен туған сұлу әуезді өлеңнің ырғақ-интонациясына, фило-софиялық ой әлеміне бойлап ұлттық поэзия-мызға әдемі үйлестірді.
Гете поэзия туралы пайымдауында: «Әлем қаншалықты ұлы және бай, өмір қаншалықты көп қырлы. Менің өлеңдерімнің бәрі жағдайдан туған. Олар шындықтан шабыт алған, соған негізделген, соған құштарланған» – депті.
Лермонтов аудармасын біреулер еркін аударма, екінші біреулер Гете поэзиясына еліктеу түрінде жазылған десе де, Б.Эйханбаум мен В.Брюсов тура аударма деген ой айтады. Әрине, бұл ешқандай еліктеу де, бейімдеу де емес. Гете лирикасының ақындық құштар-лықпен, шабытпен аударылған орысша нұсқасы. Қаншама аудармашы қайта аударуға талпын-ғанымен, М.Ю.Лермонтовтан аса алмаған. Ал, Абай болса, Лермонтовтан асып түсті. Лермонтовтың сурет салғаны, музыкаға құштар-лығы жырдың ойы мен тілін әуезділікке жеткі-зуге мүмкіндік берсе, Абай көркем тілмен сурет салып, әдемі әуезбен мәңгілік әнге айналдырды. Талант кереметтілігі осында!
М.Құрмановтың немісшеден жасаған өлеңнің жолма-жол аудармасы:
Барлық шыңдардың басында
Тыныштық
Ағаштардың басында
Болар болмас
Леп байқалады,
Ормандағы құстардың үні өшкен
Тек сабыр ет, сәлден кейін
Сен де тыншығарсың.
«Зер салып үңіле қараған адам тіпті неміс
тілін білмегеннің өзінде жырдың байсалдылығы мен жатықтығын әсем де көркем әуезін сезіне алады» – аудармашы дейді. Өлеңнің қалай туғаны туралы Гетенің жолсерігінің пікірі тебіреністі сезімге толы: «Ол бөлмеге енді де: Мен баяғыда қылшылдаған жас кезімде, осында болған едім. Қабырғасына қарындашпен өлең жазған болатынмын. Сол өлең өшпесе, сақталса игі еді. Жазылған уақытына қарап бір оқысам – деді. Өлең қаз-қалпында сақталған екен. Тебірене оқып шықты. Екі бетін ыстық жас жуып кетті.
Бір кезде дірілдеген дауыспен: Иә! Тыншығарсың сен-дағы, сабыр етсең азырақ! – деді де біраз үнсіз қалды».
Жалпы ұлы ақындардың дүниетанымы, өмірге көзқарасы ұқсас болады. Мысалы, американың ұлы ақыны У.Уитменде «Ты отдохнешь в могильной тишини» деген жол бар: Әдетте, Уитмен Гетеден алмағаны белгілі. Бірақ ақындық қиял, тебірену, ойлау жүйесінде кейде осындай үйлесімділік ұшырасады. Бұл – табиғи заңдылық.
Үш тілді керемет меңгерген, аудармашы әрі аударма зерттеуші Г.Бельгер Гете өлеңінің неміс тіліндегі түпнұсқасымен қоса оның жолма-жол аудармасын да берген.
«Жолаушының түнгі жыры» Лермонтовты өзінің ғажайыптылығымен қалай тамсантса, Абайды да таңдандырған. Лирика қазақ даласын шарлап кеткен аударманың озық үлгісі.
Лириканың алғашқы нұсқасы Гетенің 27 жасында жазылған. Екінші өлең 4 жылдан кейін дүниеге келді. Гете өзінің жастық шағымен қоштасып, махаббат сезімі шарпыған жалынды жылдарын артта қалдырады. Ғашықтың дер-тінен жапа шеккен ақынның қаяу көңілі достарынан да қол үздіреді. Жалғыздықты сезінген Гете енді жанына тыныштық тіледі. Аруларға деген сүйіспеншілігінен жан дүние-сіне жара салған көңілі қаяу еді. Жабырқау жүзіне Тәңірден медет іздеді. Жанын жұбан-дырар жыр ғана. Сол жыр жан тыныштығын іздеген ақын сырын сыртқа, жұртқа жайды. Клауэрдің Гетенің дәл осы шағындағы салған мүсіні отыз жасар ақынның әбден шаршап, қалжырап, жабығып, беттері әжімделіп, уайым мен мұң басқан келбет-кескінін бейнелеген. «Қапырық күннен кейінгі түннің қандай тыныш, жанға жайлы сезімі Гетенің осынау шағын пьесасында еседі. Біздің ақындарымыз соны керемет жеткізген» — деп В.Б.Белинскийде терең пайымдаған.
