Қара сөздері
Отыз бірінші сөз
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану[1] керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек: төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе — күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер. Толығырақ »
Отыз екінші сөз
Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек. Оларды білмей, іздегенмен табылмас.
Әуелі — білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесіне де керек болар еді деп іздемеске керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең, һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил[1] болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады. Толығырақ »
Отыз үшінші сөз
Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтың кеселдері болады.
Әуел — бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады. Толығырақ »
Отыз төртінші сөз
Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп, бәріне — сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін. Олар сендім десе де, анық ақиқат көзі жетіп, ден қойып, ұйып сенбейді. Ол екеуіне анық сенген кісі уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егер де осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз. Толығырақ »
Отыз бесінші сөз
Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттерді қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат-хұрмет алмақ үшін, қажы болмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді. Толығырақ »
Отыз алтыншы сөз
Пайғамбарымыз салалаһу ғалайһи уәселәмнің[1] хадис шарифінде[2] айтыпты: Мән лә хаяһүн уә лә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді, ұят, өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда, білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар — надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді жақсы адамның алдында жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған ұялу — ақымақтық, жамандық. Толығырақ »
Отыз жетінші сөз
1. Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
2. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
3. Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.
4. Кісіге біліміне қарай болыстық қыл: татымсызға қылған болыстық адамды бұзады. Толығырақ »
Отыз сегізінші сөз
Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар[1] қалдырайын. Ықылас-бірлән оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады. Махаббат — әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән. Мұның табылмақтығына себептер — әуелі һауас сәлим[2] һәм тән саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат[3] дәфғы мұзарратларны[4] айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Аның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады — ешбір бәһра[5] болмайды. Толығырақ »
Отыз тоғызыншы сөз
Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. Толығырақ »
Қырқыншы сөз
Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар.
Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?
Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай? Толығырақ »