Апрель 2016
Ақселеу Сейдімбеков. АБАЙ ЖӘНЕ РЕНЕССАНС
Абай өз айналасындағы адамдарға, өзі өмір сүрген қоғамға, өзі ғұмыр кешкен заманға сын көзімен қарап, кемшіліктерін тап басып көрсете білді деп келетін бір пара ой сілемі бар. Мұндай ойдың жосығына Абай туралы сөз қозғағандардың соқпай өткені кемде-кем. Рас бұл сияқты ой-тұжырым басы ашық ақиқат болғандықтан, ешқандай күдік-күмән тудырмайды. Өйткені, Абайдың сыншылlық зердесін танытатын бұлтартпас айғақты оның өлеңдері мен қара сөздерінің кез келген орамынан кезіктіруге болады. Гәп басқада. Абай көрген, Абай сынаған еріншектік, бекер мал шашқыш дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірік-өсекке әуестік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік, т.б. сияқты сорақылықтар қазақ сүйегіне біткен биогенетикалық қасиет пе, жоқ әлде қоғам мен заман болмысынан жұғысты болған нәубет пе?! Міне, тарихи шындық үшін де, ғылыми ақаиқат үшін де, әсіресе, Абайдың сыни зердесін шыншыл қалпында тану үшін де айрықша мәні бар мәселе осы болса керек. Себебі, Абайдың сыни зердесін сөз еткенде, әрісі «қу заманға» топырақ шашып, берісі «жабайы қазақты» күстаналап, сонан соң Абайды заманынан да, қоғамынан да, ұлтынан да асып туған дана еді деп қайыра салу — оңайдың оңайы. Алайда, мәселенің түйіні Абай сынап отырған жағымсыз құбылыстардың тарихи-әлеуметтік сыр-себебін тап басып саралай білуде жатыр. Әрі-беріден соң, Абайдың «кемшілікті» көруі, жеткізе сынауы бүгінгі оқырманды таң қалдырмауға тиіс. Мәселенің мәні сол «кемшіліктердің» тарихи-әлеуметтік сыр-себебін Абай танып білді ме?! Білсе, қай деңгейде танып білді? Және ол білгенін қаншалықты ашық айта алды деген ойдың өрісін абайтанудың жаңа кезеңіне көтеретін мезгіл жеткен сияқты. Толығырақ »