Сонау б.д.д. 340-278 жылдары өмір сүрген Қытай классигі Цюй Юанның «Горному духу»
(«Тау рухы») өлеңін алып қарайық. Қытай
тілінен аударған Г.Днепрова.
Как одиноко.
Стою я на вершине горной!
Вниз уплывают облако,
Кружась, клубятся,
Все глубже сумерки,
Ночная тьма сменяет день
Восточный ветер поднимается,
И боги посылают дождь.
Останься, милый,
Меня печаль томит.
К закату годы клоняется,
О кто же меня заставит зацсвести?!
Гете лирикасымен салыстырып көрсеңіз, жыр мазмұны мен ақындардың сезімі, ойы, мұңы ұқсас. Цюй жалғыздықтан жапа шеккен шағында сүйіктісінің қасында болуын аңсап, тілсіз табиғатпен сырласып мұңдасса, Гете сүйкімді аруынан айырылып, ұлының қолында тұрмақ болғанда, тәкаппар келін бұл тілегін қабылдамай, жанын жаралайды. Ақын тау басына шығып, биіктен айналаға қарап отырып, тыныш, тынық табиғатта өзімен-өзі іштей сырласқан. Әрине, Гете қытай классигі лирикасын оқымаған, білмеген. Демек, өзені күркіреп, орман-тоғайы сыңсыған тау табиғаты ақындарды ғажап көркімен ғана тамсан-дырмаған, оларға әр сәтімен ой салған, толған-дырған, тебіренткен.
Өткен дәуірде өмір сүрген тағы бір қытай ақыны Фань Чжун-минь «Өткен туралы естелік!» атты өлеңінде күннің батып, ымырт түсуіне қатысты көңіл-күйін:
Лучи подстали
По горной вершине.
Вот спряталось солнце,
С ним радость ушла.
Сливается небо,
С водой темно-синей.
Тоско одиночества,
Нету печальней, –
деп сипаттаған. Байқап қарасақ, ақындардың жалғыздықты, жанын мазалаған уайым-мұңды тек тау табиғатымен бөлісетін тәрізді. Өзенге қарап ой тұнытып, шыңға қарап қиял шарықтатып, батқан күн сәулесіне көз тігіп, көңіл босататындай көрінеді. Ақынның жан дүниесіндегі мазасыздық, өмірдің өткінші мезеттерінің қайталанбастығы әр батқан күн, түскен қараңғылықпен күшейе түсетіндей. Жабырқаған ақын жаны бір сәт табиғаттың әр көрнісімен, әр сәтімен сырласып, сұхбаттасып, дауа, шипасын тапса керек.
«Негізінен алғанда, Гете де – Лермонтов
пен Абайда тұтасымен – жалпы тыныштық күйі,
тыным рухы интонация, ырғақ, әуез құбылысымен ғана емес, семантикалық аясында шу, дабыр, дыбыс мағынасы жоқ үнсіз сөздермен де … түнгі тыныштық дүниесі «дыбыссыз» бейнелермен берілген» деп пайым-дай келе, белгілі сыншы, ғалым Тұрсынжан Шапай «Шын жүрек бір жүрек» зерттеуінде Лермонтовтың түні мен тыныштығы бояуы әбден кепкен полотнодай біржола орнығып, тұрлау тапқан көрініс. Өлеңде бейнеленген табиғат тынымын өзекті пенденің әйтеуір бір өлетін ақиқатына меңзеу деп жорисың. Лермонтовтағы «отдохнешь» пен Абайдағы «тыншығарсында» сол бейнелі бір терең трагизм жатқандай, – деп қорытындылайды.
В.Брюсов, И.Анненский, Ю.Александров аудармаларын салыстыра сараласақ, ақындар-дың философиялық түйінді өз түсінігімен жеткізгенін пайымдаймыз.
В.Брюсов:Подожди только: скоро, Уснешь и ты.
И.Анненский: О, подожди! Мгновенье Тишь и тебя … возьмет
Ю.Александров: К отдохновенью Все ближе ты.
