18-Февраль, 2021
Құрметті оқырман!!!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында дайындалған «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының L томы жарық көрді.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық сериялық басылымының елуінші томы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» атты мақалаларымен ашылған. Қазіргі филология ғылымдары саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан белгілі, көрнекті ғалымдардың Абай жылында жазылған және дайындалған зерттеулерінің таңдамалылары топтастырылды.
Кітап орта мектептің жоғары сынып оқушыларына, студенттер мен магистранттарға, докторанттарға, қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларында ізденушілерге, мұғалімдер мен оқытушыларға, ғылыми қызметкерлерге, сондай-ақ көпшілікке арналған.
Құрметті оқырман!!!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында дайындалған «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының ХLVII томы жарық көрді.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының қырық жетінші томында А.Қасымның «Абaй және парсы әдебиеті» еңбегі берілді. Зерттеуде Абай мен классикалық парсы әдебиеті ақындарының шығармалары тақырып үндестіктері, идея, композиция, сюжет, бейнелілік ерекшеліктері тұрғысынан қарастырылып, Абай мен парсы ақындарының лирикалық өлеңдеріндегі табиғат, философиялық-дидактикалық, адамгершілік-имандылық және ғашықтық тақырыптағы жырларының үндестіктері мен өзгешеліктері сараланды. Абайдың «Ескендір» поэмасы парсы тіліндегі нұсқалармен, «Әзім әңгімесі» мен «Масғұт» поэмалары фольклорлық туынды – «Мың бір түн» негізінде салыстырыла талданып, олардың сюжеттік ұқсастықтары мен өзгешеліктері, кейіпкерлерді бейнелеудегі ерекшеліктері жүйеленді.
Кітап зерттеушілерге, әсіресе әдебиеттанушыларға, шығыстанушыларға, фольклортанушыларға, студенттер мен магистранттарға, Абай шығармашылығы мен парсы әдебиетіне қызығатын көпшілік оқырманға арналған.