«Аудармаларды идеальдық дәлдік, сәйкестік жоқ. Мгновенье –Тишь и тебя Гете өлеңінің философиялық ойын жеткізе алмайды. Ал Лермонтов Гетеден «тек қана» тақырыпты, идеяны, миниатюра негізін алған да, өзінің көңіл көкжиегінен ақындық рухты жеткізуге ұмтылған. Ақындар бір-бірін нәзік, сезімталдықпен түсінген!» деп тамсанады Бельгер. Алғашқы шумақта Лермонтов «вершины спят» деп бір ғана етістік қолданса, Абайда «кетерден» басқа, «наступает» — «түн басады» етістігінің қосарлана берілуі аударманы әрлендірген. Сол сияқты етістік формалы қалғып, дел-сал ғып, балбырап көсемшелері толықтырып тұр. Етістік пен етістік формаларының мұндай әр алуандығы әрі молдығымен Абай түннің қозғалысын, жақын-дауын, қараңғылық басып келе жатқанын суреттеу де қолданған. Баяу, жайлап төніп келе жатқан түн Абайға жанды тіршілік көзіне айналған Гете мен Лермонтовтан мұны түнгі сурет сипатында сезінесің, ал Абайда басқаша.
«Өлеңнің ішкі композициялық құры-лымында теңдестірілген табиғат пен адам атымен өзінің онтологиялық мағынасында тең емес. Табиғаттың мәңгілігінің жанында адам өмірі – қас-қағым ғана. Мәңгілікпен шендес-тірілген қас-қағым жоққа тән. Осының бәрі өлең интонациясымен, дыбыстың бейне, әуендермен тұтасып, поэтикалық суггестия (көркемдік әртүрлі тәсілдермен мәтіннен тыс астыртын мағыналарды сездіру, меңзеу) тудырған. Абайда бұл «тыншығарсың» етісті-гімен тіпті күшейе түскен» деген Т.Шапайдың дәлелдеуі Абай аудармасының түпнұсқасымен үндестігін, сәйкестігін анық байқатады. Ең бастысы Абай Гете лирикасының мағынасын, ойын терең түсіне келіп, жыр ырғағын, интонациясын, әуезін аударма бойына сіңірген. Егер М.Лермонтов аудармасына 90 композитор ән жазса, соның ең басында Абай талассыз тұрады.
Ақын, шебер аудармашы Заболоцкий «Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғып» жыры Гете нұсқасынан озық. Бұл ешқашан ережеге сыймас ерекше жағдай» деген екен кезінде. Абай аудармасындағы Гете өлеңі тіпті түпнұсқадан да асып түскен. Аудармашы мөлдіреген лириканың тұнып тұрған сырын сезім сұлулығымен астастырып жіберген. Екінші жағынан ұлттық өлең өлшеміне түсіріп, өзіндік өрнегін берген ырғағын айшықтап, әуезді әнге айналдырған. Ол осынау тың бейне-леу, ой тереңдігімен, сараланған сөзбен салын-ған суретті ғажайып лирикадан Б.Пастернак түпнұсқасына қарағанда М.Лермонтов аудармасынан ерекше ләззат алғанын айтса, М.Әуезов Абай аудармасына айрықша құмартқан, қызыққан. Талантты аудармашы әрі зерттеуші Абай аудармасын саралап, талдап, «Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың шығармашылық жұмысының зор маңызы болды» — деп қорытындылайды.
Абай аудармасы Лермонтов мәтініне соншалықты жақындағанымен, Лермонтовтың образды өзіндік тұжырымдауымен ұтымды. «Түнді Лермонтовша суреттей келіп, ол «қазақ түнін, қазақ даласының түнін» поэзиясында көр-ді де сезінді», — деп Г.Бельгер тұжырымдайды.
Гетенің керемет көркем лирикасын «Таулы шыңдар» деген тақырыппен М.Әлімбаев та аударған:
Мақпалдай қара түндерде,
Маужырап таулар мүлгиді.
Тым-тырыс, бей-жай қыр-белде
Қоңыржай мұнар сырғиды.
Бұрқ етпес шаң да жолдағы,
Желпінбес жасыл шалғында.
Аялдай тұрсаң болғаны.
Тыныстар күнің алдыңда.
Әрине, М.Әлімбаев неміс тіліндегі түпнұсқадан емес, Лермонтов мәтінінен тәржімалаған. Нәтижесінде Лермонтовтың қосымша өлеңі болып шыққан. Ал Абай аудармасындағы «Таулы шыңдар» гетелік түпнұсқаға рухани жақын. Лирикадағы ырғақ, интонация, ақындық ой-сезімді терең сезіліп жеткізді.
Бұл–классикалық аударма үлгісі.